«ФИФА 2018» де қай құрама чемпион болады? Біздің болжам

0
221
Дереккөз

Төрткүл дүние көз тіккен футболдан әлем чемпионаты биыл Ресей жерінде дүркіреп өтуде. Дүбірлі додаға іріктеуден сүрінбей өткен 32 елдің құрамалары келген болатын. Бүгінде топтық кезең аяқталған. Әр топтан суырылып шыққан 16 команда ендігіде 1/8 финалында өзара үздіктерін анықтау үстінде. Осыған орай taldykorgan-online.kz порталы алдағы болатын матчтарға болжам жасап көрген еді.

Бір қызығы чемпионаттың басты фавориты саналған құрама командалар жарыс жолынан шығып қалып жатыр.

Тіпті, осыдан 4 жыл бұрын Бразилияда өткен әлем чемпионатында топ жарған немістер биыл топтық кезеңнен де аса алмады. Сірә, оларға орыстардың жері жақпаған болар, әлем біріншілігінде Германия «капут» болды.

Плей-оффқа әрең дегенде сүйретіліп жүріп жолдама алған Аргентина құрамасының өзі бұл жарысты орта жолда аяқтады. Әлемнің даңқты футболшысы Лионель Месси бастаған спортшылар топтық кезеңнен кейінгі болған матчта Франциямен кездесіп, 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Сонымен қатар, әйгілі Криштиану Роналду өнер көрсететін Португалия құрамасының да бағы жанбады.

Олар уругвайлықтарға 1:2 ұпайымен есе жіберіп, үйлеріне қайтты. Ендігіде Уругвай мен Франция ширек финалда өзара үздіктерін анықтамақ.

Ал, ресейліктер сенсация жасауда. Әлем біріншілігі өздерінің жерінде өтіп отырғандықтан намысқа тырысып бағайын деді ме екен,  жанкүйерлерінің үмітін ақтап, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, 1/8 финалына жолдама алған орыстар атағы жер жарған Испания құрамасын жарыстан ұшырып жіберді.

Осылайша ресейліктер таңқалдырарлық нәтижемен чемпионаттың ¼ финалдық кезеңіне жолдама алып отыр. Олар ширек финалда Хорватиямен кездесетін болады. Айта кетейік, хорваттар экстра таймнан кейінгі пенальти сериясында Данияны ұтып кеткен болатын.

Жарыстың басты фавориттерінің бірі Бразиялия құрамасы да өз тобында үздік атанып, жарысты жалғастыру үстінде. Нэймар есімді жарық жұлдызын аламанға қосқан бразилиялықтар 1/8 финалында Мексика құрамсын 2:0 есебімен ойсырата ұтып кетті. Енді олар Жапонияны сан соқтырған Бельгия  командасымен ширек финалда кездеседі.

Иә, осылайша күллі әлем көз тіккен әлем чемпионаты баршамызды да ғаламтормен көк жәшікке телміртіп, байлап тастады. Ішкен асымызды жерге қойып, тіпті футбол десе бар шаруаны кейінге ысырып қойып жатқанымыз жасырын емес. Жасыл алаңда өтіп жатқан ойындар тартысты өрбуде. Жарыстың бітуіне аз уақыт қалған сайын ойындар қызып келеді. Соңы қалай болар екен? Қай құраманың асығы алшысынан түседі? Барша футболсүйер қауымның аңдағаны осы. Біз осыған орай түрлі болжамдар жасап, бірқатар спорт шолушылардың пікірін біліп көрген едік.

 Мұрат Мұқашұлы:

— Биылғы әлем біріншілігін үзбей көріп жүрміз. Бірден айта кету керек, барлық командалар жақсы дайындықпен келген. Мықты командалардың өзі үш ұпайды оңайлықпен олжалай алмағанын көз көрді. Әу бастан Англия құрамасына жанкүйер болдым. Өйткені, бұл ұжым талай уақыттан бері ірі додалардың финалы былай тұрсын, жартылай финалына жете алмай жүрген. Биыл ағылшындар сенім үдесінен шығады деген үміт басым. Қалай боларын кім білсін, плей офтағы қарсыласын осал дей алмайсыз. Колумбия. Жалпы, Латын Америкасының қай командасын алмаңыз жанып тұрады. Енді Ресей жерінде кімнің айы оңынан туады деген мәселеге келсек. Әрине, бірден тауып айту қиын. Алайда, Франция, Бельгия, Бразилия секілді құрамалардың қарқыны жоғары. Десе де, биылғы бәсекенің ақтық сынында Франция мен Бельгия әлемдік тәжге таласатын сияқты. Менің болжамым бойынша осы екеуінің біреуі топ жаруы тиіс. Бірақ, әрине мұның барлығы тек болжам. Доп домалақ, барлығын уақыт көрсете жатар.

Серік Қантаев:

— Мундаиль басталмай Бразилия мен Испанияның біреуі топ жарса деген тілек болды. Испания өз қателіктерінің салдарынан плей-офф кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды. Йерроның жиған-терген тәжірибесі қызыл фурияны ширек финалға алып шығуға жеткіліксіз болды. Ал, Бразилия әзірге үмітті ақтап келеді. Финалда Хорватия, болмаса Англиямен ойнаса деймін. Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионаты бұрынғылармен салыстырғанда голға да бай, пенальтиге де бай, жалпы бай чемпионат болды.

 Жарқын Шынтаев «Жетісу» телеарнасының спорт журналисі:

— Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігі алдыңғыларына қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Мысалға, биылғы мундиалға көшбасшылардың бірі болып келген Германия, Испания, Аргентина, Португалия сынды футбол державаларының құрамасы күтпеген жерден ұтылып, жарыстан шығып қалды. Керісінше Ресей, Хорватия, Колумбия сынды футбол ұжымдары турнир фавариттерін жеңіп, айды аспаннан бірақ шығарды. Меніңше, осы біріншілікте Франция мен Хорватияның чемпион болуға мүмкіндігі бар. Өйткені, бұл құрамалар өз топтарында сүрінген жоқ. Сегізден бірінші финалда да қателікке бой алдырмады. Сонымен қатар бірін-бірі алмастырар ойыншыларыда жетерлік және жарақат алған жоқ. Ал, Бразилияны үздіктер қатарына қоспау себебім, бұл ұжымда Неймар ғана аса белсенді. Оны жауып тастайтын болса немесе ауыр жарақат алса, Бразилияның жағдайы мүшкілдеп кетері анық.

Ал, бүгін болатын матчта Швеция мен Швейцария және Колумбия мен Англия құрамалары кездесіп, мықтыларын анықтайды.

Осы орайда Айдос Сарымның фейсбук парақшасында бөліскен болжамын назарларыңызға ұсынамыз. Ол: «бүгін Англия Колумбиядан өтеді. Екеуі де гол салады. Швейцария Швециядан өтеді. Екеуі де гол салады. Негізі екі ойында да интрига бар. Колумбия да, Швеция да ойыншық командалар емес. Дейтұрғанмен Англия мен Швейцарияның жолы болатын сияқты. Көздерінде от пен жеңіске деген құлшыныс басым», — деп болжам жасаған екен белгілі саясаткер.

Айта кетейік, ФИФА ұйымдасырған футболдан әлем чемпионаты осымен 21-ші мәрте жалауын желбіретіп отыр. Тарихқа жүгінсек, футболдан әлем чемпионаты алғаш 1930 жылы шілденің 13-і мен 30-ы аралығында Уругвай елінде өткен екен. Уругвай елі 1924 және 1928 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанғандықтан футболдан тұңғыш әлем чемпионатын өткізу мәртебесіне ие болған. Әлемдік додаға сол уақытта барлығы 13 құрама ғана қатысқан деген дерек бар. Айталық, Уругвай тұңғыш әлем чемпионатын өткізуші ел ғана емес, тұңғыш чемпионы да атанды. Олар финалда Аргентина құрамасымен кездесіп, 4:2 есебімен жеңіске жеткен.

Ал, Ресей жерінде 14 маусым күні бастау алған байрақты бәсеке 15 шілдеде тәмәмдалады деп жоспарлануда. Бақ пен бап таласқа түсер сәтте қай елдің құрамасы топ жаратыны баршамызғы қызық болып тұрғаны рас. Алайда, жоғарыдағы спорт шолушыларының болжамы бойынша әлем чемпионатының бас жүлдесін Бразилия, Франция, Белгия құрамаларының бірі иеленеді деген пайым бар. Анығы алдағы уақыттың еншісінде. Ал, сіз қай құрамаға жанкүйер болып жүрсіз?

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here