Болатұғын болжамдар (Қалымбек Құдайбергеновтың пайымы бойынша)

0
207
ғаламтордан алынған
  • Желтоқсан айының 4-5 алғашқы аяз (аздап ауытқуы мүмкін)
  • Желтоқсанның 17-23 аяз,боран,текебұрқасын,арқар жұптасады. Ақыраптың алты күні осы аптада болады.
  • Қаңтардың 10-25 нағыз сары аяз, Үркер тас төбеде тұрады. Қазекемде үркерлі күннің бәрі суық деуі осы Үркер жұлдызының қараша айынан бастап шығыстан шығып батысқа бататынына байланысты болуы керек.
  • Ақпанның 3-5 аралығында Үркер төбеден көрініп шығысқа қарай аууы, ауа райына әсер етіп, өзгереді деседі. Әрине, сәл болса да күн ұзаруы әсер етуі мүмкін ғой. Әрі осы кезеңде күн жарығы да молаяды. 17-23 аралығында- Бөрісырғақ борасын,күн оқтын-оқтын суытып,тұман тұрады.
  • Наурыздың 4-5 жұлдызында-Жылымық (аздап тұман түседі. Ал, наурыздың 14-де қараторғай келіп, еріген мұздың суын ішуі тиіс екен. Егер ол күні келмесе көктем ұзара түседі.Биыл дәл осы жағыдай қайталанды.
  • Сәуірдің 4-5-де соңғы боран. Жалпы, қыстың қытымыр суығы жаздың ыстық күндеріне тура келеді.

«Әйелдер жазы» (бабье лето) 7 күн болады. Қыркүйектің 14-21-не дейін.

«Бесқонақ»- 3 наурыздан 8-наурызға дейін,немесе, 4-9-на дейін.

«Отамалы»-тоғыспен есептелінеді. Мысалы, мамырда Үркер мен Ай тоғысқаннан кейін 11 күн Отамалы болады.Ай мамырдың 25-де тоғысса 11 күн өтіп, 6 маусым күні үсік жүріп, жеңіл-желпі өсімдіктерді үсік шалып кетеді.

Бақылап жүріп,болжай біл:

Көктем жауынды болатын кезде тышқан інін дөң, қырат жерге салады.Егер, құрғақшылық болса- ылди,ой жерден қазады. Құстар ұясын жаңбыр көп жауатын болса-оңтүстікке, ал жауын аз болатын жағдайда ағаштың жапырағы қалыңдау-солтүстік жағына салады. Кешкісін күн қызарып батса-ертеңгі күн ашық болады.

«Алты ай жаз,алты ай қыс» деген, жазда 6 ай бойы Ай тік туады,қыста 6 ай-Ай шалқасынан туады. Астрономияның Аспан туралы бөлімін оқысаңыз да Ай туралы осындай деректерге кезігесіз.Оны білмейтіндер «Осы айда Ай тік туыпты» деп болжам жасап жатады.

Табиғат өзі жаратқан аң-құсына да қамқор.

«Құралайдың салқыны» деп мамырдың 15-нен 21-не дейінгі күннің салқындау болып, жел соғып,тұман түсетін кезеңін айтады. Міне, осы бір жұманың ішінде бөкендер қоздап, аяқтанып кетуі керек. Егер күн жылы болып тұрса, олар міндетті түрде құрттауы мүмкін . Осы уақыт аралығында күн бұлыңғырланып, аздап жауын да жауады. Бөкендерді аңдып жүрген түлкі, қасқыр бұлт жауында үсті су болады да аса шықпайды. Бүркіттен те қауіп аз. Табиғаттың өзі осылайша, бөкендерге қамқорлық жасайды. Және күздің аяғы,қыстың басында матауы (үйірге түсуі) де шыбын құрты жоқ бір жетінің ішінде аяқталады екен.Қандай дәлдік!

 Мына қызыққа да назар аударыңызшы,Барыс (Тау барысы) қыста туады,ал, көктемде жас қоздаған еліктің баласына және буаз елікке тиіспейді. Бұған аңшылардың әбден көзі жеткен, таңғажайып. Тіптен еліктер қасқыр,түлкіден қорғанып, барыстың ініне жақын маңайлап жүріп туатын көрінеді.

Шолпан жұлдызы туған жылы жауын көп болады да, сол жылы қызғалдақ өте қалың болып шығады. Шөп те мол, астық та өнімді көп береді . Д.А.Қонаев ақсақал бір адамын алыс қырға жіберіп қызғалдақ қалай шығыпты деп сұрауы,табиғаттың сырын өте терең білгені ме деп ойлаймын. Европа елдерінің болжауынша ұлу,мешін,барыс жылдары ғана ылғалды болады. Ал, Ай өлараға келсе ауа райы бұзылады. Өлара деп,айдың аяғы 27-28 мен жаңа айдың тууы 1-2-3 аралығын қамтитын 5 күнді айтады. (Ескеретін жайт, тек суық пен ыстық күндер ғана есепке алынады).

Қаздар ұяларынан ерте қаңқылдап, қанатын сермеп, талай жерге дейін көтеріліп ұшса боран соғады. Әр айдың күнін белгілеп алып,әсіресе, қыста боран,қар жауған күндерін жазып қою керек. Сол суық сағат тілінің нақ төменгі жаз айының күніне тура келеді. Сонан өзіңіз де ауа райын дөп басып айтатын болжаушы болып шығасыз.

Мәселен,Желтоқсан-12 ай, сағат та 12-асты маусым-6 айға  тура,

Қаңтар-1 ай-//-1-асты шілде-8

Ақпан-2 ай-//-2 асты тамызға тура келеді-9.

Шолпан жұлдызы және айдың тууы.

Шолпан «жұлдыз» атауымен белгілі. Бірақ, ол- Планета. Бағзы замандардан бері шығыс жақтан 8 жылда май айының 15-нен бастап туып, қыркүйек,қазан айларында батып кетеді де,сонан желтоқсан,қаңтар,ақпан айларында күн батыстан шақырайып туып тұрады. Оны- ең суық айға дәл келгендіктен-«Тұлқатын» деп атайды. Алажидеде 28 жылдай тұрдым. Шолпан жұлдызы 3 рет туды. Әркімге осы туралы айтсам «Ол ылғи туып тұрады ғой» дейді. Күлкіңді келтіреді. Шындығында, ол шығыстан 8 жылда бірақ рет туады.Әзер дәлелдеп, көздерін жеткіздім. Кейін Талдықорғанға көшіп келгенде де көнекөз қариялардан ақырындап сұрап көрсем, «ылғи туып тұрмай ма?» деп өзімнен сұрайды.Сонан 2016 жылы «Шолпан жұлдызы бар ма екен» десем, «Жоқ» екен дейді. Бәрі мақұлдап тұр. Сонан соң «Қайда?Неге?» десем білмейді. Әйтпесе, бой бере ме? Сонан 2017 жылы 15 мамыр күні ерте тұрып шығысқа қараңыздар шам жағып қойғандай жарқырап тұрады деп Арбаттағы үлкен-кішісі,білгіш-оқымыстысы,түрлі басшылық қызметтерді атқарғандары бар,соты,адвокаты бар бәріне осыны айттым.Олар сол уақытта көруге уәде берді. Ертесіне 15 мамыр күні Арбатқа келсем,топ болып қариялар отыр екен. Сәлем берейін деп бұрылсам,өздері де айтысып, көздері жеткен-ау шамасы , Жұмабай деген ақсақал маған қарай жүгіріп келеді. «Қанат,Қанатай, сүйінші-сүйінші! -дейді. Не қуаныш екен десем, «Шолпаның туып ,жарқырап тұр! дейді. Иә, ол биыл туады да жоқ болып, 2025 жылы бірақ туады. Онан 2033,2041 ,2049,2057,2065 әр 8 жыл қосып Мәңгілік туады деп, көздерін жеткізіп,ал, енді Ай қалай туады деймін? Ал,талассын.Біреуі, өткен айда тік туып еді осы айда шалқақ екен кім біледі ,туысы жаман деп қояды.Екі-үш күн таласып әркім өзінікін мақұл көріп қойды. Ақыры менен сұрады. Мен Ай 6 ай қыста шалқасынан,ал, 6 ай жазда тік туады дедім.Бірқатар ғылыми еңбектерде де, астрономияда да осылай тастай етіп жазылған.

Айдың тууын болжайтын болсақ, мәселен,Ай туғанда жарқырап, орақтың ұшы анық көрінсе, ол ай ашық, жауын-шашынсыз болады. Ал, Айдың орағының ұшы күңгірт болып туса, ол айда жазда- жауын-шашынды,қыста-қарлы болады деген сөз. Әрине, білгеннің зияны жоқ. Егер Ай  Үркермен тоғысса міндетті түрде суық боран,қар болады. Тоғысты қыста ғана есептеп көруге болады. Ашық аспанда Ай шығыстан батысқа жүреді.Үркер жұлдызының да жолы солай.

Ай Үркерге жақын орналасса, ай үркерге бір күн қалды, оны «Қоныс қонды» дейді. 2 күні Ай Үркермен беттесіп,Үркер көрінбей қалады. Ол кезде ауа райы бұзылады. 3 күні Ай озып шығады. Міне, тоғыстың бар сыры осы.Бақылап жүрген адамға қызық. Сырына қаныға берсең,28 күнде Ай батыстан туа батып кетеді дағы көрінбей қалады.2-3 жаңасы анық көрінеді. Ал, Темірқазық-адасқанда бірден-бір жол сілтейтін жұлдыз.Оны да бақылаған дұрыс.

Жер сілкінісі туралы ойым.

Әрине, Жер жиі сілкінеді. Менің пайымымда,Жер сілкіну көбінесе, ай,Күн тұтылғаннан кейін  жиі байқалады. Жетісу университетінде отырып, бірде,оқытушыларға ойымды айттым. Содан көп ұзамай Ай тұтылды. Міне, осы 2018 жылы,2-3 күннен кейін жер сілкінді. Түн ішінде өзіме жанашыр болып жүретін Нұртас атты жігіт хабарласып «Аға,айтқаныңыз дәл келді,оны қайдан білесіз?»,- дейді. Бұл менің өмірлік көрген,жинаған тәжірибем. Бірақ,ғылыми тұрғыдан дәлелдерді таба алмадым.

Тоғыс аймен есептеледі.

Ай-бір жылда 13 рет туады. Тоғыстың 13 былай:1-3-5-7-9-11-13-15-17-19-21-23-25;Ай мен Үркер жылына 13 рет тоғысады. Оның ең керегі –қыс айы.Сондықтан, қараша айларында түнде ашық аспанда Айды және Үркерді байқастаса болады. Қыс айына:9-11-13-15-17-19 тоғыстар дәл келеді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here