Кербұлақтың аяқкиіміне сұраныс көп

0
58
Дереккөз

Алматы облысының Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы Асқат Талғарбаев заман талабына сай еңбектенетін ерекше азамат. 2 топ мүгедегі туғанынан есту және сөйлеу қабілетінен айырылған. Алайда,ол мұны «бұл тек бір ғана мүмкіндіктің шектелгені» деп есептейді. Оған қоса  шығармашылық дарынға, ерекше күш-қуатқа ие жан. Сондықтан да алдына қойған мақсат-міндеттерін сабырлық танытып,орындап келеді.

Кәсіпкерлер палатасының Кербұлақ аудандық филиалының басшысы Болат Тастанбековтың айтуынша, Асқат филиалға келіп, кәсіпкерлік саласындағы соңғы жаңалықтар мен өзгерістер туралы жиі біліп тұрады.«Сегіз қырлы,бір сырлы шебер Асқатқа аяқ киім тігу мен жөндеу цехын ашуды ұсындық. Бұл істе тәжірибесі бар. Өндірісті ұйымдастыру үрдісімен таныстырып, бизнес-жоспарды әзірлеп бердік. Кейін сурдоаудармасы бар «Бизнес Кеңесші» жобасына жазылды. Оқуғақатысып, білімін жетілдірген соң мемлекеттік грант алуға өтінім берілді», — деді Болат Тастанбеков.

Асқат Талғарбаев жобасын сәтті қорғап, комиссияның шешімімен «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында ақысыз грантқа ие болды. 1,5 млн.теңге қаражат қажетті құрал-жабдықтар, шикізат алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, жас бизнес өкіліне Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы тіркеу, құжаттарды дайындау бойынша сүйемелдеп, қолдау көрсетті.Аяқ киім тігу мен жөндеу цехы өткен жылдың соңында салтанатты түрде ашылды. Шараға аудан басшылығы, тұрғындар, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда цехта Асқат сияқты мүмкіндігі шектеулі үш адам жұмыс істейді. Айына 40 пар аяқ киім тігіледі. Бұйымға қажетті былғары Шығыс Қазақстаннан әкелінсе, ұсақ-түйек заттар ресейлік өндірушілердікі. Айта кету керек, аз уақыт ішінде ASKHAT брендімен шығарылған отандық өнімдер көпшіліктің ықыласына бөленіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар келіп түсуде.

«Жақында біз жүнді теріден тігілген жылы етікке Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан 2000 данаға тапсырыс алдық. Ендігі мақсат осы сынды бұйымдардың үлкен көлемін орындау үшін цехты кеңейту. Сонымен бірге, балаларға арналған аяқ киімдерді шығаруды да жоспарлап отырмыз», — дейді кәсіпкер Асқат Талғарбаев.

Еске салып өтейік, 2017 жылы Алматы облысында кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бизнес Кеңесші» екі күндік оқу курсына 1300-дей азамат қатысып, олардың 200-ге жуығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 120 қатысушы жалпы сомасы 340,4 млн теңге көлеміндегі қаржыландыруға қол жеткізді.

Өз тілшіміз.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here