Біздің Ғалия – «Өкірештің» жиені

0
44

«Өнер» атты асау тұлпардың шылбырынан мықтап ұстаған жерлесіміз Ғалия Әмірхамзақызы Темірбаева — Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының директоры әрі артисі, «Жас түлек» жастар студенттік театрының жетекшісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы». Отбасындааяулы ана, асыл жар, театрда өнер майталманы, ұлағатты ұстаз атанған Ғалия Әмірхамзақызымен жүздесіп, әңгімелесудің сәті түсті.

Онжас ауылының өнер жұлдызы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртісі Гүлжамал Қазақбаева апайымыздың соңынан ерген іні-сіңлілерінің бірі — Ғалия Темірбаева. Ол 1959 жылы Сарыөзек стансасында, бұрынғы Жетінші көшеде, Әмірхамза Оспанов пен Әсия Байназарқызының отбасында дүниеге келді. Әкесі теміржолда, түтіні будақтаған темір тұлпардың тізгінін ұстап, отбасындағы тоғыз баланы киіндіру, ішіндіру, оқыту қамымен жүрсе, анасы үй шаруасын дөңгелетіп, отағасының тапқан табысын ұқсатып, балаларына аналық мейірімін төкті. Әсияның әкесі – Байназар Телеубаев Шоқан ұжымшарының төрағасы болған. Ал, «Қымызхананың» Өкіреші – Рахметбай Телеубаев — Әсияның туған інісі. Әмірхамзаның әкесі Киізбай Оспанов 1941-1943 жылдар аралығында Сталинград түбіндегі шайқаста пулеметші болып, сол жерде ерлікпен қаза тапты.

***

Ғалия апай бір сәт сонау балалық шағына оралып, көздері бал-бұл жанып, тәтті бір сезіммен мектеп қабырғасындағы қызықты шаққа саяхат жасады.

— Мен Алтынемел ауылында үлкен ағам Хаби мен жеңгем Сәуле Оспановтардың қолында тұрып, бірінші орыс сыныбына бардым. Мектеп директоры Голушев деген ұстаз-тұғын. Менің тағы бір жеңгем – Сағи деген ағамның әйелі Сара Жексенбайқызы бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Кіші сыныптарда бізге сабақ берген Әбілхан Асқарұлы Байноғаев деген ағай ән айтуға баулыды. Ол кісіні барлығы «Алешка» деп атайтын. Әбілхан ағайымыз баянда ойнайды, мен және менің тай құлындай тебісіп, бірге өскен құрбым — Тұрсынхан Әлибекова екеуіміз ән айтамыз. Төртінші сыныпта сол кездегі фермаларға, қазіргі Байғазы, Тастыбастау, Қызыл мектеп, Қарлығаш деген ауылдарға барып, концерт қоямыз. Сонда ән-күй пәнінің мұғалімі, ағайымыз көрермендерге: «Қазір Ғалия қызымыз сіздерге «итальянша» ән айтып береді, тыңдаңыздар» дейді. Мен бірінші сыныптан бастап кез келген сөзді керісінше жылдам аударатынмын. Мысалы, «Жаз күніндей назың қайда, неге жаным, мұңайдың?» деген ән жолдарын былай: «Заж йеднінүк ңызан адйақ, еген мынаж ңыдйаңұм» деп, аударма әнімді айтып беремін. Отырғандар қол шапалақтап, аң-таң болады,-деп риясыз күліп алды.

Ол Алтынемелде 8-сыныпқа дейін оқыды. Әкесі Әмірхамзаның жұмысы Малайсары стансасына ауысқандықтан, Ғалия  Жоламан орта мектебінде 9-10 сыныпты өзге оқушылармен бірге автобуспен қатынап оқыды. Аталмыш мектепте математика пәнінің мұғалімі Тұрсынай Байасылқызының және орыс тілі пәнінің мұғалімі Мария Романовнаның сабақтарын сүйіп оқып, 1976 жылы орта мектепті жақсы деген бағамен тәмамдады. «Үйдің жақсысы — ағашынан, жиеннің жақсысы —  нағашыдан» дегендей, нағашы ағасы Рахметбай Телеубаевқа ұқсағаны Ғалия болды. Сахнаны бала кезінен аңсаған арманы биік ақ ару М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы театр студиясына оқуға түсті. Онда ол Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Торғын Тасыбекова сынды өнер саңлақтарынан дәріс алды.

Сол кездегі Талдықорған театрына, қазіргі Б.Римова атындағы театрға іс-тәжірибеден өтуге келген бойжеткен сол өнер шаңырағында алғашқы еңбек жолын бастады. Ең алғаш «Опасыздың ойраны» атты спектакльде Айгүлдің ролін, одан кейін «Ақын Сара» спектаклінде Сараның анасының ролін сомдады. Ол кезде Ғалия небәрі жиырма жаста еді. Жас актриса «Аюбайдың ажалы», «Екі қожаға бір қызметші» спектакльдерінде ойнап, тіл жүйріктігінің арқасында шеберлігі шыңдала түсті.

Ғалия Әмірхамзақызы одан бері де өзіне бұйырған рольдерді сомдап, көрермендерінің көзайымы болып келеді. «Бір түп алма ағашында» бүкіл ғұмырын перзенттерінің бақытына арнап, жарымжан ұлымен жалғыз қалған ананың, «Ғашықсыз ғасырда» күйеуінің жалған жүрісіне алданған  асыл жардың, «Гүл — нәрда» Гүлдің, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Баянның анасының рольдерін сомдады. Сондай-ақ, негізгі рольдері — К.Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші» — Глоричи, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» — Гауһар, А.Кенжебекованың «Абай туралы аңыз» — Қаныкей, Т.Есімжановтың «Жолда қалған жолаушы» — Ұлтуар, С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» — Айгүл, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» — Биғайша, У.Шекспирдің «Король Лир» — Регина, Л.Егембердиеваның «Қалталы күйеу, қайдасың?» — Анар, А.Томаның «Әйел сегіз – ол жалғыз» — Әже, Н.Гогольдің «Үйлену» спектаклінде Фекла Ивановнаның рольдерін сәтті ойнап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленуде.

Ол тек актриса ғана емес, сонымен қатар, он бес жылға жуық жастарды сахна өнеріне баулып келе жатқан ұлағатты ұстаз да. «Жас түлек» жастар студенттік театрына колледждер мен университеттің талантты жастарын таңдап алып, олардың бойындағы бар өнерін сарқып, сахна төріне шығаруда. Жүздеген жас оның бойындағы асыл қасиетімен сусындап,  өмірде түзу жолын таба білді десек артық айтпағанымыз.

Облыстық «Жетісу» телеарнасында көпшіліктің сүйсініп көретін «Үйлену оңай…» бағдарламасында ененің образын сомдауда. Өзі жетекшілік ететін «Жас түлек» жастар студенттік театрының ұл-қыздары Ғалия апаймен аталмыш бағдарламада ойнағандарына өздерін бақытты санайды.

Ғалия Темірбаеваны алғаш Кербұлақ аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» атты спектаклінде Дәметкен ананың ролін сомдағанда көріппін. «Біздің ауданның тумасы, жерлесіміз — Ғалия Темірбаева деген актриса қызымыз бүгін міне, өзінің әріптестерімен ауданымызға келіп, өнерін паш етіп жатқанына ризамыз. Бір спектакльді көру деген – бір кітапты оқумен тең. Бір отбасының қуанышы мен қайғысын көріп, көзімізге жас алдық… Өнерлерің өрге жүзсін» деп сол кездегі аудан әкімі Нұрбай Қожатайұлы Жантілеуов Ғалия Әмірхамзақызы мен оның ұжымына алғысын айтып, сый-сияпатын ұсынған-ды…

Содан бері бірталай жылдар өтті. Ұлым Дулаттың арқасында Ғалия апаймен етене жақындастым. «Жас  түлек» жастар студенттік театрына қабылданған Дулатқа «Жезөкшелер» спектакліндегі басты роль — ақын жігіттің ролін ойнау бұйырды. Аталмыш театр ұжымы бірқатар білім ордаларының сахнасында ойнап, көрермен жастардың көңілінен шығып жүрді. Сахна десе, ішкен асын жерге қоятын ұлымның берілген рольді бар ынта-шынтасымен ойнайтынына сүйсініп, разы болған Ғалия апай бірде маған: «Дулат — бір өнерлі бала. Сахнаға шыққан кезде көзі жанып кетеді. Өзі өнердің баласы ғой, ә? Жақында фестиваль болады. Ол осы рольде ойнайды деп ұйғарып отырмын. Бірақ, Алматыға ауысып кеткені қиын болды-ау. Дайындыққа қалай келеді енді?» деп қамықты. «Маған рольді ойнатса болды, қайтсем де барамын!» деген Дулат дайындықтан қалмаудың ретін тауып, Алматыдан Талдықорғанға келді.

Облыстық фестивальға облыс өңіріндегі он шақты халық театры қатысып, өнерлерін көрсетті. «Жас түлек» жастар студенттік театрының ұжымы да барын салып ойнады. Спектакльдің соңында бүкіл зал өре түрегеліп, шапалақ ұрды. Ғалия Әмірхамзақызы сахнаға көтеріліп, балаларының арасына барып тұрғанда, шапалақ үдей түсті. Дайын актерлер емес, ауылдан келген қара домалақ балаларды өнерге баулып, сахнаға шығарып, жаман қасиеттерден аулақ жүруге тәрбиелеп, маңдай терін төгіп жүрген Ғалия апайдың еңбегі еді — бұл.

 — «Бала – бауыр етің» дегендей, осы сахна төрінде жүрген әрбір бала өзімнің балам секілді. Олар жыласа, мен де жылаймын, күлсе, мен де күлемін. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» демекші, сахнаның сыртында олармен бірге өзім де ойнағандай күй кешемін. Маған көптеген адамдар: «Сіз көп жылдар бойы мамандығы жоқ жастарды сахнаға шығарып келесіз. Бір спектакльде ойнаған ұл мен қыз ертең оқуды тәмамдап кете барады. Сіз қайтадан жастарды іріктеп алып, олармен басынан бастап қайта жұмыс істейсіз. Бұл деген сізді қажытпай ма?»,-деп сұрап жатады. Мен оларға былай деп жауап беремін: «Тек қана актриса болып қана қоймай, бойымдағы бар жақсы қасиеттерді жастарға дарытсам деймін. «Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген нақыл сөз бар емес пе? Өмірден тек бір өз басым ғана әртіс болып өткім келмейді. Өнердің балшырынымен өзгелер де сусындаса екен, адалдыққа бой ұсынып, сұлулыққа сүйсінсе екен деймін. Театрдың ұлы сыншысы Станиславкийдің «Өмірдің өзі — ұлы сахна, адамдар – актер. Әркімнің атқарар өз ролі бар» дегеніндей, адамдар өз өмірін ойнап жүр десек, артық айтпаймыз. Менің жанымдағы ұл-қыздар театр өнерінің не екенін біліп, өмір сахнасында болсын, театр төрінде болсын, өзінің адамдық қалпын сақтап, биіктерден көрінсе екен деймін. Сахна төрін көрген бала еш уақытта жаман жолға түспейді. Олар ойын ашық айта алады, қиындықтарға төтеп бере алады. «Білгеніңді айтпасаң, білгеніңнен не пайда?» дегендей, талантты қыз-жігіттерді өнерге баулып, оларды сахнада көру – мен үшін үлкен бақыт,-дейді ақжарқын Ғалия апай.

Жерлес қызымыздың осыдан бірнеше жыл бұрын онкологиялық ауруға душар болып, бір Алланың құдіретімен аман қалғаны жайында естігеніміз бар. Қазақстанның белді режиссері Болат Атабаевтың көмегімен Германияға барып емделіп, өмірге қайта оралған Ғалия апай Тәңірдің берген сыйына шүкіршілік етіп, осылайша бойындағы бар асылын көпке паш етуде.

Өнер шаңырағының табалдырығын небәрі жиырма жасында аттаған Ғалия апайдың одан  бергі отыз бес жыл уақыты туған айдай толысыпты. «Театр әртісі ұлы өнерді танытады» демекші, осы жылдар аралығында өзге де өнер саңлақтарымен бірге театрдың ыстық-суығына төзіп, көптеген образдарды сомдап, көрермендерінің көзайымына айналды.

Ғалия апайдың отбасы Астана қаласында өткен «Мақтанышым, тірегім — отбасым» атты отбасылық байқауға қатысқан-ды. Онда ҚР Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықованың Алғыс хатымен марапатталды. Ғалия апайдың отбасының тірегі, өнерді бағалай білетін өмірлік жолдасы Марат Темірбаев І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың дене шынықтыру факультетін тәмамдаған, бүгінгі күні қазтелекомда жүргізуші. Отбасында Айжан және Тоғжан атты қыздар тәрбиеленіп өсті. Бүгінде екеуі де тұрмыста. Айжан ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін тәмамдады. Астанада Н.Назарбаев атындағы университеттің білім басқармасы бойынша магистратураныаяқтап,Елбасының қолынан диплом алды. Қазіргі кезде доктарантурада оқиды. Ал, Тоғжан — Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетінің психология факультетін және магистратураны тәмамдады.

Өмір мен сахнада мәдениеттілікті жоғары ұстай білген Ғалия Әмірхамзақызын қалай мақтасақ та, мадақтасақ та жарасады. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, ол бойындағы адами қасиеттерімен бір тілдескен жанды баурап алып, өзінің бар болмысымен көріне білетін жан. Сұлулық деп осыны айт. Аяулы әпкемізге барша кербұлақтықтардың атынан өмірдегі бар жақсылықты тілей отырып, отағасымен бірге немере-шөберенің қызығын көрсін дейміз.

Айнаш ҚАСЕНОВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Қазақ журналистикасының қайраткері.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here