ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ ЖУРНАЛИСТИКАҒА ТАЛАСЫ

0
116

Әншілер мен әртістер – телеарнаның емес, сахнаның жұлдыздары. Журналистикаға олардың әсте таласы болмауы керек. Себебі, екі саланың арнасы бөлек, талабы басқа. Алдыңа әкелген дайын сценарийді оқып беру – журналистика емес. Бірақ, гастрольдік сапармен әлемді шарлап жүрген таланттарымыздың сценарий жазуға, халық арасында жүріп, ақпарат іздеуге қайдан уақыты болсын?! Мұхтар Шерімнің «Әншілер шабуылы» деген достық әзілінде айтылғандай, шоу бизнес жұлдыздары микрофон, әуен, ноталармен қаруланып, қазақ телеарнасын басып алды. Ал, тележурналистер ұрыс салудың орнына, екі қолдарын көтеріп, өз еріктерімен тұтқынға түседі. Аша Матайдың әскері осылайша, телеарнада өз үстемдігін жүргізе бастаған. Сатирик бұны «достық әзіл» дегенімен, арғы жағында ащы шындық жатыр. Екінші мамандық етіп меңгеріп алғандарды есепке алмағанда, журналистиканың иісі мұрындарына бармайтын жүргізушісымақтардың саны қаптап кетті. Телевизияның ойын-сауықтық, көрермендердің көңіл көтеруі сынды үшінші бағыттағы жобалары алдыңғы екеуіне қарағанда басымдықпен көш бастап тұр. Ал, осындай бағдарламалардың тізгіні, өздеріңіз көріп отырғандай, әншілер мен актерлердің қолында. Ендеше, газеттің бүгінгі санында шоу бизнес өкілдерінің журналистиканы дипломсыз-ақ қалай «меңгеріп» алғандарын және тілшілердің еңбегі неге экраннан тысқары қалып жатқанын талқылап көрейік.

Журналистика – жанкешті мамандық дегенімізбен, сала басшылары 4 жыл бакалавриат, 2 жыл магистратураны оқып бітірген маманды емес, журналистикаға еш қатысы жоқ, бірақ, ара-арасында аты аталғанда елдің құлағы елеңдейтін танымал тұлғаларды жұмысқа шақырады. Соған реніш білдіретін тілшілер көп болғанымен, барлығы бірдей заңды орнын ала алмай келе жатыр.
Қарап тұрсаң, ақпаратты жинайтын да, дайын күйде оны диктор, жүргізушілердің алдына ұсынатын да журналист. Алайда, халық тек экрандағы адамның жүзін ғана көреді. Телеарнаның жұмысына қанық болмаған жұрт бір жүргізушінің артында дүйім түсірілім тобы бар екенін ескере бермейді.Ал, сахна саңлақтарына бағдарлама тізгінін беру нар еңбектің алпауыттарының мүлде ескерілмеуіне алып келеді. Шындығында, түсірілімге белсене атсалысып, бар күш-жігерін жұмсаған журналистің құқығы басым емес пе? Бірақ, ауқымды жобаларды жүргізу үшін алдымен елге танылуы керек. Соған қарағанда, телеарна да өз алдына журналистердің шоу бизнесіне айналып кеткен бе дерсің.
Әр телеарнада кемінде 3-4 бағдарламаны әншілер мен актерлер жүргізеді. Соңғы уақыттары аса танымалдылыққа ие болып отырған жобалардың бірсыпырасы танымал тұлғалардың тізгінінде болса, қалғаны осы жұлдыздардың өнері мен өмірінен сыр шертеді. Бір ғана «Хабар» телеарнасында 5 жоба таза әншілер жайында түсірілуде. Одан бөлек,«Таңғы Хабар», «Кім мықты?», «Тарих. Тағдыр. Тұлға», «Пай-пай, 25» бағдарламалары да жарық жұлдыздардың қатысуынсыз жарыққа шықпайды. Бұлардың қатарында «Қазақстан» мен «Евразия» каналдары да бар. Әсіресе, «31 арна» Информбюроға арнайы «жұлдызды жаңалықтарды»енгізіп, «Айта берсін» арқылы танымал тұлғалардың өмірі жайында сыбыс сөздерге дейін айтқызып жүр. Оларды, тіпті, жаңалық деп атаудың өзі ұят. Себебі, әңгіме шығармашылығы жайында емес, сахна сыртында қалуға тиісті жеке өмірі туралы өрбиді. Бір өкініштісі, азаннан кешке дейін танымал адамдардың сыр-құпиялары мен басына түскен қиындықтарын айтып жүретін осындай ақпарат құралдары мен арналардың саны күннен — күнге көбейіп барады. Әннен шашу шашып жүрген «Гәкку», «Muzzone» сияқты телеарналар болмаса, басқаларына мұның қажеті не дерсің. Қанша жерден пір тұтары, сүйікті әртісі болғанымен, көрермен біреудің жеке өмірінің құпиясына қанығып, табары бар ма?! Одан да интеллектуалдық қасиетті дамытатын қызықты ойындар мен танымдық бағыттағы пайдалы бағдарламаларды көбірек жасаған абзал. Алайда, соның өзі де бүгінде жұлдыздарсыз түсірілмейтін болды. Оларсыз телеарна жабылып қалардай «күй кешіп тұр».
Осыған қатысты, редактор қызметін атқарып жүрген тележурналистермен сөйлесіп, пікірлерін сұрап білдік. Белді де беделді бағдарламаның жарыққа шығуына атсалысып жүрген әріптесіміз біраз жайттың бетін ашып берді.
Айжан (бүркеншік ат) түгелдей жұмысты істеп, сценарийді дайын күйде әншінің қолына ұстатып, қарым-қабілеті бола тұра, өзі дайындаған жобаны өзі жүргізе алмауы жанына қатты бататынын ашып айтты. Бұған қоса, білетіні аз, қатысы жоқ мәселе болса да, дауысымен, көркімен танымал адамдарды студияға қонаққа шақыруға тырысады. Сондай-ақ, дау-дамайға ұласып кететін, жұлдыздардың өмірі туралы сыр шертетін бағдарлама сандары көп рейтинг жинайды. Себебі, олар халықтың назарын еріксіз аударып әкетеді. Телеарналардың кейбірі таза рейтинг үшін ғана жұмыс істейтіндіктен, көп жағдайда осындай тақырыптарға басымдық береді. Оның үстіне, «Қалаулым» мен «Кел, келінім» жобасын қалың көрермен назарына ұсынып отырған бір түсірілім тобы екенін жеткізді. Бағдарламаның қатысушылары түгелдей актерлер. Жобаның әр санында студияға танымал тұлғаларды да қонаққа шақырып отырады. Бір сөзбен айтқанда, «Қалаулым» жұлдыздарға, тіпті, қарапайым адамдар үшін де жарнаманың көзіне айналып кетті.
Аты аталған бағдарламалар салт-дәстүр, мәдениетке кереғар істерімен де сынға ұшыраған болатын. Алайда, Айжанның сөзіне сүйенсек, олардың басты мақсаты да осы. Шындығында, «Қалаулым» форматындағы бағдарлама Түркияда «Зохал Топал» атымен түсіріліп, соңы ұрыс-төбелес, жанжал болып кеткендіктен жабылып қалған. Сол сияқты, алғашында елдің қызығушылығын оятып, көптің назарын еріксіз аударып әкеткенімен, бүгінде таза шоуға айналып, көзбояушылыққа белең алдырған жобаны біздің елде де құзырлы органдардың араласуынсыз жабу мүмкін емес сияқты.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесі ҚР Ақпарат және телекоммуникациялар министрлігі ағымдағы жылдың 25-ші сәуіріне дейін жобаны жабу туралы шешім шығарған болатын. Көрші елдің ескірген телебағдарламаларының сәтсіз көшірмесі деп танып, ұлттық мәдениетімізге нұқсан келтіреді деген шешіммен әрі қарай жұмыс жасауына шектеу қойған. Алайда, өздеріңіз көріп отырғандай бағдарлама әлі де эфирден алынбады.
Біреуін жаба алмай жатқанда, түріктер тағы бір осындай форматтағы бағдарламаны шығарып үлгерді. Бүгінде «Кел, келінім» де дәл «Қалаулым» сияқты көптің наразылығын тудырып отыр. Бұл аз десеңіздер, уақыт өте келе мұндай жобалардың саны тағы да арта түседі деген ақпарат бар. Осыған байланысты «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызының пікірін сұрап білдік. Нәзия ханым екі жобада ұлттық құндылықтарға жат дүниелерді насихаттап келеді, ұяңдық пен «ұят болады» деген келелі қасиетті мүлде ұмыт қалдырды деп күйінді.
– Өз басым мұндай бағдарламалардың берілуіне қарсымын. Үлкен-кіші бірдей көріп отырғанына қарамастан, жат нәрселер айтылып, талқыланады, ұрыс-төбелес болып жатады. Қазақы менталитетімізге қайшы мұндай дүниелерді телеарнадан көрсетуге мүлде болмайды және құзырлы органдар тексеріп, жобаны жауып тастауы керек деп есептеймін, – дейді Н.Жоямергенқызы.
Әрине, түріктер бізге бауыр. Бірақ, бұл телеарна мен бұқаралық ақпарат құралдары түгелдей өзіміздің ықпалымызда болуы қажет.«Қазақ телевизиясы сыртқы ақпарат ағынына тосқауыл қоя білуі керек» деп Елбасымыздың өзі мәлімдеген болатын. Қай заманда болсын баспасөз құралдарын шетел азаматтарының қолына беру азаттығыңды бергендей қауіпті саналған. Бұл қағиданы қанша заман өтсе де ескерусіз қалдыруға болмайды.
Сөз қадірін кетірген, ұрыс-жанжалға бейім адамдар мен танымалдыларға жарнама жасап жүрген бағдарламалар телеарналарға ешқандай қадағалаудың, көркемдік кеңестің атауымен жоқ екенін көрсетеді. Жазушылар Одағының мүшесі, ақын әрі тәуелсіз журналист Бекжан Әшірбаевтың сөзіне сүйенсек, қазір Одақтың бұрынғыдай мұндай дүниелерді тексеруге құзыреті жетпейді. Оған, әрине, ешкімді кінәлауға болмайды. Алайда, ескерусіз қалдыруға тағы болмас. Қайтадан Кеңес дәуіріндегідей кеңес құрып, телеарналардың да, театр қойылымдары мен әншілердіңде репертуарларын тексеріп отыру керек сияқты. Бірақ, қазірде телеарналардағы осындай мәселелерді Көркемдік кеңес іспеттес ұйымдар емес аутсорсингта отырғандар шешуде.
Қадағалаудың жоқтығынан қаншама әнші, актерлер эфирде журналистік этиканы сақтамайтынын да байқап жүрміз. Б.Әшірбаев осындай бір жағдайды мысалға келтірді. Бірер жыл бұрын Толқын Сейдоллақызының «КТК» телеарнасында жүріп жатқан бір бағдарламасына Ұлықбек Есдәулетпен бірге қонақ болып барады. Құмырсқаның илеуіндей бағдарламаларды үйіп, барлығын бір күнге топтастырып қойғандықтан, сағат 19.00 деп шақырғанымен, түнгі сағат 3-те бірақ басталады. Сол күткен алтын уақытын бағалап, сыйласымдылық танытқанның орнына журналистік білімі жоқ жүргізуші Ұлықбек Оразбайұлына «Ақын адам кедей болуы керек қой. Осыған қалай қарайсыз?» деп сұрақ қояды. Бекжан мырзаның айтуынша, бұл жағдай журналистке академиялық білімнің жетіспеуінен әрі телеарналарға қатаң қадағалаудың жоқтығынан осындай кем-кетіктер, келеңсіздіктер жиі болып жатады.
– Телеарналардағы ала-құлалықтардың орын алуы мына бәсекелестік ортаға төтеп бере алмай, аутсорсингқа кетіп қалуынан. Мысалға, бағдарламаны түк-пірдің-түкпірінде түсіреді де, кішкене флэшкаға жазып, оны прогонмен Астанаға жібереді. Ол жерде стилін қарап жатқан кім бар. Әдеби норма деген жоқ. Диалектика, анайы сөздер кетіп жатыр ма оны бақылайтындар да жоқ. Хабардың барлығы флэшкамен жіберіп, жоғарғы жақпен келісу арқылы,әйтеуір, эфирге шығып жатыр. «Хабар», «Қазақстан» арнасында жұмыс істейтін таныстарым, достарым бар. Олар телеарнада шығармашылық деген мүлде өлді ғой деп өз алаңдаушылықтарын білдірген, – дейді Б.Әшірбаев.
Сонда телеарнаны гүлдендіріп, жандандыратын, қателіктерін түзеп, жөнге салатын журналист жоқ па әлде қауқары жетпей ме? Негізінде, заңды орнын қайтарып ала алмай жүрген телеарна тілшілерінің «әскері» әлі күнге дейін жұлдыздарға толыққанды тойтарыс бере алмауының басты себебі, өздері де бірінші кезекте танымалдылыққа тырысуында. Шалабайлыққа салынып, көп ізденіп, көп тәжірибе жинағанның орнына, тезірек ел алдына шығуды көксегенінде. Ал, халық бірден кез келгенді қабылдай бермейді. Сондықтан, көптің сұранысына қарай, тележобалардың продюсерлері де елдің көзі көріп үйренген сахна жұлдыздарын жұмысқа шақырады.
Н. Жоямергенқызының пікірінше, бұл тек рейтинг жинау ғана емес, кәсіби маман жетіспеушілігінен де орын алып отырған жағдай. Оған дәлел ретінде қалаларды аралап өткізіп жүрген семинар-тренингке журналистердің аз жиналуын мысалға келтірді.
– Түркітілдес журналистер қорының президенті ретінде соңғы 3 жылдан бері шетелдерге жас журналистерді апарып жүрмін және елімізде тек қазақша жазатын тілшілер үшін телеарна, газет, радио, сайт, порталдарға арнап арнайы сабақтар өткіземін. Оған Лондоннан, Түркиядан да мамандар келеді. Өзіміздің де мамандар атсалысып жүр. Бірақ, өкінішке орай, білуге ұмтылатын журналистер аз. Орта буыннан жоғары қарай келуге ыңғайсызданады, ал, жастар жағы көп білем деп ойлай ма, әйтеуір, аз жиналады, – дей келе Нәзия ханым жас тілшілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға емес, беті жылтырап эфирге шығуға құмар екендігін тілге тиек етті. – Соңғы жылдары журналистикаға келіп жатқандар халыққа қызмет етуді емес, халыққа тезірек танылуды мақсат етіп, атақ-даңқты ғана көксейді. Оларға қарағанда әншілер жаңалыққа құмар әрі тез бейімделгіш келеді. Техниканың жетілуінің арқасында олардың журналистерге, бұқаралық ақпарат құралдарына деген мұқтаждығын, тәуелділігін бәсеңдетті. Оның үстіне, әншілердің өнерін дәріптейтін «Той думан», «Гәкку» сияқты арналардың ешқайсысында тележурналистерді көрген жоқпын. Болса дағы сценариий жазып беріп, экраннан тыс жүрмесе, былай жоқ. Енді барып, олардың қолынан атағын не микрафонын тартып ала алмайсың. Біздің қаруымыз – кәсіби шеберлігіміз, – деп бәсекелестікке төтеп берудің жалғыз жолы — кәсіпқойлық екенін жеткізді. Бұған маңызды қадамдардың бірі – шет тілдерді үйрену. Әсіресе, ағылшын тілін жетік меңгеру арқылы білімді арттыру қажет деп кеңес берді.
Кәсіби деңгейге жеткен журналистер саны артқан сайын, қазақ телевизиясы дами түспек. Оның қарыштап дамуы да, не тоқырап қалуы да тілшілерге байланысты болмақ. Телевизияға 60 жыл толса да, Түркия телеарнасымен салыстырғанда біз 20 жыл артта қалып келеміз. Біздің қазіргі «бастан өткерген» журналистикадағы кем-кетіктер мен қиындықтарды олар бізден бұрын өткеріп тастаған. Бізден гөрі нақты жүйеге келтірілген. Бағдарламалары 45 минут, ұзақ дегеннің өзінде 1 сағаттан аспайды. Телевизиялық хабарлар аз, қоғамдық ортадан, көшеден алынатын сауалнамалар көп, соларға сәйкес жауап беретін саясаткерлер, органдар, мемлекеттік қызметкерлер студия қонақтары болып келеді. Қазақтар сияқты бағдарламалардың бәріне жұлдыздарды қонақ қыла бермейді, керісінше, жоғарыда айтылғандай сол іске нақты қатысы бар заңды тұлғаларды ғана студияға шақырады. Ең бастысы, авторлық құқықты қатаң сақтайды. Ал, елімізде күні бүгінге дейін «менің жобамды ұрлап алды» деп қаншама журналист сотқа шағымданды. Осыдан-ақ, қазақ телевизиясының дамуына не кедергі келтіріп отырғанын көруге болады. Түркітілдес журналистер қорының президенті айтқандай,бізге қарағанда олардың даму қарқыны әлдеқайда жоғары әрі алдағы уақытта оларды тез-ақ қуып жете аламыз деу қиын.
– БАҚ туралы заңға енгізілген соңғы өзгертулер мен толықтырулар қазақ журналистикасының дамуын тежейді. Журналистік зерттеу, репортаж сияқты ең маңызды жанр түрлері жоғалып кетті. Тіпті, қарапайым хабар түсіргеннің өзінде біреу келіп, арыз жазып, сотқа шағымдануға құқығы бар. Осылардың бәрі бізді артқа тартып,қазақ журналистикасының дамуын тежеп отыр. Дегенмен, кәсіби шеберлігі жоғары болса, кез келген жағдайда тілшілер өз нанын тауып жей алары анық. Техниканың сәт сайын жаңарып отыруы тағы бар. Сол себепті дөп басып бір нәрсе айтуға да болмас, – дейді Нәзия ханым.

P.S. Тоқсан ауыз сөздің түйіні мынадай – қалай дегенмен де әр маман өз саласында қызмет еткені дұрыс. Жүргізуші – жүгі ауыр маман болғандықтан, оның бар артықшылығы мен қиыншылығын бағдарламаны дайындауға атсалысқан журналистердің өздері арқалағаны абзал. Мұндай зор міндетті иеленіп, заңды орнын қайтарып алу үшін тілшілер қауымы білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлікке ұмтылуы тиіс. Ал, күміс көмей әншілеріміз бен таланатты да талапты сахна саңлақтары мәдениетімізді дамытып, қазақ атын әлемге әйгілі ете берсін. Біз қашанда оларды мақтан тұтамыз. Бірақ, танымал жұлдыз деп олардан көпсалалы маман жасаудың қажеті жоқ. Тележобалар адам сүйсініп көретіндей қызықты болса, бәрібір жерде қалмайды.

Әсем ЖҰМАҚАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here