Чемпион журналист

0
77

Билік пен бұқараның арасын байланыстыру мақсатында қолына қалам алып, ақпарат таратуды борышы санаған мамандық иелері — журналистер. Халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ғұмырын мамандығына арнаған жандар жетерлік. Қолынан қаламын тастамаған тұлғалардың арасында басқа да салаларда айтарлықтай жетістікке жеткен жандар аз емес. Солардың бірі емес, бірегейі — «Өлке тынысы» ЖШСдиректоры Жанаділов Мейрам Базарұлы. Жұрт Мейрам Базарұлын диктор, спорт коментаторы ретінде танығанымен, самбодан спорт шебері екенін біле бермейді.

-Сіздің екі саланы да қамтып, басын бір арнаға тоғыстырып, кәсібіңізге айналдыруыңыз мені қатты қызықтырды. Сіз, бала күніңізде журналист болуды армандадыңыз ба? Әлде, спорт қуып, олимпиада чемпионы атануды мақсат тұттыңыз ба? Сондай-ақ, не себепті таңдауыңыз самбоға түсті?

-Мен Көкшетауда туғанмын. Табиғаты керемет Бурабайдың қасында Біржан сал атамыздың туған жері- Степняк деген қала бар. Қазір Біржан сал ауданы деп аталатын ауданда дүниеге келгенмін. Ол оңтүстіктен, яғни, астанамыз Алматыдан шалғай. Бала кезімізде Алматының алмасын теледидар, газет, журналдан, Алатауды тек кинодан ғана көретінбіз. «Шіркін-ай, Алматының алмасын алып жесеғой» — деп аңсайтынбыз. Біздің ауыл мен Бурабайдың арасы 30-40 шақырым ғана жер. Ол уақыт көлік, қазіргідей дамымаған кез. Бурабайға барудың өзі керемет болатын. Мектеп қабырғасында ақыл-есің кіре бастаған кезде «Бір- екі жылда мектеп бітіремін. Мамандық таңдау керек. Мен кім болам?»- деген ой кез келген бозбаланы мазалайды. Әркім өзінің қабілетіне, бойындағы дарынына байланысты болашақ мамандығын таңдайды. Мен, Құдағаш деген ауылдағы 8 жылдық мектепті тәмамдап, Степняктағы Абай атындағы қазақ орта мектеп интернатында 9-10 сыныпты оқыдым. Негізінен, маған журналист болам деген арман 6-7 сыныпта келген. Себебі, сол кезден-ақ, шығармаларды жақсы жазатынмын. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жамаш Нұралин деген ағайымыз болған. Сол кісі «О! Мейрамнан жақсы журналист шығады» — деп жиі айтатын. Журналист деген сөз содан менің санамда қалып қойған. Мұғалімнің айтқаны маған бір леп беріп, республикалық мектеп оқушы-ларының «Қазақстан пионері» газе-
тіне, «Балдырған» журналына материал жіберетін болдым. Бірақ, материалым шықпайтын. Тек, «Айналайын, Мейрам, талабыңа нұр жаусын. Жазғаның жап- жақсы екен. Келесі жолы да осылай жіберіп тұр» — деген хаттар редакциядан келіп тұратын. Газет бетіне шықпаса да, мақалаларымды жіберіп, есесіне көптеген хаттарды қуана жинап жүрдім. 9-сынып оқығанда менің еңбектерім аудандық газеттерге шығып, журналистикаға деген ынтам арта бастады. 9-10 сыныпта гимнастикаға және күреске қатыстым. Себебі, күрестің бір — ақ түрі- еркін күрес ғана болатын. Бірінші жылдан-ақ, мектеп оқушылары арасында ауданда еркін күрестен жарыс өтіп, 3- орынды иелендім. Содан не керек, мектеп бітірер кез келді. Интернатта жүргенде Қайыржан Көпенова деген апайымыз сабақ берген болатын. Ол кісі маған: «Дайын тұрған журналиссің. Мен саған Алматыдағы журналистика факультетіне жолдама алып беремін» — деп одан әрі қанаттандыратын. Содан, журналистика факультетіне менің ауданымнан жолдама болған жоқ. Мен тұрмақ, менің тұқымымнан Алматыны көрген адам жоқ. Бірақ, спортпен айналысып жүрмін. Мектеп бітіргенсоң Алматыдағы журналистика факультетіне баруды ұйғардым. Сонда әкем марқұм: «Әй, айналайын, Алматы- жердің түбі. Ол жерде ешкімді білмейсің. Ол жаққа қалай бармақшысың? Тіптен, оқуға түсе алмайсың ғой» — деді. Содан, жаздық демалыста Қарағандыда тұратын немере ағам қонаққа келді. Ол самбодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болатын. «Сенің спортқа бейімің бар. Алматыдағы журфакты қайтесің? Одан гөрі Қарағандыдағы жаңадан құрылған педагогикалық дене тәрбиесі институтына бар. Самбоның әліппесінен бастап бірге жаттығамыз. Өзім үйретіп, керемет спортшы қылып шығарамын» — деді. Осылайша, жаным журналист болуды қалағанымен, Алматыға баруға мүмкіндік жоқ болып, Қарағандыдағы институттың дене шынықтыру факультетіне 3 пәннен, 3 спорт түрінен емтихан тапсырып, оқуға түстім. Бірінші курста күзде суденттерді ауылшаруашылық жұмыстарына — егін орағына немесе картоп жинауға міндетті түрде жіберетін. Қарағандының түбінде Осакаров деген аудан бар. Сол жерге картоп жинауға бардық. Әлгі жерде «Педагогика — дене тәрбиесі институтының студенттері ауыл шаруашылығының еңбеккерлеріне көмек көрсетіп, күніне осыншама гектардан картоп жинайды» -деп кішкентай ғана мақала жазып, Қарағанды облысының газетіне почта арқылы жібердім. Одан кейін де бірнеше мақалалар жібердім. Бірде, жұмыс бітіп, жатақханаға орналасып, кітапханада газет қарап отырсам, менің материалдарым жарияланыпты, қуандым. Үзбей студенттер жайлы жазып тұрдым. Спорт институтына түссем де журналистиканы бір сәтке жанымнан тастаған жоқпын. Самбоның кимоносын кигеніммен журналист те, спортшы да болуды қатты қаладым. Өзімше «Журналистика факультетіне барған жоқпын. Мен мында спорт қуып, күресіп жатырмын. Бірақ, менің алдымдағы мамандығым — журналист екен» — деп ой түйдім. Сол кезден бастап спорттың барлық түрлерін теориялық тұрғыда меңгеріп, 2 курстан бастап текқана спорт тақырыптарында мақалаларды үздіксіз жазып тұрдым. Қарағанды мемлекеттік институтының филология факультетінің студенттерімен таныстым. Олар жақсы жазатын, өлең шығаратын мен сол факультетте оқитындай жақсы араласып кеттім. Жазуым да шыңдала түсіп, жаңа ұйғарымға келдім. Ағама барып, самбоны жалғастыра бергеніммен, дене шынықтырудан шығып, филология факультетіне қайтадан оқуға түсетінімді айттым. Ағам: «Мейрам, егер де қазір бұл оқуыңды тастасаң, филология факультетінде тағы бес жыл оқуың керек болады. Сөйтіп, жеті жыл оқуыңа тура келеді. Оданда осы оқуыңның енді екі жылын аяқтасаң, төрт жыл ғана уақытың оқуға кетеді, -деді. Еріксіз, оқуымды жалғастырып, түрлі жарыстарға шығып, күрестім. Жарыстармен қатар жақсы спортшы кезіктіріп қалсам, соны жазам. «Лениншіл жас», республиклық спорт газеттеріне де мақалаларымды көптеп жіберіп тұрдым. Сол алғашқы туындыларым әлі күнге дейін сақтаулы. Самбодан аса бір керемет болмаса да, жақсы нәтижелерге жеттім. Студенттер арасында болатын спартакиадаға қатыстым. Жастар арасында Қазақстанның екі мәрте чемпионы болдым. Қарағандыда Кеңес Одағының үш ғарышкерінің атында дәстүрлі турнир өтетін. Сол Турнирде үшінші орын алып, спорт шебері нормативін орындап, спорт шебері атандым. Бірақ, жазуды тастамадым. Сөйтіп жүргенімде, телеарнаға жаңа жылдық жастар хабарына спортшы студент керек болыпты да, мені шақырды. Сол жақта Рабиға Жабаева деген режиссер менің сөйлегенімді ұнатып, жаңалықтар бөліміндегі Сәкен Қалмағанбетов деген кісіге айтыпты: «Мына бір жас жігіт кеше бізде сөйледі, экраннан жақсы көрінеді. Спортты жетік біледі. Өзі сол спорт институтының студенті екен. Әй, спорт коментаторы етіп алмаймыз ба?» — деп, ақылдасып, мені тауып, шақырып алып: «- Сен кешке екі минут спорт жаңалықтарын бер»- деп айтты. Келісіп, спорт ақпараттарын жан-жақтан жинап, бір жарым,екі минут спорттық ақпараттар таратып, телеарнаға спорт коментаторы ретінде аптасына бір — екі рет спорт жаңалықтарын беретін болдым. Осылайша, газетке қарағанда ғаламат дүние болып көрінген теледидарға бет бұра бастадым. 4- курста мені телеарнаның бас редакторы Өтен Ахметов шақырып алып, жастар хабарын жүргізуге ұсыныс жасады. Хабар жүргізу арман ғой, келісе кеттім. Осылайша, әуелде өзім қатысқан хабарды дайындалып қойылған сценаримен жүргізе бастадым. Одан кейін сценариді жазып үйрендім де, керекті адамдарды жинап, барлығын өзім істейтін болдым.
Институтты бітіріп, диплом алдым. Бір хабарым мойнымда қалды. Жауапкершілік қой, дайындап кетуім керек. Ал, ол кезде дипломмен жолдама бойынша жұмысқа барасың. Бармасаң, прокуратурамен қатаң жауапқа тартатын. Сол кезде институттың ректоры, тарих ғылымдарының докторы Дүйсетай Шаймұханов институтты насихаттап жүргендіктен мені жақсы көретін. «Қайда барғың келеді сонда барып жұмыс жасарсың» — деп, маған еркін диплом жазып берді. Бірақ, спорттық институтты тәмамдағаныма әбден қуандым. Себебі, әрбір спортты танып-біліп, үйреніп алдым.Сөйтіп жүргенде, облыстық телеарнадан оңайшылықпен босай қоймайтын бір
орын босап қалды. Бір адам Алматыға партия мектебіне кетіпті. Орнына қабыл-дандым. Облыстық телеарнада 4 жыл жұмыс істедім. Бұрын жазып жүрген газеттерге де мақала жіберіп жүрдім. Спорттан репортаждар түсіріп, сюжеттер дайындап жүрген кезім. Бір күні Алматыдағы қазақтелеарнасы Қарағандының телеарнасына тапсырма береді. Қарағанды облысында үлкен бүкілодақтық самбодан ССР чемпионаты өтпек. Қанат Байшуақов, Алмас Мұсабеков сынды мықтылар күресетін болып, олар жайлы сюжет дайындасын дейді. Спорт жағынан жетік біліп, репортаждар түсіріп жүргенімнен кейін ол жұмысты маған тапсырды. Содан жібергенімді Алматыдан көрсетті. «Дайындаған репортажың осы аптадағы үздік материалдар қатарына енді» — деп құттықтау келді. Келесі жолы берген тапсырманы уақытында дайындап, тағы құттықтау келді. Сөйтіп жүргенде, Несіп Жүнісбаев деген кісі спорт жайлы жазуға «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырды. Ал, мен газетке мақала жібергенім болмаса, істеп көрмегенімдіктен біраз жасқаншақтап жүргенімде Алматыдағы телеарнаға шақырды. «Тәуекел, барайын, біреуіне өтпесем, біреуіне өтермін» — деп Алматыға келдім. Бірінші «Лениншіл жасқа» бардым. Менен үлкенірек, жастары 25-35 шамасындағы жігіттер теннис ойнап жатыр. Барлығын сырттарынан танитынмын — Жақыпжан, Несіп кілең мықты жазатын журналистер. Жазу стильдері өте мықты. Газеттің тілі деген керемет қой. Редакторы — республикалық спортты өте шебер жазатын Сейдахмет Бердіқұлов. Мен бұлармен бірге тең дәрежеде жұмыс істей алмаспын деп ойладым. «Лениншіл жаста» анадай сайыпқырандардың арасында жұмыс жасауға батылым бармады. Шынын айтқанда, осалы жоқ адамдардың құрамында болуға жүрексіндім. Сөйтіп, телеарнаға бардым. Ол жақта Өмірұзақ Жолымбетов деген кісіні тауып алдым. Дияс Омаров, Раббат Жәнібеков, Жақсылық Темірбековтер жүр екен. Мен бұларды тек теледидардан көретінмін. Танымал тұлғалармен жұмыс жасаймын деген қуаныш әп — сәтте жанымды жылыта кетті. Өмірұзақ аға мені телеарна төрағасы Камал Смайыловқа апарып, таныстырды. «Осы жігіт бізге репортаждар жіберетін. Қарағанды облыстық телеарнасында 4 жыл жұмыс жасаған. Өзі дене шынықтыру инстутын бітірген. ҚазМУ-да сырттай журналисикада оқиды екен. (Ол кезде ҚазМУ-ға сырттай бөлімге тапсырған болатынмын) балуан, спорт шебері. Осы жігіт бізге лайық»- деп еді, ол кісі де бірден қабылдай кетті. Осылай, спорт коментаторы болып шыға келдім. Одақ, Республика деңгейіндегі жарыстарды жазуға шыға бастадым. Сөйтіп жүргенде, Кеңес Одағы ыдырап, спорттың деңгейі тез түсе бастады. Жарыстар қаржы тапшылығынан көптеп болмай кетті. Содан спорт редакциясы жабылуға аз қалғанда басшылар мені
90 — жылдары ақпарат редакциясына
ауыстырды. Одан кейін қызметтер өзгеріп отырды. Уақыт өтіп, осы орынға отырдым.

-Жарыста болған қызықты оқиғамен бөлісе кетсеңіз.

— Күрестің бір қиындығы- салмақ қуалауында. Бір салмақта кілең мықты балуандар жиналып қалса, солардың барлығын жарысқа қатыстыру үшін біразын аздырып, кейбірін толдырып, әр түрлі салмақ бойынша бөледі. Кезекті бір жарыста арықтадым да, күрестім. Басында алдыма келгендерін жеңіп жаттым. Жартылай финалға жеткенімде алдымнан қырғыз жігіті шықты. Онымен осы уақытқа дейін кездесіп, көп күш жұмсамай оп-оңай жеңе салғанмын. Дәл бұрынғыдай жеңе саламын ғой деп тұрғанымда, ол мені оңға да, солға да айналдыра бастады. Шаршап қалыппын, күресуге дәрменім жоқ. Бір минут ішінде мені таза ұтып кетті. Қолында «қаңбақ бала» болдым да қалдым Содан кейін, тек өз салмағымда шығатын болдым. Қазір ойлаймын, сол дайын жүрген салмағыммен әбден шынығып, бойыма күш дарытып, шымырлана шықсам, жетістіктерім көп болар еді деп.

— Бүгінгі күні Қазақстанда самбоның беделі қандай?

— Дәл қазір зерттеп, зерделе-мегендіктен Қазақстан спорты жайлы айта алмаймын. Әрине, жанкүйер ретінде олимпиадаларды, түрлі жарыстарды саралап айтар болсам, елімізде самбо кереметтей дами қойған жоқ. Әлі де, даму үстінде. Ал дзюдо, еркін күрес, грек-рим күрестерінің даму қарқыны жақсы. Мысалы, Талдықорғаннан-ақ олимпиадалық ойындардың қола жүлдегері Мәулен Мамыров, күміс иеленген Нұрбақыт Теңізбаев сынды жеңімпаздарымыз шықты.

-Қазіргі таңда спортпен байланысыңыз барма?

— Иә, бүгінгі күні күреспесем де, салауатты өмір салтын ұстанамын. Он бес жылдай басшылық орында болғандықтан қозғалыс көптеп болмайды ғой, сол уақыттардан бері суда жүзумен айналысамын. Уақыт жетіп жатса, аптасына жеті рет, орайы болмаса, бір-екі рет бассейнге барып тұрамын. Ойлап қарасам, бір күнде бір километр де жүрмейді екенмін. Ұялы телефоныма қозғалысымды есептейтін арнайы программалар орнаттым. Мәселен, кеше 700 метрдей жол жүргенмін. Ал, міне бүгін сегіз шақырым жүріп келдім. Осылайша, былтырдан бері жүруді күнделікті дағдыма айналдырдым. Қыс бойы скандинавтік таяқтармен жүрген болатынмын. Жаз шыққалы бері кезек-кезегімен жәй жүріп, тез жүгіруді де қолға алдым. Міне, осылайша, жақсы әдеттердің қатарын арттырып келе жатқан жайым бар.

-Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Тоқан Мадияр, ЖМУ білімгері.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here