дереккөз

Елімізде іске асырылып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаның» бір тармағы жас буынға арналған. Осы орайда, Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жамалдин Құсайыновтың айтуынша, 2018 жылдың 6 айында жұмыссыздық деңгейін еңсеруде атқарылған іс ауқымды.   

—   «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың    2017- 2021 жылдарға арналған  бағдарламасы»  аясында жұмыссыздық деңгейін төмендету түрғысында біршама істер жүзеге асты. Бағдарламаның  бірінші  бағыты  бойынша  2018  жылдың  басынан бері    504  жұмыссыз  азамат,  газэлектрмен дәнекерлеуші, слесарь-сантехник, электрик, шаштараз, аспаз, кондитер, тігінші, визажист, ЭВМ операторы, ағылшын тілі маманы, бала күтуші   тағы да басқа жұмысшы  мамандықтары  бойынша қайта  даярлау  курстарында оқыды. Жұмысшы мамандығына машықтанған   413 адам жұмыс тапты.

           Екінші бағыт бойынша  өткен жылы  «Талдықорган Агро» ЖШС  арқылы   18 азамат  — 146,1 млн.теңге,  «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-дан  19 азамат — 57,6 млн.теңге алса,  «Даму» кәсіпкерлікті  дамыту қоры  екінші деңгейлі банктер арқылы — 15  азаматқа   209,5  млн.теңге несие  берді.

Бағдарламаның  үшінші  бағыты  бойынша   147 жас түлек жастар тәжірибесінен өтуде.   Араларында  мүмкіндігі  шектеулі азамат бар. Жолдама арқылы тәжірибеден  өтіп, уақыты аяқталған 62 адамның 48-і  тұрақты  жұмыспен  қамтылды. Үстіміздегі  жылы  қаланың    кәсіпорындары  мен  мекемелерінен,   мектептер мен балабақшалардан, облыстық және қалалық ауруханалар мен  емханадан, жеке  кәсіпкерлерден  жүздеген  өтінімдер келіп  түсті.

Электрондық еңбек биржасы арқылы 615 жұмыссыз азамат тұрақты   жұмыс тапты,- дейді  орталықтың  басшысы Жамалдин  Зікірияұлы.

 Жыл  басынан  бағдарламаның аясында 2 өңіраралық және 3 қалалық бос жұмыс орындар  жәрмеңкесі ұйымдастырылған. 2018 жылға аталған бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша жастар тәжірибесінен өту үшін 150 жас түлекке жолдама беру жоспарланып отыр. Республикалық бюджеттен  54,1 млн.теңге және қосымша жергілікті бюджеттен 20 адамға 7,2 млн. теңге қаражат бөлінді.

 Айтар болсақ, жастар практикасы меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейін оқып, білім алған, оқуды аяқтаған кейінгі 3 жыл ішіндегі және  жасы жиырма тоғыздан аспаған түлектер қатарындағы жұмыссыз жастарға арналған. Жастар практикасына қатысушыларды  жалақымен қамту  еңбек шартына сәйкес алты ай ішінде жүзеге асырылады.

 Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, бүгінгі күнге  70  кәсіпорын — мекемемен келісімшарт жасалған. Жастар тәжірибесіне 171 жас түлекке жолдама берілді.  Жалпы айтқанда,  62 жас өз  тәжірибесін аяқтады. Олардың арасында бала күту демалысында,  ҚР Қарулы күштер қатарына  шақырылғандар  да бар көрінеді.  Тағы да  7 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолдама алса, 5 адам өз еркімен бас тартса  және 48 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.

Осы «Жастар практикасы» аясында жұмыспен қамтылған қала жастарын  мекеме, кәсіпорын, білім, денсаулық, жастар ұйымынан  көптеп кездестіруге болады. Тәжірибе жинақтаған жас маманның көбісі мемлекеттік  мекемелерді таңдап, сонда  тұрақтап қалуда.  Ал,   әлеуметтік мамандықтан басқа, қаржы, заңгер, ақпараттық жүйе бойынша  бітіргендер жұмыс іздеп келетін көрінеді.

Алты айлық іс — тәжірибе кезінде өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, көзге түскен бағдарлама қатысушылары сол мекемеден тұрақты орын тапқан. Мысалы, жастарға қызмет көрсету орталығына жолдамамен барған маманға  төрт айдан соң  тұрақты жұмыс ұсынылыпты. Ендеше, жақсы маман жұмыссыз қалмайтындығы бесенеден байқалады. Үкіметтен  бөлінген қаржы көлемі де артып, тынысы кеңеюде.

Гаухар Байтенова, бағдарлама қатысушысы:- Осы бағдарлама арқылы тұрақты жұмыс  таптым.  Әрине, жұмыстың оңайы жоқ.  Өзіңде жауапкершілік болса,  уақыты келе үйреніп кетеді екенсің.  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеттің есеп және аудит мамандығын өткен жылы  жазда бітірген жас маманмын.

Оқуымды аяқтаған соң, біраз уақыт өзім жұмыс қарастырып едім, қолайлысы болмады. Содан  жастар үшін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдайтын  арнайы бағдарлама» бар екенін естідім. Оның аясында  жастардың тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туып отыр.

  Жұмыспен қамту орталығынан «Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесіне жолдама алдым. Содан соң  сәуір айынан бастап «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Талдықорған филиалына есепші болып тұрақты жұмысқа орналастым.  Бұл -еңбек өтілі жоқ, жас мамандарға жасалып отырған қамқорлық деп ойлаймын.

Ельнара Келгембаева, жас маман:

— Мен  2015 жылдың 25 маусымында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экономика мамандығында бітіріп шықтым. Арманым – еліміздің экономикасы дамып, көркеюіне үлес қосу. 2016 жылдың 4 сәуірінде «Алматы облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолдама беріліп,  тәжірибеден өттім. Қиын да жауапкершілігі мол  салада үйренерім көп болды. Жастар тәжірибесі аяқталмай — ақ,  тамыз айында  осы мекемеге инспектор болып тұрақты жұмысқа орналастым. Замандастарыма   өзімнің  жастар  практикасымен жұмысқа орналасқандығымды айтсам, кейбірі сенбеді. Расында солай болды. Жалпы, мемлекет бізге барлық жағдайды жасап отыр. Тек алғырлық танытып, білім – біліктілігіңді дәлелдесеңіз болғаны.

 Нұршат Сағдатқызы, жас маман:

— Осы  облыс орталығындағы  университетті 2 жыл бұрын аяқтадым. Мен оқыған  «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша  бірден қызметке іліне алмайды екенсің. Еңбек өтілі мен  тәжірибесі жоқ  жас маманды  ешкім  құшақ жая қарсы алмайтындығын қаламызда үнемі  өткізіліп жүрген «Бос орындар» жәрмеңкесіне барғанда  байқадым. Тіпті заңгер,  қаржыгерлік істерге 3 жылдық тәжірибе болуы керек.

Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты  жастарға тиіп жатқандығын естіп,  қалалық жұмыспен қамту орталығына келдім. Осы жерден  жастар тәжірибесімен  «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жолдама  алдым.  Көп уақыт өтпей-ақ,  жастар тәжірибесі тоқтатылып,  әлеуметтік қорғау мекемесіне  инспектор болып тұрақты жұмысқа орналасқанда қуанышымда шек болмады. Тәжірибелі мамандардан үйренерім көп.

                                                                                                                                                                                

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here