Созғанмын саусағымды жиі гүлге

0
61
дереккөз

Ақын Жеңіс Қаненұлы 1979 жылы Тәңір тауы баурайында дүниеге келген. «Тыныштық» атты жеке жыр жинағының авторы. Өлеңдері Жетісу ақындар антологиясына, «Тау мен өзен жырлары», «Сезім тамшылары» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген.  Бұл жолы қаламгердің  «Созғанмын саусағымды жиі гүлге» деген тақырыпта бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

 Тәңір тауға қарап қой

(Мұхтар Қызырбекұлына.)

Болып ем былтыр жазда бір қанша күн…

Далаңда жазиралы күлген сағым.

Ей, інім, Тәңір тауға бір қарап қой,

Ол менің жас күнімде жүрген тауым.

 

Толқыған көңілімнің күйі мүлде,

Созғанмын саусағымды жиі гүлге.

Алысқа қиялымның туын қадап,

Тұрушы ем қазықтай боп биігінде…

 

Қанындай жалғыз тамшы қасқалдақтың,

Ұғынғам сырын сонда аспан жақтың.

Енгендей әлеміне жұлдыздардың,

Тәңір тау  мені қанша аспандаттың?

 

Мойныма оратылып күй білегі,

Сүймеймін десем дағы сүйдіреді.

Білмеймін, махаббат па, сағыныш па?

Бір нәрсе көкірегімді күйдіреді…

 

Болама тілек, шіркін, сонша тілім?

Заңдылық – туған топырақ аңсатуың.

Алжасса ақылынан арқа сүйер,

Биігі  ұлы Жоңғар ойпатының!

 

Мазамды махаббатым мәңгі ұрлаған,

Төсіңде жалғыз өстім, жалғыз қалам!

Бауырым, Тәңір тауға бір қарап қой,

Миллион жыл өтседағы табжылмаған…

дереккөз

           Тәуелсіздікке тарту

Бақыт құсы қонды иығыма айналып,

Ошағымның отын қайта көседім.

Еш алаңсыз жататұғын жайланып,

Қазақстан — өз үйім, өз төсегім!

 

Есіл бабам – еңіреген ерім ең,

Қасиеттің қалқып жұтқам қаймағын.

Желбірейді желтоқсанның желімен,

Қыран ұшқан аспан түстес байрағым!

 

Жүрегімді сенің әнің тербесін,

Тәуелсіздік – жасындардың жарқылы.

Дүбірлеткен ұлы шығыс кеудесін,

Сәлем саған Сақ, Ғұндардың сарқыны!

 

Қазақ деген бір атауға күрмелдім,

Құлағымда адамдықтың күбірі…

Ат үстінде жау жайратқан ерлердің,

Жер түбінен жеткен бізге дүбірі.

 

Бөрі – рухы еш тоқтаусыз сілкілер ,

Жортуға алыс бойға күшін жяды…

Желбіретіп туын тіккен Түркілер,

Тиген жерге тұлпарының тұяғы…

 

…Соны ойлап мен отырам жадырап,

Дұға етемін тәңіріме сыйынып.

Жаса мәңгі киелі алтын шаңырақ,

Аспаныңнан нұр шуағы құйылып.

дереккөз

Күзбен бірге

Итеріп айқара аштым күз есігін,

(Ішімнен күбірледім қыз есімін…)

Аяусыз көктем гүлін таптап өтіп,

Уақыттың жазға батқан тізесімін!

 

Сурет сап қоңыр күзге өрнектедім,

Өлеңмен сезім сырын тербеп келдім.

Түндерді жөргегінде тұншықтырып,

Күндерді өз қолыммен жерлеп көмдім.

 

Жарқырап дидарынан ашылса ақ таң,

Аман-сау жүргеніңе, досым, шаттан.

Жеті бас жалмауыздай қандай ғажап,

Сағат пен минуттардың басын шапқан…

 

Толқыған желмен бірге айдын тынды,

Сығалап тереземнен қайғым тұрды.

Бір сәтте бөгеу бермес асау сезім,

Арқырып арыстандай айға ұмтылды.

 

Саулайды сағым елес түргенде ірге,

Қонақтар көбелек жоқ гүлден гүлге.

Аттанып жолаушыдай суық қысқа,

Барамын бағыт алып күзбен бірге!

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here