Кәсіподақ жұмысы нығаяды

0
82
Дереккөз

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында еңбек қатынастарын жан-жақты дамыту туралы айта келіп, бұл мәселелерде Қазақстандағы кәсіподақтар федерациясының алдына нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған байланысты, кәсіподақтардың рөлін заң жүзінде күшейту қажеттігі жөнінде тың жобалар мен ұсыныстар енгізілді.

Жуырда Кербұлақ ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектеп кітапханасында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымының» ұйымдастыруымен «Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларына арналған «Кәсіподақ жұмысының негізі және оны нығайту» атты семинар кеңес өтті.

Семинарға Талдықорған аумақтық ұйымының бас маманы Ләйла Сағынғалиқызы, аумақтық ұйымының бас маманы Мэлс Төлепбергенов, аталмыш ұйымының бас есепшісі Айгүл Арымбаева, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жақан Дуанаев , бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз кезегін білім және ғылым қызметкерлері Талдықорған аумақтық ұйымының бас маманы Ләйла Сағынғалиқызы алды:

-Құрметті кәсіподақ мүшелері! Елбасымыз «Кәсіподақтар әрқашанда жалдамалы еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы нақты институт  болған және  бола  береді» деген еді. Өйткені, кәсіподақ ұйымдары азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамту барысында да еңбек тәртібінің, құқығының бұзылмауын қадағалап, туындаған мәселелерді шешуде елеулі рөл атқарады. Бүгінгі семинардың мақсаты — есеп беру-сайлау науқанына бастауыш кәсіподақ ұйымының дайындығын реттеу. Соған бәріміз бір ауыздан атсалысайық,-деп аяқтады сөзін. Өз кезектерінде сөз алған Төлепбергенов Мэлс Құлмұханұлы «Өндірістік кеңес және техникалық инспектордың жұмысы», Арымбаева Айгүл Ыбырайқызы «Кәсіподақ ұйымдары қаржы қызметінің заңнамалық базасы, кәсіподақ ұйымының қаржы саясаты» атты баяндамалар жасады.

Бұдан соң баяндамашыларға сұрақтар қойылып, жиналғандар ой-пікірлерімен алмасты.

Семинарды аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Дуанаев Жақан Ноғайбайұлы қорытындылап, осындай маңызы зор семинар-кеңес ұйымдастырған Талдықорған аумақтық ұйымының мамандарына алғыс білдірді.

Иә, келелі кеңесте кәсіподақ ұйымы жұмысындағы маңызды болып табылатын өндірістік кеңес және техникалық инспектордың жұмысы туралы, 2018 жылғы есеп беру сайлау науқанына бастауыш кәсіподақ ұйымының дайындығы, қаржы қызметінің базасы, қаржы саясаты, еңбек заңнамаларының негіздері, еңбек даулары мен оларды шешу жолдары туралы сөз болды. Аталмыш семинар бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының біліктілігінің артуына да үлкен септігін тигізді деп ойлаймыз.

Дидар АСҚАРҰЛЫ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here