Балуанға құрмет

0
189
фото авторы: Айдын Нұршанов

Бүгін «Самбо» және еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстанның 11, орта Азияның 6 дүркін чемпионы Саурық Сыдықовқа арнап, өзі тұрған «Самал» шағын ауданындағы №10 үйге «Мемориалды тақта» орнатылды. Спорт үздігінің құрметіне орай ұйымдастырылған шараға марқұмның туыстары мен үзеңгілес достары және бір топ зиялы қауым өкілдері келді,- деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Саурық Сейтбатқалұлы 1941 жылы дүниеге келген. Бала кезінен спортқа бейім болып өскен жас жігіт 1961 жылы Алматы қаласына барып, дене шынықтыру мамандығы бойынша институтқа оқуға түседі. Аталмыш оқуын 1966 жылы тәмамдап, Талдықорғанға жас маман болып оралады. Алғашқы еңбек жолын қазіргі Политехникалық колледжінде бастаған. Ұзақ жылдар бойы мұғалім болған спорт үздігі, өмірінің соңғы жылдарында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі факультетінде меңгеруші болып қызмет атқарған.

Саурық Сыдықов аялулы жары Шакура Сейдахметқызымен бір шаңырақтың астында 26 жыл бірге тұрған. Бес бала тәрбиелеп өсірген. Жұбайының айтуынша, спортшы мұғалім болумен қатар бапкерлікпен де айналысқан. Шәкірттері де оның ізін жалғап, бірқатар жарыстарда топ жарды.

Шакура апайымыз да 40 жыл қатарынан ұстаз болған. Ақындық өнері және бар. Бірнеше облыстық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Қазіргі таңда «Жүрегім жырлайды», «Тағылым», «Оразмұхамбет Сұлтан», «Ақсақ темір» сынды жыр кітапшалары жарық көрген. Алдағы уақытта өзінің өмірлік жары Саурық Сыдықовпен бірге өткізген күндеріне арнап, прозалық жанрда «Егіз ғұмыр» атты кітабын жарыққа шығармақшы.

Ескерткіш тақта ашылғаннан кейін салтанатты шарада Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз алды: «Саурық Сейтбатқалұлы қазақ елінің намысын қорғайтын бірнеше спортшыларды тәрбиелеп кетті. Өзі де еліміздің туын биікке көтеріп, артына өшпес із қалдырды. Осының барлығы халықтың аузында. Артында қалған шәкірттері де үнемі айтып жүр. Бүгін міне, ескерткіш тақтаның ашылуына куә болып тұрмыз, мұның барлығы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», — деп атап өтті.

Келесі сөз тізгінін алған Шакура Сейдахметқызы спортшының әруағын құрметтеп келген барлық қауымға өзінің шынайы ризашылығын білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here