Мұқыры халық театрына 50 жыл

0
73
фото А.Нұршанов

Алматы облысындағы Көксу аудандық Мұқыры халық театрының 50 жылдығы айырықша аталып өтілді. Кеш жүргізушісі – ҚР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал ақын «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы. Жарты ғасыр бойы ұлт мұрасын ұлықтап, халықына өлшеусіз рухани қазына сыйлап келген бұл өнер ордасының орны ерекше. «Бүгінде киелі Жетісу жерінде бірнеше театр бар. Солардың арасындағы шоқтығы биік осы Мұқыры халық театры» — деді, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әлімжанқызы.

Фото А.Нұршанов

 Көксу аудандық мәдениет үйінде өткен мерейтойлық басқосудың шымылдығы аудан әкімі Әділ Алмастың ықыласты лебізімен түрілді. Жиналған жұрт алдында сөз алған аудан әкімі, кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек ері атанған белгілі қоғам қайраткері Нұрмолда Алдабергеновтың өз қолымен құрған Мұқыры театрының өткені мен бүгініне кеңінен тоқталып, ондағы өнер саңылақтарының ұлт мәдениетінің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін ерекше алғыс айтты. Сөзінің соңында Алмас Қабдулұлы театрда ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлердің иығына шапан жауып, жас өнерпаздарды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

фото А.Нұршанов

 Аталған театр директоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал композитор Нүри  Сүлейменов: « Театр  –  рухани қазына. Халық барда салт-дәстүр, ән мен күй, ұлттық өнер ешқашан өшпейді. 1967 жылы құрылған  Мұқыры  театры қилы кезеңдерді бастан өткерді. Тіпті, кешегі тоқырау жылдары мүлде тоқтап қалған. Кейін осындағы өнерсүйер қауымның ұсынысымен аудан атқамінерлерінің жан-жақты қолдауында 2009 жылы қайта жандана бастады. Өткен жылғы шілде айында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оның құрамы кілең жастармен толығып, олар тартымды да  тағылымды  тың қойылымдарды жұрт назарына ұсына бастаған. Мұндағы жас өнерпаздар өрелі өнерімен көпті сүйіндіріп келеді. Енді міне, «Елу жылда ел жаңа» демекші, 50 жылдық мерейлі мерекені атап өтіп жатырмыз. Жалпы бұл театр көптің көңілінен шығып, күткен үмітті ақтайды деп сенемін» — деді.

Кеш барысында Мұқыры театрының  көркемдік жетекшісі Ұлан Ахметов сахналаған «Бес бойдаққа бір той» атты жаңа қойылымның тұсауы кесіліп, қалың өнер сүйер қауымға көтеріңкі  көңіл-күй сыйлады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here