Талдықорғанда көркемсөз оқу шеберлері бақ сынасты

0
69

Талдықорған төрінде жыл сайын өткізілетін  Абай атындағы көркемсөз оқу  шеберлерінің облыстық байқауы биыл жаңаша реңде сабақтасты. Өңіріміздің әр аймағынан жиналған жастар Оқушылар сарайының ішін саф алтындай жырмен және де  сырлы прозамен тербетті. Байқау үміткерлері  қазақтың танымал ақын- жазушыларының  шығармаларынан монолог  пен үзіндіні  тебіреніспен толғады.  Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың  туғанына  125 жылдық мерейтойына орай  ақын туындыларын жүрекпен жырлады.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен байқауда аудан мен қаладан іріктеліп шыққан   көркемсөз шеберлері  өзара бақ сынасты. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді, тіл мәдениетін көтеріп, көркем әдебиеттің кеңдігін насихаттауды мақсат тұтқан шара шымылдығы   Абайдың  «Желсіз түнде жарық ай» әнімен  түрілді.  Қазақтың ұлы ақынының  «Көзімнің қарасын»  әуелеткен ұстаз бен шәкірт те  шара шаттығын еселей түсті. Сонымен 17 мен 25 жас аралығындағы 15 үміткер бірінен – бірі оза шауып, дес бермеді.

Проза жанрында түрлі кейіпке еніп, әртістік қырынан танылғандар көрерменнің көңілін аспандатып, бірде су сепкендей үрейге бөлесе, бірде жанарларға  жас үйірілді. Орлахан Бөкейдің «Жылымық» туындысын таңдағандар соқырдың көкірек шерін жүрекпен жеткізе білді. Сондай-ақ, автордың «Қар қызын» сахналық көрініс ретінде ерекше сомдаған үміткер көптің көңілінен орын тапты.

 Байқау болған соң жеңімпаздың болары хақ.  Шара қорытындысында  қарасаздық Қадыржын Сабырақын бас жүлдені қанжығасына байлап, 150 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.  Қадыржан республикалық байқауда өнер көрсету құқығына да ие  болды.

Ақсулық Еділ Нұрахман — бірінші, айрықша көзге түскен Назгүл Ақбасова мен Ерғанат Закенов екінші орынның жүлдесінен көрінді.

Ал талдықорғандық Айдана Тынысбекова, текелілік Мерейлім Қарабалаева, талғарлық Анар Тұрсынжан үшінші орынды еншіледі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here