Қытай еліне экспедиция аттанды

0
102
фото А.Нұршанов

Бүгінде Алматы облысы әкімінің жан-жақты қолдауымен ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі «Мұқали» халықаралық экспедициясы. Мұнда аймақтағы танымал тарихшылар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы топ көрші Қытай еліне аттанды. Бұл туралы Талдықорғандағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен  баспасөз-мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев: «Бұл бастама облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған. Мұнда қоғамдық пікір көшбасшылары, жазушылар, суретшілер мен композиторлар Қытай Халық Республикасына аттанады. Олар алдағы уақытта «Ұлы Қытай қорғаны», «Сиянь Үлкен Мешіті», «Шэньси провинциясының тарихи мұражайы», «Қытайдың Ұлттық мұражайы»,  «Нюцзе Мешіті» сынды Қытай елінің тарихи-мәдени жерлермен танысады. Сапардың басты мақсаты ұлы қолбасшы Мұқалидың жүріп өткен жолы және тарихи естеліктер қалдырған  жерлерін көзбен көру. Осы арқылы өткен тарихты таразылап, кейінгілерге  жол сілтеу» -деді.

дереккөз

Осыдан соң Еуразиялық құқық академиясының ректоры, белгілі заңгер, профессор Өмірәлі Жалайри: «Шынымен мұндай шаралардың маңызы зор. Себебі, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында:  «Біз өз тарихымызды, салт-дәстүрімізді білмей ел бола алмаймыз» – деп, айтылған болатын. Сондықтан бұл сапар  біз үшін Мұқали бабамыздың тарихын тереңдей зерттеп, басқа да ұлтымызға тән құнды деректерді табуға мол мүкіндік берері анық» — дейді.

Мұқали шамамен 1170 – 1223 жылдар аралығында өмір сүрген әйгілі қолбасшы.  Ол жалайыр тайпасынан шыққан. Шыңғыс хан әскерінің төрт ірі қолбасшысының бірі де бірегейі.  Ұлы империядағы тоғыз төренің бірі атанған.Сөз кезегінде  «Жетісу» газетінің бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Әміре Әрінұлы: « Елбасы бір сөзінде «Тарихын білмеген халықтың болашағы бұлыңғыр» деген еді. Осыған байланысты, еліміз Тәуелсіздік алғалы халқымыз үнемі барын бағамдап, жоғын түгендеумен келеді. Соның нәтижесінде ұлан-ғайыр даланың билеушісі болған дана бабаларымызға тән небір тың деректер мен құнды мұрағаттарды таптық. Мәселен, соның ішінде аты әлемге аян Отырар қаласының төл тумасы Әбу Насыр Әл-Фараби, мысыр елінің сұлтаны болған Сұлтан Бейбарыс,  Мәскеу маңынан Қадырғали Жалайыр және  Үнді жерінде жатқан Мұхаммед Хайдар Дулати сынды бабаларды табудың өзі үлкен еңбек деуге болады. Сол сияқты енді міне күн шығыс елінен Мұқали бабамыз туралы  тың деректер табылып жатса,  нұр үстіне нұр болары хақ» -деді.

Басқосу соңында саяхатшылар тілшілер қойған сауалға жауап берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here