Туған жер ыстық әрқашан

0
56

Жақында Сарыөзекке кіреберісте «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қызметкерлері жерлесіміз, атақты спортшыларымыздың бірі – Азамат Мұқановты қарсы алды.

Аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің әншісі Азамат Үмбетов қазақтың қара домбырасымен әуелете ән шырқап, алыс – жақыннан ат арылтып келген спортшы қауымның көңілін бір көтеріп тастады. Бұдан соң қарағандылық айтыскер ақын Нұрмұхаммед Байсүгіровке кезек берілді.

Азамат Мұқановпен сұхбаттасқанымыз- да, ол:

— «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» деген ғой. Кезінде ауданда, облыста жанашыр, қолдау көрсететін адамдар болмады. Сол себепті «қолдау көрсетеміз» деген ағайындардың шақыруымен 2006 жылы он тоғыз жасымда Батыс Қазақстан облысына кетуіме тура келді. Батыс Қазақстанның әкімі Бақтығожа Салахаддин және Нұрлан Ноғаев (бүгінде Атырау облысының әкімі) зор қолдау көрсетті. Мен спортпен жиырма жыл айналыстым. Осы аралықта он мәрте әлем чемпионатына қатысып, оның төртеуін қола, екеуін алтын, бір күміс медаль мен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағын иелендім. Ұлттық құраманың капитаны болдым. Міне, бір жыл болды өз туған жеріме қайтып оралдым. Спорт саласында өз жұмысымды бастағалы отырмын. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында, «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Туған жерге туыңды тік» дегендей, өзім туып-өскен ауылым – Қоянкөзде, кейінгі ұрпаққа, спортшы жасөспірімдерге өз өнерімді көрсетіп, тәжірибелермен бөлісемін. Ауылдың спортсүйер балалары осы азаматтарға қарап, бой түзеп, үлгі алса, еліміздің бетке ұстар азаматтары болса, туған жеріміздің абыройын асқақтатса деген мақсатпен ауылыма екінші рет келе жатырмын. Ауылдың, ауданның, облыстың белді азаматтары балаларға өздері қолдау көрсетсе деймін. Спортта биікті бағындырар азаматтар осы ауылдардан шығатыны белгілі. Балаларымыз өзге жақтан қолдау іздемей-ақ, өз жерімізден қолдау тауып, өсіп-өніп жатса, абыройы асқақтаса, көк байрағымызды желбіретсе екен деймін. Сонымен қатар, спорттық кездесуден соң республикалық көкпар өткізсек деген ниетпен келе жатқан жайымыз бар. Спортшыларымыз – Әлем чемпионатының жүлдегерлері, «Қазақстан барысы» — барлығы да сол ауылда бас қоспақшымыз, — деді Азамат Мұқанов.

Қоянкөз ауылының түлегі Азамат Мұқанов өзінің жиырма жылдық спорт белесінде биіктерден көрініп, еліміздің абыройын сан мәрте асқақтатты. Ол 2010 жылы Батыс Қазақстан облысы құрама командасының намысын қорғады. 2013 жылы Азамат Мұқанов Бангкокте (Таиланд) өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Осы себептен де Азаматқа 2013 жылдың 1 қыркүйегінде Рио-де-Жанейрода (Бразилия) ересектер арасында дзюдодан өткен әлем чемпионатында үлкен үміт пен сенімді ақтап шықты. Ол өз командасының қоржынына бір медаль салып, Қазақстан командасын әлемдік біріншіліктің жалпы рейтингінің он төртінші орнына жайғастырды. 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Мұқанов алты кездесудің төртеуінде «иппон» әдісімен таза жеңіске жетіп отырды. Ол атақты чемпиондарды — 2009 жылғы Еуропа чемпионы, ресейлік Алим Гадановты, сингапурлық Джоэль Ценгті, ұлыбританиялық Колин Оатсты, жапониялық Масаак Фокуок, украиндық дәрежелі дзюдошы, 2009 жылғы әлем чемпионы титулының иегері Георгий Зантарайларды басып озды. 2013 жылы Бразилия елінде дзюдо бойынша өткен әлем чемпионатында 66 келі салмақ дәрежесі бойынша қатысқан Азамат Мұқанов екінші жүлдеге ие болып, күміс медальды иеленді.

Айнаш МӘМІЛЕНҚЫЗЫ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here