Дәрігерлер -мейірімділік символы

0
50

Денсаулық сақтау мәселесі – Елбасы Жолдауында ерекше атап көрсетілген бағыттардың бірі. Стратегиялық құжаттың жетінші бағыты  — үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт. Ендігі кезекте отандық медицина асқынған науқас түрлерін емдеп, көп қаражат жұмсағанша, аурудың алдын алу мақсатындағы  жұмыстарды атқаруға назар аударуда.

Елімізде  цифрлық жүйеге көшу арқылы «қағаз қолданбайтын ауруханаға», яғни медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қолға алынған.

Әдетте, қай жерің ауырса, жаның сол жерде емес пе? Ауру жаныңа батқанда ақ халатты жандардың көмегіне жүгінеміз. Талдықорған қалалық емханасының  «Самал» шағын ауданындағы жалпы тәжірибелік бөлімшеге Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ат басын бұрған едік.

— «Самал» -бұл қаладағы  ең  үлкен шағын  аудан. Себебі, жаңадан бой көтерген аудандар да осы жерде. Біздің ақ халатты дәрігерлеріміз осындағы 23 мыңнан астам тұрғынға қызмет жасайды.

Жалпы тәжірибелік дәрігер- бұл отбасылық маман. Балаларды 6 жастан бастап ересектермен бірге  қабылдайды.  Мұнда 8 жалпы тәжірибелік дәрігер және 27 мейірбике қызмет жасайды.

Ал, балалар дәрігерлеріне    жаңа  туған нәрестеден  5 жасқа дейінгі 3 мыңға жуық бала тіркелген.   4 педиатр мен 10 мейірбике балалар денсаулығы күзетінде. Оның үстіне ауырған жандарға  дәрігерлер барып, кеңес беріп жатады.  Әртүрлі аурулармен жатып қалған мүгедек адамдардың да  қал-жағдайларын сұрап тұрады.

Емханаға келушілердің  дәрігерге кіру талоны компьютер арқылы беріледі. Бұл көрсетілген уақытта келіп, кіретін емделушіге тиімді. Әрі дәрігерлер де күнделікті өзіне  жазылған сырқаттың  санын көреді.

 Сондай-ақ, бізде  ерлер мен әйелдерге арналған алдын ала тексеру  кабинеті  бар. Аурудың алдын алуда  тұрғындардың жас мөлшеріне қарай скринингтік тексерулер болады. Одан да тұрғындар уақтылы өтеді.  Қатерлі ауруларды  ерте бастан анықтауда бұл жүйенің пайдасы зор деп ойлаймын.

«Ауырып ем  іздегенше,  ауырмайтын жол іздеген дұрыс» дер едім тұрғындарға.  Дәрігерлік тілегім — әр адам денсаулығын күтіп, оның қадіріне жетсін. Салауатты өмір салтын ұстансын. Ал медицина қызметкерлерінің барлығын мерекемен құттықтаймын. Мықты денсаулық, кәсіби өсу, табыс, отбасыларына амандық тілеймін,-дейді  емханалық бөлімше меңгерушісі Анар Мұхитова.

 Отбасылық дәрігер

Отбасылық дәрігер- әмбебап дәрігер, ол педиатр, терапевт бола алады. Дәрігер сол отбасының барлық мүшесінің денсаулығын қадағалайды. Осы тәжірибе біздің қалада да қолға алынған. Медициналық көмек түрі отбасылық қағидаға негізделген. Бұл қаншалықты тиімді деген сауалдың жауабын  дәрігерден сұрап білдік.

 Талай жандарға дәрігерлік кеңесін айтқан,   жүректің  қайта соғып, үміт отының  қайта жануына  себепші болған Тулепова  Гүлбазар Рысбайқызының  осы емханалық бөлімшеде  қызмет жасағанына да 12 жылдың жүзі болыпты.  Денсаулық, қашанда баға жетпес байлық. Мұнда  Гүлбазар Рысбайқызы және  тәжірибелі, жоғары дәрежелі мейірбике Гүлзада Қабанбаева мен  Гүлназ Кененбаевалардың көмегіне  күніне  20-25 тұрғын жүгінеді. Қыс кезінде суық тию  аурулары бас көтерген тұста 40-50 сырқаттың  келетін күндері де болған.

 Гүлбазар Рысбайқызын  осы мөлтек аудандағы жас та,  кәрі де таниды. Себебі, ол жалпы тәжірибелік дәрігер, басқаша айтқанда отбасылық дәрігер. Оның  №30 учаскесінде  2780 адам тіркелген. Оның 400-ге жуығы  6 жастан жоғары балалар болса,  700-дейі зейнеткер.

-Отбасылық дәрігердің өзіндік тиімділігі  зор, себебі, ол үйдегі  жанның бәрі  дәрігерлік көмек алады. Өзім ұзақ жыл іш құрылысы  аурулары дәрігері-терапевт болдым.  Жалпы тәжірибелік дәрігер  болған соң   педиатрия бойынша өткен жылы білімімді жетілдірдім.Онлайн негізде емтиханнан өтіп, сертификат алдым. Қазір жасөспірімдер бөлімі деген жоқ.

 Балалар арасында суық тию, жөтел аурулары жиі кездеседі. Жаз шыға  баспа  дейміз ғой, ангина, тамақ ауруы көбейеді. Ал үлкен адамдардың жүрек, қан-тамыры, қан қысымының жоғарылауы,  демікпе, әйелдердің сүт безі аурулары  жиі кездеседі. Балалардың арасындағы  семіздік мәселесі бар. Оның себебі- дұрыс тамақтанбаудан деп ойлаймын.  Кішкентайлар  дайын фастфуттық өнімдерді, тұзы мен қанты көп чипсиді жеп, түрлі  сусындарды  ішеді.  Әр адам өз өміріне жауапты, сондықтан да саналы ғұмырды жарқын өмір сүруге арнауы керек,-дейді Гүлбазар Рысбайқызы.

Жанға дауа сөздерді айтатын, ертелі-кеш ерінбей ел үшін еңбек ететін, ақ халатты абзал жан бір сәт алдында тұрған компьютерін ашып, түскі уақытта басталатын қабылдауына жазылушыларды көріп шықты. Түскі сағат 13-15-ке дейін балалар жазылса, одан арғы сағат 15-18-ге дейінгі аралықта ересектер тізімделіпті.  Қазір ауру тарихы компьютермен жазылып, толтырылып, амбулаториялық  картаға тіркелетін  көрінеді. Бұрынғыдай қолмен толтырылмайды. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізінде медицина саласына енгізілген соны жаңалық.

 Гиппократ  антына берік, әрдайым  ауырған адамдардың жанынан табылатын дәрігер   Гүлбазар Рысбайқызы  1989 жылы Ташкент медициналық институтын бітірген. Отбасылы, жұбайы Жәкен  Жалғасбаев екеуі төрт қыз тәрбиелеп өсірді.  Жолдасы жеке кәсіпкер. Ал үлкен қызы  Гүлина  ана жолын қуған дәрігер болса,  Әйгерім –қаржыгер, АҚШ-тың Лос-Анджелос қаласында  магистратуралық білімін шыңдауда.  Қаламыздағы  М. Арынұлы атындағы №24 лицейді  өткен жылы «Алтын белгіге»  бітірген Айдана бүгінде  С. Асфандияров атындағы  мемлекеттік медициналық    университетінің студенті.   Кенже қызы Жансая  6-сыныпты аяқтады.

Күн санап өсіп, көркейіп келе жатқан қаламыздың әр тұрғынының күзетінде жүрген ақ халатты жандарды мерейі  үстем болсын.  Ел сенімін арқалап жүрген  дәрігерлердің  пікіріне құлақ ассаңыз, салауатты өмір салтын ұстанып,  денсаулығын күткен жандар  ұзақ жасайтындығын  естен шығармайық.

                                                                                              

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here