Талдықорғандық балалар жазғы лагерде демалуда

0
50
фото А. Нұршанов

«Жаз жайнатып,  күн  күлдіріп, Біз лагерге барамыз»- деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы демалысын мәнді өткізуге тырысады. Биыл баршамызға белгілі, менингит дертінің  шығуына байланысты балаларға қатысты шаралардың өткізілуіне шектеу қойылды.  Талдықорған қаласы оқушылары үшін жазғы лагерь жұмысы өткен аптадан бері қолға алынды.

— Қала мектептерінің 1- 4 сыныбында білім алушы    13 мың  оқушы жазғы демалысын мәнді  өткізуде. 5700 бала – мектеп алаңында,  қала сыртындағы лагерде  2200 оқушы демалысы тиімді ұйымдастырылып отыр.  Бұл жерде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тегін демалады. Олардың демалысына  жергілікті бюджеттен   қаражат қарастырылған.  Сондай-ақ, Талдықорған қалалық білім беру саласы  кәсіподақ  ұйымының  демеушілігімен қала сыртындағы «Алтын шажа» жазғы демалыс аймағына 20 оқушы,  мектеп жанындағы лагерьге 30 бала 50 пайыздық жеңілдікпен және де білім саласы қызметкерлерінің балаларын демалту көзделген. Қала сыртындағы «Эдельвейс»  демалыс – сауықтыру орнына қала мектебінің оқушылары кестеге сай    демалуды бастады.  Мұнда  жаз маусымында 2 мыңнан аса  бала барады деп жоспарланған. Биыл мектеп жанындағы тамақпен қамтылмайтын 21 жазғы алаңда 7800  бала демалады. Бұдан бөлек, мектеп жанындағы  пәндік, танымдық, дебаттық үйірмелер мен   аулалық клубтарда және спорт, өнер үйірмелеріне 16 мыңдай  бала барып, білімдерін шыңдайды, шынығады.  Ал  көгалдандыру жұмысына 2 мың бала жұмылдырылған.  Жер жаннаты Жетісудың ғажайып табиғатын тамашалау саяхаттары ұйымдастырылады,- дейді  қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов.

Білім ошақтарында пәндік лагерь олимпиадасы, ҰБТ- ға дайындау  арнайы кесте бойынша жүргізіледі. Жалпы алғанда, Талдықорған қалалық білім бөлімінің «Үш тілде білім беруді ілгерілету жөніндегі іс — шаралар жоспары» негізінде жалпы білім беретін мектептің оқушыларына маусым – тамыз айларында мектепішілік  үштілді үйретудің жазғы шаралары ұйымдастырылып отыр.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен тиімді  өткізу мақсатында  қаладағы Оқушылар сарайында  күндізгі «Балдәурен» атты лагерь жұмыс жасайды. Үш ауысымда 400-ден астам бала демалады. 7 мен 11 жасқа дейінгі жеткіншектер түрлі үйірмеге қатысып, тәрбиелік – дамытушылық бағдарламаға қатысады.

Жалпыұлттық патриотизм, елжандылық ұғымын кеңейту, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізіндегі «Туған жер» бағдарламасы аясында тарихи орындарға оқушыларды апару көзделіп отыр. Мәселен, Текелі қаласындағы археологиялық ескерткішке, петроглифтерге, Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлихановтың мұражайына,  Сарқандағы Черкасск шайқасына арналған тарихи орынға, Ескелдідегі Нұрмолда Алдабергеновтің ескерткіші мен мемориалды музейіне,  басқа  киелі жерлерге саяхаттап қайту жоспарда бар.

Осы жылы 210 ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім, 3253 аз қамтылған отбасының, 63 сәтсіз отбасының, 110 мүмкіндігі шектеулі балалар, ІІБ жасөсіпірімдер ісі жөніндегі инспекторлардың есебінде тіркеудегі 30, мектепішілік есепте тұрған 34  бала жазғы  демалыспен,  жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, спортшы, интеллектуалдық байқаулардың, шығармашылық сайыс  жеңімпаздарының  жазғы демалыстарын көңілді өткізуге бар жағдай қарастырылып отыр. Балалар №16, 19 орта мектептердегі жүзу бассейіндеріне  кестеге сай барады.

Қала әкімінің қолдауымен жыл сайынғы дәстүрге сай ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын  бір күнге Балқаш, Қапшағай көліне шомылуға  апарып — алып қайту  жоспарланып отыр.

Күндізгі лагерь — оқушылар үшін ең пайдалы әрі тиімді демалыс орындарының бірі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, балалардың танымдық деңгейін арттыратын шара жаз мезгілінде 10 күн бойы жалғасады. Мектеп мұғалімдері аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың ұл-қыздарына алаңсыз балалық сыйлауға, жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне атсалысады. Талдықорған  қаласындағы  Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы жанындағы «Арай» күндізгі сауықтыру лагеріне барып,  балалардың жазғы демалысы қалай өтіп жатқандығын көріп қайтқан едік.

Мақпал Кентыбаева, «Арай» күндізгі  лагерь меңгерушісі: —  Балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында спорттық, интеллектуалды, мәдени, танымдық сынды сан бағыттағы іс-шаралар мен ойындар жоспарлаймыз. Дәл қазір лагерде  60 бала демалуда. Оларға  5 тәрбиеші тәлімгерлік етеді. Ал  Сымбат Бейсенова, Гүлназ Өтенова,  Әсел Ерденбекова,  Қуандық Умаров  балаларды тіл ұстартуға,  қолөнерге баулып,  суға жүзуді үйретеді.

 Сондай-ақ,  лагерде әртүрлі шаралар өтіп тұрады екен.  Мәселен,  Астананың 20 жылдығына орай оқушылар арасында қолөнер көрмесі ұйымдастырылыпты.  «Болашақта менің армандаған Астанам» деген сурет байқауы өтті. Бұл  байқауда балалар өздерінің шеберліктерін танытып, Астана ғимараттарының және өздерінің қиялындағы дүниелерді бейнелеген.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here