Спорт — денсаулық кепілі

0
35

Алматы қаласында «Комбат джиу-джитсу» спорты түрінен халық-
аралық турнир өтті. Турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан мемлекеттерімен қатар еліміздің бүкіл облысынан спортшылар қатысты. Турнир Алматы қаласынын ШВСМ спорт залында өтті. Бұл жарысқа жерлесіміз Кербұлақ ауданы Жоламан ауылының тумасы Ердәулет Ержан Ердәулетұлы Алматы облысының атынан қатысты. Ол бес жекпе-жек өткізіп күміс жүлде иеленді.

Жалпы жерлесімізбен сұхбаттасқанда: — Бұл спорт түрімен айналысуды бала күнімнен армандайтынмын. 2005-2008 жылдар аралығында еркін күреспен айналыстым. Екі жылдай уақытты самбо күресіне арнадым. 2011 жылы Көксу ауылшаруашылық колледжіне түсіп, Талдықорған қаласы «Жастар» спорт сарайында джиу-джитсу, әскери самбо, ММА және ұлттық жекпе-жек спорт түрлерімен айналыстым. Бұл спорт түрлерінен дайындаған бапкерім Нұрлан Аманқұлов. 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігіне орай жастар арасында халықаралық турнирде чемпион атандым. 2012 жылы 17 жасымда Ақтөбе қаласында ересектер арасында өткен әлем чемпионатына іріктеуде 62 кг салмақта чемпион атанып, спорт шебері деген атаққа ие болып, әлем чемпионатына жолдама алдым. 2013 жылы Ресей астанасы Мәскеуде ММА тұжырымы бойынша халықаралық турнирден екінші орынға ие болдым. 2013 жылы Ресейде Брянск қаласында қоян-қолтық жекпе-жектен өткен халықаралық турнирден үшінші орынға ие болдым. 2014 жылы Талдықорған қаласында әскери самбодан өткен ҚР чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. 2015 жылы Павлодар қаласында джиу-джитсудан өткен ҚР кубогында чемпион атандым. 2015 жылы ЦСКА-да Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. 2015 жылы Алматы қаласында әскери самбодан өткен әлем кубогының жартылай финалында әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспановқа есе жіберіп, үшінші орынды қанжығама байладым. 2016 жылы ұлттық жекпе-жектен өткен ҚР кубогынде қола жүлдеге ие болдым. Осы жеткен жетістігіме әуелі Аллаһ тағалаға шүкір, екіншіден, ата-анамның, үшіншіден бапкерлерім және еңбектің арқасы. Әрине, бұл спортқа біріншіден, мінез, психология жағынан, рухани жағынан дайын болу керек. Осындай жетістікке жету үшін еңбектеніп тер төгу керек, «Еңбегіңе қарай жемісі» дегендей барлығы еңбектің арқасында Алланың қалауымен талмай жаттықсам тағы белестерді бағындырармын,- деді өз сөзінде спортшымыз.
Сондай-ақ, Ержан Ердәулетұлы сияқты Жоламан ауылының атын шығарған спортшыларымыз жетерлік. Атап айтсақ, Бекарыс Сәдуақас, Айбек Ердәулетұлы, Елнұр Айсаев, Мәди Досмұханбетов, Алинұр Айсаев, Алмат Серікбай, Айдос Көмекбаев сынды спортшыларымыз ауылдың, ауданның атын шығарып жатқаны анық. Біз де өз тарапымыздан жерлестерімізге тек қана жеңіс, мықты денсаулық тілейміз. Жоламан ауылының, ауданның, еліміздің атын әлемге таныта беріңіздер дегіміз келеді. Осындай талантты, мықты спортшылар тәрбиелеп шығарған бапкерлері Нұрлан Аманқұлов пен Азамат Балпуховқа үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді.

Дидар АСҚАРҰЛЫ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here