Жетісулықтар Астананың 20 жылдығын атап өтті

0
81
Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Астана қаласының елорда мәртебесін алғанына биыл 20 жыл. Айтулы мерекеге орай бүгін «Жастар» саябағында салтанатты шара өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Меркеге арнайы келген облыс, қала басшылары алдымен Астана күніне орай арнайы дайындалған бірнеше мекемелердің көрмелерін және кішкентай балалардың өнерлері мен спорттық жарыстарын тамашалап көрді.

Одан кейін сахына төріне шақырылған өңір басшысы Амандық Баталов қала тұрғындарын Астана күні мерекесімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.

– Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігімен, тарихи шешімімен, өзіндік қолтаңбасымен дүниеге келген Астана биылғы жылы жиырмасыншы белесін бағындырып отыр. Елорда – жасампаздықтың жарқын үлгісі, Қазақстанның жаңа дәуірінің батыл бастамасы, Президентіміздің төл туындысы. Осы ширек ғасыр уақытта Астана әлемдік саясаттағы әмбебап қалаға айналды. Бір шаңырақ астында ортақ мақсатқа біріккен, ортақ арман табыстырып, тағдыр тоғыстырған барша қазақстандықтар үшін, соның ішінде Жетісу халқы үшін Астана – тәуелсіздіктің тұмары, бейбітшіліктің бесігі, бағаналы да басты ордасы, — деп атап өтті А.Баталов.

Сонымен қатар, облыс әкімі Сарыарқаның төрінде Астананың 20 жылдығына орай тарту ретінде «Жетісу» саябағының ашылғандығын тілге тиек етті. Мерейлі мерекенің құрметіне Талдықорған қаласында «Астана», «Қадырғали Жалайыр» даңғылы және еңбек ері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаеваның атына жаңа көшелер берілгендігін айтты.

Құрметті жетісулықтар! Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесінде Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс, еңбекте жеміс, отбасыларыңызға тату-тәтті ғұмыр тілеймін! Алашқа айбын болған Мәңгілік ел Астанасының тұғыры биік, болашағы жарқын болсын! — деді А.Баталов өз құттықтауында.

Осыдан кейін бірқатар азаматтарға «Астананың 20 жылдығы» мерейтойлық медалі тапсырылды.

Одан бөлек, талдықорғандық отбасылар облыс әкімінің қолынан жаңа пәтердің кілтін алды.

Пәтерге ие болғандар қатарында көп балалы отбасылар, I, ІІ топтағы мүгедектер, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Атап айтсақ, жалпы бүгін 180 отбасы баспаналы болу бақытына ие болды.

Келесіде жетісулық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Жезтаңдай әншілер жырдан шашу шашып, мың бұралған бишілер мереке көркін қыздырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here