Талдықорған әлі де көркейіп, түрлене түседі — Дастан Шалтабаев

0
303
Фото авторы А.Нұршанов

24-мамыр күні Талдықорған қаласына Шалтабаев Дастан Тұрарбекұлы әкім болып тағайындалды. Жаңа әкім алғаш болып біздің сайтқа сұхбат беруге келісті.  Қала әкімімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Дастан Тұрарбекұлы, Жетісудың астанасы – Талдықорған қаласының әкімі болып жұмысқа кірісіп жатырсыз. Жұмысты неден бастайсыз? Қай салаға басымдық бересіз?

— Талдықорған өмір сүруге қолайлы, сұлу көркімен,  халқының пейілімен тамсандыратын қала. Әрі жылдан-жылға көркейіп, өсіп келеді. Таяуда ғана Елбасы Талдықорғанға келген сапарында облыс орталығының дамуына жоғары баға беріп кетті. Мені облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы осы қызметке тағайындағанда бірнеше нақты міндеттер жүктеген болатын. Олардың ішінде Президент тапсырмаларын тиянақты орындау, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттырып, денсаулығын нығайту бойынша кешенді жұмыстар атқаруымыз керек. Сондай-ақ, қаланың коммуналдық шаруашылығын жетілдіру, тазалығын сақтау, абаттандыру, сәулеттік келбетін нығайту, газдандару жұмыстарын сапалы жүргізу мәселесі күн тәртібінде тұр. Қалада Кеңес заманында салынған үйлер көп. Әбден тозығы жеткен аулалар да жетерлік. Соларды жаңғырту жоспарда бар. Жалпы, басымдық барлық салаға беріледі. Біреуін бөліп- жарып айтуға болмас.

— Былтыр Талдықорған үшін тарихи сәт – қалаға газ келді. Газбен бірге көптеген мәселелер келді. Бүлінген жол, шаңы көтерілген көше секілді. Бұл проблемалар қашан шешіледі?

— Ия, газдандыру жұмыстары қалада қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы, қала аумағында 1370 шақырым газ құбыры тартылуы керек. Қазірге дейін оның 500 шақырымнан астамы жүргізілді. Жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін қалған құбыр тартылады. Ал, Еркін, Өтенай аулдық округтері мен саяжай массивтеріне газ тарту мәселесі келесі жылдың жоспарына енгізіледі. Жалпы, газдандыру жұмыстары бойынша негізгі тапсырыс беруші Алматы облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Бірақ, біз де сырт қалмаймыз. Қала ішіндегі қазылған жерлердің, бүлінген көше жолдарының дер кезінде қалпына келтіруін қадағалаймыз. Мердігер мекемелер жұмыстарын жоспарға сай жүргізсе, келесі жылы бүлінген көше, көтерілген шаң деген мәселе болмауы керек. Қазіргі қолайсыздықтар – алдағы жарқын өмірдің кепілі десем артық емес. Уақытша қиын болғанымен, халық табиғи газды тұтынғанда рахатын көреді. Бүгін ғана қаланың газ жүріп жатқан барлық нысандарын аралап, өз көзіммен көріп шықтым. Біраз атқарар іс бар. Дегенмен, бастаған жұмысымызды діттеген уақытында бітіреміз деп сендіре аламын. Талдықорғандықтар алдағы уақытта отын-көмір сатып алу, от жағу, күл шығару секілді жұмыстардан құтылады. Сонымен қатар, газдың келуімен қаланың экологиясы да жақсаратыны шындық. Сондықтан, сәл шыдаңыздар дегім келеді.

— Сізге дейін қаланы басқарған әкімдер жабайы сауда мәселесін күн тәртібінен түсірген жоқ. Рейдтер өткізді. Айыппұлдар салды. Дегенмен, мәселенің маңызы жойылған жоқ. Осыған қатысты жоспарыңыз қандай?

— Жабайы сауда дегеннен гөрі мұны адамдардың қауіпсіздігі деп қараған дұрыс. Қаланың орталығындағы ірі сауда үйлерінің маңында жапсырыла салынған дүңгіршіктер көп. Төтенше жағдай бола қалса, сауда үйлеріне қауіпсіздік техникалары жете алмай қалады. Себеп – әлгі дүңгіршіктер жолды бөгеп тастаған. Одан бөлек, жапсырма дүкендер ғимаратқа келіп тұрған электр қуатына ортақтасады. Тұтынушының шамадан тыс көп болуы электр желісінің балқып кетуіне, салдарынан өрттің шығуына себеп болады. Менің білуімше, осы «Қарағаш» сауда үйі 2-3 рет отқа оранды. Өзге де адам көп шоғырланған орындарда төтенше жағдай болмас үшін сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Ол үшін сауда үйлерінің иелерімен ақылдаса отырып шаралар қабылдайтын боламын. Бүгінде менің бұйрығыммен қалалық архитектура, жер қатынастары, кәсіпкерлік бөлімі, жергілікті полиция қызметі бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Жұмыс одан әрі де жалғаса береді.

— Бүгінде аса өзекті мәселе – менингит дерті боп тұр. Талдықорғанның өзінде 2 адамның өмірін жалмап кетті. Қазір мектептегі жазғы лагерлер жұмысы тоқтап тұр. Балабақшада бүлдіршіндер саны аз. Халықтың бойында үрей бар. Бұл бағытта не істеп жатырсыздар?

— Ия, өте өкінішті жағдай. Бізде бұл індеттен Айша есімді 5 жастағы қыз бен Расул есімді бозбала көз жұмды. Мезгілсіз келген қазаға байланысты марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Қазір қаламызда тағы 3 адам ауруханада жатыр. Оның екеуі талдықорғандық болса, бір азамат Көксу ауданының тұрғыны. Қазіргі кезде науқастармен байланыста болған 400-ден аса адам зертханалық тексеруден өткізілуде. Ауру анықталған орындар тиісінше өңделіп, зарарсыздандырылуда. Зертханалық тексеру нәтижесі Айшамен байланыста болған 44 адамды дерттен таза деп таныды. Ал, Расул оқыған Талдықорған медициналық колледжінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, білімгерлер мен оқытушылар бетперде тағып жүр. Ал, мектеп жанындағы лагерлер жұмысына келсек, 18-маусымға дейін  жұмыстарын уақытша шегердік. Жазғы лагерлер ұйымдастырылатын ғимараттар толық санитарлық өңдеуден өткізіліп жатыр. Қазір халықтың даурығуына еш негіз жоқ. Жағдай бақылауда.

— Енді азды-кемді өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

— Бала күнімізден ата-анамыздың тәрбиесінде болдық. Бізді ешқашан өтірік айтпа, біреудің ала жібін аттама деп тәрбиеледі. Осы қағиданы берік ұстанып өстік. Жоғарғы оқу орнының студенті атанып, өмір көрдік. Оқудан кейін әскерде борышымды өтедім. Ал алғашқы қадамым мемлекеттік қызметтен басталып, қоғамға араласып, тәжірбие жинақтадық. Бірақ, ата-анамыздың берген тәрбиесін ұмытпадық. Азамат болып қалыптасқанда, қандай істі бастасаң да аяғына дейін жеткізу керек деген принцип ұстандым. Бұл қандай шаруаға да байланысты. Не жасасам да соңына дейін орындау – менің мақсатыма айналды.

— Әлеуметтік желілер бүгінде қоғамның барометрі секілді. Халық қуанышы мен ренішін сонда білдіріп жатады. Әлеуметтік желіде жиі отырасыз ба?

— Менің негізгі мамандығым мен алғашқы салам нақты сектор болса да, кейінгі бірер жыл әлеуметтік саланы басқардым. Ал, қазіргі жауапкершілік тіптен үлкен. Сондықтан, күніне бір уақыт әлеуметтік желіні ақтарып шыққанды өзімнің міндетім санаймын. Қол тимей жатқан сәттері 2-3 күнде бір кіріп қоямын ғаламторға. Қазірдің өзінде менің жеке парақшаларыма талдықорғандықтар тарапынан ұсыныс, пікірлер, сұрақтар түсіп жатыр. Оларға барынша дер кезінде жауап беруге тырысамын.

— Сіз бақытты әкесіз бе?

— Әрине. Отбасы тәрбиесінде бір ұл, бір қыз. Біз облыспен бірге 2001 жылы осында көшіп келгенде қызым енді ғана бір жастан асса, ұлым 3-4 айлық сәби еді. Екеуі де осы Талдықорғанда қанаттанды. М.Ломоносов атындағы мектепте оқыды. Кейін жұмыс барысымен Алматыға көштік. Биыл ұлым да, қызым да мектеп бітіріп отыр. Қызым Назарбаев зияткерлік мектебін 12 жылдықпен аяқтаса, ұлым Алматыдағы Жәутіков атындағы   физика-математика мектебін бітірді. Үнемі менің тілеуімді тілеп, балаларымды тәрбиелеп отырған жарым бар. Өзімді бақытты әкемін  деп есептеймін.

— Бос уақытта немен айналысқанды ұнатасыз? Спорттың қай түріне икеміңіз бар?

— Мемлекеттік қызметте бос уақыт тапшы. Ондай сәттер бола қалса, отбасыммен бірге болғанды, балаларыммен, бауырларыммен футбол ойнағанды ұнатамын. Жастау кезімде күреспен айналысқанмын. Уақыттың аздығынан одан қол үзіп қалдым.  Саятшылыққа, аңшылыққа деген құмарлық әр қазақтың қанында бар ғой. Уақыт болса, аңға шығып қайтамын. Айналаға дүрбі салып, табиғаттың көркіне тамсанып, жүрекке ғана естілер әуенін тыңдаған қандай керемет десеңізші.

— Қарапайым адам ретінде қандай арманыңыз бар?

— Арманым – әлемде жер көлемі бойынша 9-орында тұрған қуатты мемлекеттің халқы көбейсе. Табысы тасқындап, ырысы еселенген елге айналсақ деймін. Тәуелсіздігімізді тұғырландырып, бірлігімізді нығайта түссек. Осы жолда өзімнің қолымнан келгенше қызметімді атқарсам деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Данияр Болысбекұлы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here