Латын қарпіне көшу — өмір талабы

0
48

Ұлттық жаңғыру бағытында атқарылатын шаралардың бірі ретінде Елбасының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы айтқан ойлары жұртшылықтың, әсіресе, тіл мамандарының ерекше қолдауына ие болып отыр.

2012 жылғы «Қазақстан — 2050» «стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе.

Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бала-ларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деп да атап көрсеткен еді. Ал, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек»,- деп, нақты тапсырма берген болатын.

Қазақ тілі — мемлекеттік тіліміз болып табылады. Осы тұрғыдан қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор деп білеміз.

Сондықтан Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр.

Сонымен бірге қазақ жазуының латын әліпбиіне көшірілуі ел болашағы — жас ұрпақтың оқу — білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазіргі заман — жазу заманы, ғылым мен техника, оқу — білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген — тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас іс қағаздары, компьютер, интернет, агент т.б. арқылы хабарласулар — бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды.

Қорыта айтқанда, кез-келген әліпбидің міндеті графикалық (әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазуға оңтайлы болуы), лингвистикалық (тілді дәл жеткізуі), техникалық (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) талаптарға сай болуы керек. Қазіргі таңда латын әліпбиі осы талаптар биігінен көрініп, үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Қазіргі әліпбиімізге байланысты жазуымызда орын алған қиындықтарды түзетіп, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады. Латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет.

Гүлзира Айтқазина,

«Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here