Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы

0
95
фото А.Қажеке

Биыл Алматы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттеріне 100 жыл. Кезінде қазақтың небір қарымды қаламгерлерінің айшықты қолтаңбасымен кең таралып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған баспасөз парағының бүгінде орны ерекше. Заман ағымына сай, сан атаумен жарық көрген ата басылымның өткені мен  бүгіні жайында біз  газеттің бас редакторы,  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Әміре Әрінұлымен арнайы сұқбаттасып қайтқан едік.

фото А. Қажеке

Құрметті Әміре Әрінұлы алдымен ғасырдың үнін ғасырға жалғап, қазіргі  қазақ  баспасөзінің қара шаңырағының бірі бірегейі атанып отырған «Жетісу» газетінің тағлымды тарихына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

 – Көпке мәлім «Жетісу» газеті  тңғыш рет 1918 жылдың 21 маусымында «Жетісу ісші халық мұхпыры» деген атаумен жарық көрген. Газеттің алғашқы санында сол кездегі партияның жарғылары, әскери биліктің үкімдері басылған. Бүгінгідей қоғамдық мәселелерді жан-жақты қаузайтын  бай мазмұнды сан алуан тақырыптарды қамтыған мақалалар мүлде жоқ деуге болады. Себебі, аласапыран заманда билік халыққа тек нақты саяси қадамдар мен соғыс жағдайындағы кейбір әскери операцияларды таныстырумен ғана шектелген. Оқыған үш ұлттың қаламгерлерінің қатысуымен негізі гезетке қазақ, өзбек, қырғыз тілдеріндегі  шағын мақалалар, жарғылар жарияланып, түбі бір түркі халықтарына ортақ көне араб графикасында басылған. Газет  шын мәнінде  халықтың құқығын қорғайтын, мұсылман жұртының  жаңадан құрылған бюросы мен әскери комитеттің халық игілігі үшін жасаған жұмыстарын көрсетіп отырған. Әрбір санындағы жариялымнан қоғамның келбеті, азамат соғысы мен тап тартысының исі аңқып тұрады. Газеттегі ұран сөздер езілген жұртты оятуға, байлар мен қанаушы топты қудалауға, азамат соғысына  ат салысуға бағытталған.  Арада алты ай өткенде, яғни, 1918 жылы 12-ші желтоқсанда бас редакторлығына Сабыржан Шәкіржан есімді азамат бекітіліп,  газет атауы «Көмек» деп өзгертілген.  Атауы да шұбалаң емес, қысқа да нұсқа. Газеттегі «Көмек» атауының астында «саяси және қоғамдық мұсылман-түрік бұқараларының газеті» деген бір сөйлем сөз бар. Біраз уақыт өткенде мұндағы «мұсылман-түрік» сөзі алынып,  «қоғамдық- саяси бұқаралық газет» деген анықтамамен шыққан. Осыған дейін ораза, құрбан айт мерекелеріне қарсы беріліп келген құттықтауларға бірден шектеу қойылған. Бұдан  Кеңес билігінің діни идеологияға мүлде қарсы тұрғаны анық байқалады. «Көмек» басылымында «Телеграф хабарлары» деген арнайы айдар болған. Онда Жетісу жеріндегі ірілі-ұсақты шаруалардан бастап, әлем жаңалықтарына дейін молынан қамтылған. Міне, біз бұдан уақыт өте келе  басылымда нағыз газетке тән стильдің қалыптаса бастағанын анық аңғарамыз. Алайда, сол мезгілде төрт беттен тұратын газетте татар тілі басым еді. Осылай жарық көрген басылым кейін «Ұшқын», «Бұқара», «Кедей еркі», «Тілші», «Сталин жолы», «Коммунизм таңы» деп аталып 1963 жылы «Жетісу» газеті атауы берілген.

  • Жалпы газет атауының жиі ауыстырылуы нені аңғартады. Әлде заман талабы солай болған ба?
  • Ол қоғамдық даму мен үлкен өзгерістерге байланысты екені белгілі. Мәселен, газет «Ұшқын» атауына өзгертілгеннен кейін жыл толмай-ақ «Бұқара» атанды. Онда ғасырлар бойы тұрмыс тауқыметін тартып, езілген елдің сөзін сөйлеуді мақсат тұтқан. Көп өтпей, еңбекшілердің жаңа билігін құру жолында тағы да үлкен өзгерістер болған. Осыдан соң газет атауы «Кедей еркі» болып өзгертіліп, бұрынғыдай аралас тілде емес, тек қазақ тілінде ғана шыққан. Ол мезгілдегі басылым беттерінен қазақтың ата дәстүрі мен асыл дініне жасалған шабуылдар қатаң сынға алына бастаған. Тіпті, жаңылмасам  «Кедей еркі» басылымының 1921 жылғы 8-ші қыркүйектегі санында әйгілі ақын Іляс Жансүгіровтың «Некешілдер» деген өлеңі басылып, «Жаназаға  пара алған»  деген сын мақала жарияланған. Мақалада кейбір молд сымақтардың арсыз әрекеттері ашық әшкерленген. Сондай-ақ, жалпы «Кедей еркі» газеті бағамдағанға 1920-шы жылдардағы қазақ даласын жайлаған аштықты ашық жазып, арсыздықтарды қатаң шенеген ерлігімен құнды.
  • Әр қадамы ақиқат пен аңызға толы «Жетісу» газеті тарихында  елеулі еңбек сіңірген ұлтымыздың қандай танымал тұлғаларының есімін ерекше атап өтуге болады?
  • «Жетісу» газеті негізі қазіргі «Егемен қазақстан» газетінен де бұрын жарық көрген ата басылым. Қазақ даласында орын алған ашаршылық пен қуғын-сүргінді, екінші дүниежүзілік соғыс пен ұлы жеңістің куәсі болып, Тәуелсіздіктің арайлы таңын атырған. Нақтырақ айтсақ, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болған  қазақ баспасөзінің қара шаңырағы. Мұнда бәрін бірдей атап өту қиын. Күні бүгінге дейін қарымды қаламымен танылған қазақтың небір ұл-қыздары қарапайым тілшіден басшылық қызметтерде болды. Тіпті, бергілерді айтпағанда ел үшін істеген еңбегімен ерекше танылған Сара Есова, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов сынды алаш арыстарымен қазақ әдебиетінің қара нарларының қолтаңбасы қалған. Бұдан бөлек газет атауы «Тілші» деп өзгертіліп, араб әрпімен басылған тұста Абдолла Розыбақиев, Қадылбек Сармолдаев, Жұбаныш Бәрібаев, Ыдырыс Көшкінов, Исмайыл Тайыров, Мағазы Масанчи бастаған танымал журналистердің жазбалары көптеп көзге түскен. Ал, газет «Сталин жолы» деген атауға ие болып, латын әрпінде басылған кезде елдің нағыз ашаршылық пен қуғын-сүргін, одан кейін соғыс жылдарына тура келген. Сонда да басылым сол дәуірдегі жаңалықтардың  жаршы бола білген.
  • фото А.Қажеке
  • Халқымызда «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген аталы сөз бар. Енді сол бір қиын қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, ғасыр аттағалы отырған ата басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі, ұстанған бағыты жайында айта кетсеңіз. Әлі есімде Жақыпжан Нұрқожаев башылық еткен 2010 жылдары «Жетісу» газетінің жалпы таралымы 55 мыңға жеткен.  Қазіргі  таралымы қалай?
  • Сан дәуірді бастан өткеріп, сансыз оқиғаларға куә болып келген бұл газет еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін заман ағымына қарай жаңа бағытта жұмыс жасауды қолға алған. Басты ұстанымы – Елбасы атап көрсеткендей жақсылыққа жақ, ақпаратқа нақ болу. Әрине, газет ұжымы кешегі тоқырау жылдары жұртпен бірге тағы біраз қиындықтарға тап болғаны рас. Кешегі Алаш арыстарының алдында қандай қиындықтар тұрып, халық үшін қалай қиналса, газеттің кейінгі буын қаламгерлері де солай қиналды. Дей тұрғанмен, облыс әкімдерінің қолдауымен жоқтан бар жасап, қаламын қару еткен Жетісу журналистері өзекті тақырыптарда орамды ой толғап, сүбелі туындыларымен көптің көңілінен шыға білді. Қоғамдағы орын алған олқылықтарды сынға алып, жұрттың талап тілегін дер кезінде жоғарға жеткізіп тұрды. Нақтырақ айтқанда күні бүгінге дейін газет өзінің халық пен билік арасындағы алтын көпірлік рөлін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде оның таралымы 35 мыңнан асады. Бұл төмен көрсеткіш деуге болмайды. Себебі, қазір халық бұрынғыдай емес, заман ағымына қарай электронды жүйеге көшкен заман. Демек 35 мыңнан астам адам керегін газет беттерінен іздесе, дәл сондай оқырман газеттің сайты арқылы өзіне керекті ақпараттармен қамтылады деген сөз. Осыған байланысты, біз соңғы жылдары «Жетісу» газетіне қаламы қарымды, ойы ұшқыр бірқатар жас журалистерді жұмысқа тарттық. Оларды алдыңғы буын ағаларынан үлгі алып, жан-жақты болуға жол көрсетіп, тәрбиелеудеміз. Оған облыс әкімі Амандық Баталов та үлкен қолдау көрсетуде. Соның нәтижесінде қазір сол жас дарын иелері топ жарып, жүлделі орындардан көріне бастады. Міне, бұл біріншіден, қаламгердің орамды, ойлы шығармаларымен оқырмандарды баурау болса, екіншіден, газеттің абыройын асқақтату. Құдайға шүкір! Қазір газет қалың оқырман қауымы жағынан да зиялы қауым өкілдері жағынан да жоғары баға алып келеді. Мәселен, қазір журналистер газетке қандай тақырыпта, қандай мақала  жазам десе де жол ашық. Тілі жеткенше, сөзі өткенше толғай беруіне болады. Оған көптеген жаңа айдарлар ашылып, бар мүмкіндіктер қарастырылған. Соның бірі  ұлт құндылықтарын дәріптеп, ұятты істерді шенейтін «Ұлт ұяты» деген айқара беттік арнайы айдар бар. Ол ұлттың намысын оятып, жігерін жаниды. Сондай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде  «Жетісу» газеті бұрынды-соңды өз оқырмандары санасынан ойып орын алып, жалпы республика бойынша үздік басылымдар қатарынан еш төмендеген емес.
  • Енді, биылғы, яғни 2018 жылы 21-ші маусымда 100 жасқа толғалы отырған қос басылымның ғасыр тойы қай кезде, қалай аталып өтілмек?
  • Бір ғасыр деген оңай уақыт емес. Оған жеткен де жетпеген де бар. Осы уақыт ішінде қаншама қалам тербеліп, қаншама халыққа рухани азық болар құнды дүниелер жарыққа шықты десеңізші?! Оның үстіне «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің торқалы тойы биылғы Журналистер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Нағыз  «Журналистердің арқалағаны алтын, жегені жантақ» күйде қалып қоймай, әрбір адамның еңбегі ерекше бағаланар сәт осы ғой деп ойлаймын. Осыған байланысты, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының тапсырмасымен өткен жылдан бастап «100 жылдыққа 100 шара» деген бастама қолға алынған болатын. Соның аясында жалпы Жетісу жеріндегі әрбір аудан, қалалардағы оқырмандармен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері арасында спорттың бірнеше түрінен облыстық,  республикалық жарыстар өтті. Сондай-ақ,  оқушылар арасында дүбірлі айтыс болып, республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Осындай аламан жарыстар да қара үзіп шыққан жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен бірге қос газеттің өткені мен бүгіні  жайында деректі филім түсіріліп, арнайы кітап шығару жұмыстары істеліп жатыр. Ғасыр тойының қорытынды шарасы 27 маусым күні «Жастар» саябағында облыс әкімінің қатысуымен өтеді деп күтілуде. Сонда Жетісу жұрты және алыс жақыннан келген меймандар тойдың арнайы бағдарламасымен танысып тамашалай алады.

                                                Әңгімеңізге рахмет, той тойға ұлассын! 

                                                 Сұқбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here