Франция әлем кубогын екінші рет иеленді

0
62
Дереккөз

Сонымен төрткүл дүние көз тіккен Ресей жеріндегі доп додасы да өз мәресіне жетті. Франция құрамасы 21-ші Әлем чемпионатында Хорватия құрамасын 4:2 есебімен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Тарихи дерекке сүйенсек, француздар 1998 жылы мундиальда тұңғыш рет топ жарған екен. Міне, араға жиырма жыл салып олар әлем кубогын төбелеріне қайта көтеріп отыр.

Әлем чемпионатының ақтық бәсекесі 15 шілде күні Мәскеудегі «Лужники» стадионында Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Футбол мамандарының айтуынша, бұл ойын көп гол соғылған финалдардың бірі болып тарихта қалды.  Үздік командалар қатысқан 2018 жылдың соңғы ойыны өте тартысты өрбіді.  Матч бастала салысымен хорваттар ойын тізгінін бермей, қарсыластарын біраз әбігерге салып қойды. Тіпті, алға ұмтылып, жойқын шабуылдар жасағанын көз көрді.

Алайда, ойынның 18-ші минутында Даниэль Субашич өз қақпасына қауіпті айып добын белгілеп берді. Оны Антуан Гризманн орындап, айып алаңына допты асырған болатын. Қарбалас сәтте Марио Манджукич допты кері қайтармақ болып, өз қақпасына гол кіргізіп алды. Есеп 1:0. Десекте, араға 10 минут салып Хорватия құрамасы есепті теңестіп үлгерді. Домагой Видадан пас алған Иван Перишич дәл соққы бағыттап, франция қақпасына гол салды. Осыдан кейін француздар шабуылда белсенділік таныта бастады. Ойынның 35 минутында Иван Перишич өз айып алаңында допты қолына тигізіп алған еді. Төреші осы сәтте Хорватия қақпасына пенальти белгілеуді жөн деп шешті. Бұл мүмкіндікті Антуан Гризманн сәтті орындап шықты.

Матчтың екінші кезеңінде де командалар ойын қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Әсіресе, Килиан Мбаппе өзінің жылдамдығымен Хорватия қорғанысын әбігерге түсіріп, қауіпті сәттер жасаумен көзге түсті. Осындай шабуылдардың бірінде жартылай қорғаушы Поль Погба есепті еселей түсті. Оның қақпаға қарай бірінші бағыттаған соққысы кейін қайтқанымен, екінші рет тепкен добы хорват қақпасының ішінен дәл табылды. Бұл кезде есеп 3:1-ге өзгерген болатын. Иә, Франция сенімді ойнай бастаған секілді. Ал, финалда қақпасына 3 гол өткізіп алған Хорватия құрамасы есеңгіреп қалғандай. Матчтың 65 минутында Килиан Мбаппе алыстан соққы бағыттап, командасына жеңіс үмітін сыйлады. Төрт ұпайды еншілеген фрацуздар осы голдан кейін өздерінің чемпион атанғандарын сезсе керек, жасыл алаңда еркінсіп кетті. Оны қақпашы Уго Льористің қателігінен де байқауға болады. Ол ойынның 69-шы минутында алға пас асырмақ болып, Марио Манджукичтен айласын асыра алмады. Осылайша Хорватия құрамасы әлем чемпионатының финалында екінші голын соқты. Есеп 4:2. Ойын соңына дейін бұл көрсеткіш өзгермеді. Кездесу уақыты аяқталып, төрешінің соңғы ысқырығы естілген сәтте франциялықтар қуаныштан бөріктерін көкке лақтырды. Иә, сөз жоқ олар әлем чемпионы.

Айта кетейік, мұның алдындағы матчта Әлем біріншілігінің үздік үштігін анықтау үшін жасыл алаңға Бельгия мен Англия құрамалары шыққан болатын. Бұл тартысты бәсекеде қола жүлденің иегерлері анықталды. Бастапқыда қос команданың мүмкіндіктері тең бағаланған еді. Дегенмен, матч бойы өте сауатты өнер көрсеткен Бельгия ойыншылары қарсыластарынан жоғары болып шықты. Ойын барысында есепті 2:0-ге жеткізген олар ағылшындарға ешқандай мүмкіндік бермеді.

Осылайша, Бельгия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бұған дейін олар 1986 жылы мундиальда төртінші орын алған еді.  Сондай-ақ, Англия құрамасы өз тарихында осымен үшінші рет үздік төрттікке еніп отыр. Олар 1966 жылы өз елдерінде өткен чемпионатта жеңімпаз атанған. Ал, 1990 жылы үшінші орын үшін болған ойында Италиядан жеңіліп қалған екен.

Енді, Ресей жерінде өткен футболдан әлем біріншілігі несімен есте қалды, осыған тоқталсақ. Назарларыңызға қызықты деректерді ұсынамыз.

Ресей әлем чемпионатын ұйымдастыру құқығын 2010 жылы жеңіп алған. Содан бері бұл ел әлем біріншілігін ұйымдастыруға барлығы 11 миллиард доллар жұмсаған. Бұл қаржының көбі стадион құрылысы мен инфрақұрылымға кеткен. Әлем кубогы 12 стадионда өтті. Тоғыз стадион әлем чемпионаты қарсаңында салынды. Ал, Ресейдің өзі бұл әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетті. Бұл — Ресейдің Совет одағы тарағалы әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі.

Франция әлем чемпионы ретінде 38 миллион доллар, ал Хорватия 28 миллион доллар сыйақы алған. Биылғы чемпионаттың қоласын Бельгия (24 млн доллар сыйақы) иеленді. 4-ші орын иеленген Англия құрамасы 22 млн долларды қанжығаға басқан. Жалпы, Ресейдегі әлем чемпионатының жүлде қоры 400 миллион доллар болды.

Франция 1998 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастырып, осы турнирде жеңіске жеткен. Сол жылғы әлем біріншілігінде Франция мен Хорватия жартылай финалда кездесіп, Франция жеңген. Кейін Хорватия қолаға таласта Голландияны жеңіп, үшінші орын алған.

Франция құрамасының ойыншысы, осы финалда гол салған және турнирдің үздік жас ойыншысы атанған Киллиан Мбаппе 1998 жылы өз елі әлем чемпионы болған кезде әлі дүниеге келмеген еді.

Жалпы, бұл чемпионатта 29 пенальти белгіленіп, 169 гол салынған. Ал, 219 ойыншы ескерту алса, 4 ойыншы алаңнан қуылған.

Франция құрамасының қосалқы қақпашысы Альфонс Ареоля Ресей турнирінде бірде бір ойын өткізбей әлем чемпионы атанған. Мұндай дардай атақ тіпті, аты әлемге танымал Роналду мен Мессиде жоқ.

Англия ойыншысы Хари Кейн биылғы әлем біріншілігінде сұрмерген атанса (6 гол), Хорватия құрамасының ойыншысы Лука Модрич әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы атағын иеленді.

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дишам – әлем чемпионатын ойыншы және бапкер ретінде ұтқан үшінші адам.

The New York Times басылымының есебінше, FIFA Ресейдегі әлем чемпионатынан 6,1 миллиард доллар пайда тапқан. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда 1,3 миллиард долларға көп. Қаржының көбі телекөрсетілім, билет және демеушілерден түскен. The New York Times басылымының жазуынша, биылғы әлем чемпионатына демеушілік еткен Қытай компанияларының саны өскен. Әлем біріншілігіне демеуші болған 20 компанияның жетеуі – Қытайдан. 2014 жылғы әлем біріншілігінде тек бір ғана Қытай компаниясы ақша құйған. Ал, Қытай құрамасы биыл өткен турнирге қатысқан жоқ. Олар  тек, 2002 жылғы әлем чемпионатында өнер көрсетті.

FIFA есебінше, Ресейге Әлем чемпионатын тамашалауға бір миллионнан астам турист келген. Ал, теледидардан үш миллиардтан астам адам тамашалаған.

2014 жылғы әлем чемпионы атанған Германия биылғы біріншілікте топтан шыға алмады. Әлем чемпионы атанған елдердің келесі біріншілікте плей-офф кезеңіне шыға алмай қалуы «дәстүрге» айналғандай. 1998 жылы әлем чемпионатында жеңген Франция 2002 жылы жарысты топтық кезеңнен аяқтады. 2006 жылғы әлем чемпионатын жеңген Италия 2010 жылы топтық кезеңнен өте алмады. 2010 жылы әлем чемпионы болған Испания 2014 жылы топтық кезеңнен кейін еліне қайтқан.

Енді 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында 32 команда ойнайды. Катардағы турнир қараша мен желтоқсан айларының аралығында өтпек. Ал, 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастыратын әлем біріншілігіне 48 команда қатысады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here