«Қора» — қыздың аты

0
48

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы» ММ қолдауымен «Алматы облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің атсалысуымен БАҚ өкілдеріне арналған шара өтті. Талдықорған қаласынан 20 шақырымдай қашықтықта, тау бөктеріндегі әсем табиғат аясында орналасқан «Тау Жетісу» демалыс аймағы журналистер қауымы үшін жұмақ мекеніндей әсер қалдырды. Екі күндік семинар — тренингке арнайы шақырумен келген танымал блогер Марфуға Шапиян кітап оқуға, әлеуметтік желілерді жүргізуге байланысты ой-пікірімен бөлісіп, жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Марфуға Шапиян: «Шетелдік журналистер бесаспап. Өздері фотоға, видеоға да түсіреді, мәтінін де жазады, әлеуметтік желілер арқылы лезде таратады. Мен де біздің жас журналистеріміз осындай болса екен деп тілеймін. Заман ағымынан қалмай, Қазақстанның журналистика саласын жаңа бір белеске, жаңа бір деңгейге көтерсе. Бүгінде интернет журналистиканың артықшылығы — ақпаратты өте жылдам таратуға қолайлы. Мен әлеуметтік желімен байланысты Фейсбуктан бастадым. 2012 жылдан бері жүргізіп, көрген — білгеніммен халықпен бөлісіп келемін. Онда 14 мыңнан аса оқырман бар. Бұл салыстырмалы түрде қарасақ, бір облыстық газеттің тиражы деп айтуға болады. Инстаграмның да аудиториясы өсіп келеді, ондағы оқырман саны 20 мыңдай. Телеграммда 4 мыңға жуық, Ютуб каналында 32 мыңға, Контакт желісінде 10 мыңға жуық жазылушы бар. Бейнеблок жайлы айтсам, Ютуб каналым үш бағытта дамуда. Біріншісі, кітап оқу мәселесіне қатысты. Өйткені, кітап оқуды жастар арасында сәнге айналдырғым келеді. Біреулер «кітапты қалайша сәнге айналдыруға болады?» деп қарсы болуы мүмкін. Менің ойымша, қазіргідей кітап оқымайтын уақытта оны керісінше сәнге айналдырса, жастар заман ағымынан қалыс қалмау үшін оқиды. Солай оқыса, да замандастарым білімдерін шыңдаса екен деген ниетпен насихаттап жүрмін. Екіншісі — саяхат. Өзім саяхаттағанды қатты ұнатамын. Интернет жоқ заманда да жазушылар, журналистер көп білуі үшін саяхаттайтын, бүгінде де ол өзектілігін жоғалтқан жоқ. Адамның дүниетанымын кеңейту үшін де саяхаттау маңызды. Белгілі жазушы Роза Мұқановадан «қалай жақсы жазуға болады» деп сұрағанымда, ол кісі маған «көп саяхаттау керек» деген еді. Ютуб желісін дамытуда саяхат мәселесіне баса мән бердім. Көрген, білгеніммен бөлісемін. Қазақстанның, шет елдердің көрікті жерлерін аралап, бейнежазбаларымда көрсетемін. Үшіншісі, өзімнің рухани әлемім- діни бағытта жұмыс жүргіземін. Әр журналист мақаласын бастамай тұрып, ең әуелі оны оқырманға қалай қызықты етіп жеткізуді ойластыруы керек. Ол үшін, мақаланың өзектілігі, тақырыбының дұрыс қойылуы, әлеуметтік желіде өткізу аса маңызды» — деді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағытындағы мақаласында ішкі туризмді дамыту мәселесі негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылған. Жеті өзені өрнектеген Жетісу өлкесі — шыбық қадасаң, талға айналар, түгін тартсаң, май шығар шұрайлы аймақ. Оны өзіміз тамашалап, өзгеге де таныстыру-міндет. Семинар — тренинг аясында тарихы тереңнен бастау алатын Текелі қаласына арнайы саяхат ұйымдастырылды. Кезінде аты айтып тұрғандай текесі тебіндеген тау шатқалдары мен биік жартастары, құз — шыңдары қатар кездесетін таулы аймаққа 1911 жылы алғаш рет іргесі қаланып, үйлер салына бастапты. Саф ауасы дертке шипа жанға жайлы өлкенің қазба байлығы да әлемге әйгілі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары М.Қаділбеков, М.Юдичев сынды инженер-геологтардың зерттеуі нәтижесінде аймақтан қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, германий табылған. Қорғасын — мырыш комбинаты салынып, Кеңестер Одағына қажетті шикізатты өңдеп шығарды. Саяхат барысында Текелі қалалық балалар мен жасөспірімдерге арналған туристік және өлкетану орталығының бөлім меңгерушісі — Бағлан Сабаншиев Текелі қаласының табиғаты мен аңызды аймақтары жөнінде әңгімелеп, тарихи орындарға бастап алып жүрді. Ең әуелі соғыс кезінде әскери тұтқында болған жапон әскерилерінің жерленген жеріне ат басын тіреп,іштей тәу еттік. Көкейде — жерленген шетел азаматтарының артында іздеушілері бар ма, өздері қандай адам болған деген жауапсыз сауал қалды. Сапар жалғасты. Жалпы, Жетісудың киелі жеті өзенінің бірі — Қаратал бастауын Шажа, Қора, Текелі өзендерінен алатыны белгілі. Ұзындығы 90 шақырымға дейін созылып жатқан Қора-Жоңғар Алатауындағы табиғаты әсем шатқалдардың бірі. Бастауын Бессонов, Тронов, Сапожников атындағы үш мұздақтан алатынын жол бастаушымыз айтып берді. Зерттеушілер «Қора» атауын айнала тау жоталары қоршап, өзеннің терең аңғарына кірер тұс есік секілді болғандықтан, қазақтар «қора», яғни, «аула» деп атаған деген түсінік жазып қалдырған. Шатқалға кіргеннен кейін 50 шақырымнан соң Орта Азиядағы ең үлкен,112 метрлік биіктіктен құлай ағатын «Бұрхан бұлақ» сарқырамасы бар. Ел аузындағы тәмсілге сүйенсек, тарихи атаулар Бұрхан мен Қораның ғашықтық сезімдерінен бастау алған. Ауқатты отбасында өскен Бұрхан жігіт кедейдің Қора есімді қызына құлай ғашық болыпты. Оқиғаға қарсы болған жігіттің анасы баласын тау басынан қамал салғызып, соның ішіне қамап қойса керек. Сарқырама бұлақ болып тасты жарып шыққан жігіттің сезіміне қыздың көз жасы қосылып, мәңгілік бірге болуға уағдаласқан жастардың махаббаты Қора шатқалында өзен болып ағып жатыр. Шатқалдың кіреберісінде «Будда тасы» атанып кеткен белгітас тұр. Екінші аялдаған жеріміз осы киелі орын болды. Республикалық археологиялық ескерткіштер тізіміне енген мұраның ерекшелігі-тасқа қашалып салынған сурет пен ондағы жазу. Тастағы жазуды зерттеушілер көне үнді жазуы деседі. Ал, суретте лотос гүлімен көмкерілген шеңбердің ішінде Будда құдайы отыр. Оны тағымен көтерген белгісіз жан иесінің құйрығы солтүстікке қарай сүйірленген. Тастың сурет салынған беті оңтүстіке қарап тұр.Будданы көтерген басы айдаһар, денесі арыстанға ұқсаған белгісіз тіршілік иесінің сол қолы шығысты, оң қолы батысты меңзегендей. Зерттеушілердің айтуы бойынша тастағы жазуды қалмақ әліпбиімен оқығанда «Ом-ма-ни-пад-мэ-хум», яғни, «саған жалбарынамын, аса қамқор пірәдар» деген мағынаны білдіреді екен. Ол жерде тазару рәсімдері өтіп, онымен байланысқа түскен адам азаптан босап, рухани байлыққа кенеледі деген де түсінік бар. Аңыздар осылай дейді. Ламалардың айтуынша тастың энергетикалық күші шексіз. Тастың төбесіне таяу ортаңғы жағында суға толы шұңқырлау келген ойық бар. Сонда жиналған су қыста қатпай, жазда кеуіп кетпей жыл бойына сақталады екен. Ерекше тастағы суды киелі деп санаған жұрт бетін шайып, тілек тілейтін көрінеді. Жол бастаушымыз тілектердің адамға зияны болмаса міндетті түрде орындалатынын, бұл жайында көп естігенін айтып берді. Екі күндік семинар-тренингтің ақпарат құ-ралдары өкілдері үшін зор пайдасы тиді. Ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз.

Гүлжанат Нұршанова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here