Қазақтың биі бәйге алды

0
223
Дереккөз

«Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің бишілері Грузияда өткен «New Life-2018» байқауында топ жарып, гран-при жүлдесін ұтып алды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шығармашылық ұжымды бүгін өнердегі әріптес достары қалаға кіреберіс жерде зор қошемет көрсетіп қарсы алды. Әннен шашу шашып, қуанышты жаңалыққа ортақ екендіктерін білдірді.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Аталмыш байқау Грузия елінің Батуми қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ірі сайыс. Би додасына 23 мемлекеттен 300-ге жуық биші келіп, өнерлерін сарапқа салған. Солардың ішінде еліміздің намысын қорғап барған «Талдықорған әуендері» топ жарып отыр.

Жерлестеріміз бұл байқауға өткен жылы қатысуға ниет білдіріп, өтініш берген екен. Кейін бір жағдайлармен бара алмай қалған. Өнер сайысының ауқымы өте жоғары болғандықтан осы жолы қатысып көруді жөн санапты. Нәтижесінде ұлттық өнерімізді паш етіп, күллі әлемді таңдай қақтырған.

«Жарыста 4 жігіт, 8 қызымыз «Ер тұран» және «Дала сарыны» атты екі би арқылы өнер көрсетті. Жалпы, байқаудың бірнеше номинациясы бар. Соның ішінде ең мықты командаға бір ғана гран-при арналған. Біз сол бас жүлдені ұтып алдық. Өте қуаныштымыз. Қазақтың би өнерін тек Грузия еліне ғана емес, барша әлемге танытып, «Талдықорған әуендерінің» деңгейі өте жоғары екендігін көрсетіп қайттық. Бұл тек біздің ғана емес, Алматы облысының жалпы, Қазақ елінің жеңісі. Бізге қолдау көрсеткен қала әкіміне және барлық өнердегі әріптестерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз», — дейді «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Медет Тұзбаев.

Өнер додасында бірінші орын Грузия, екінші орын Малайзияға бұйырған. Ал, үздік үштікті Украина елі еншілеген.

Айта кетейік, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі 2011 жылдың тамыз айында дарынды жастарды анықтау мен оларды өнерге тарту мақсатында құрылған. Өткен жылы 6 жылдық есептік коцертін дүйім жұртқа ұсынды. Шынайы еңбек пен шығармашылықты жетілдірудің арқасында жергілікті өнерпаздар осы уақытқа дейін талай жетістіктерді бағындырып үлгерді. Мәселен, өткен жылы ғана Сочи қаласында болған «Вива Дэнс» халықаралық байқауында да гран-при жүлдесін ұтып алған болатын. Бүгінде репертуарларында 24 биі бар шығармашылық ұжым алдағы уақытта Европа еліне шығып, қазақ өнерін насихаттауды көздеп отыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here