Ендігі әкелер форумы Талдықорғанда өтуі мүмкін

0
284

Таяуда Ақтөбе қаласында III республикалық әкелер форумы өткен болатын. Алқалы жиынға отбасылық өмірі мен қызметте елеулі жетістікке жеткен бес жүзге жуық әке қатысты. Олардың қатарында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев та бар. Жақында ғана 8 баланың әкесі атанған талдықорғандық батыр әкенің сол форумда сөйлеген сөзі ғаламтор арқылы тарап, жұртшылық тарапынан зор ықыласқа бөленіп жатыр. Осы орайда еліміздің Әкелер одағының төрағасы Жұматаев Қуаныш Жетпісбайұлымен хабарласып, пікірін жазып алған едік.

Айтуынша, биылғы әкелер форумының деңгейі әлдеқайда өскен. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен Әкелер одағы бірлесе ұйымдастырған шараның мақсаты – отбасы тәрбиесін кеңінен насихаттау, бала тәрбиесіндегі әке рөлін күшейту, дәстүрлі отбасы институтының маңыздылығын дәріптеу. Биылғы форум “Қамқор әке – бақытты балалық” жобасы аясында өткізілді.

«Форум өтетін қаланы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия таңдайды. Онда негізінен әкелер қауымының қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы, жақсы нәтиже көрсетуі ескеріледі. Осы орайда биылғы форумда өте салиқалы баяндама жасаған Талдықорған қаласынан келген делегат Мәрлен Қапашұлы елдің назарын өзіне ерекше аударды. Сондықтан, алдағы әкелер форумы Талдықорғада өтуі мүмкін деп айтуға толық негіз бар» дейді еліміздң Әкелер одағының төрағасы.

«Қазіргі әкелерге қатысты қоғамда түрлі әңгімелер бар. Жігіттеріміз бос, бұрынғыдай әкелер жоқ, бала тәрбиесінде әкелер рөлі әлсіз деген сыңайлы. Біз осы пікірді өзгертуге күш салмақпыз. Ол үшін сайдың тасындай болған үлгілі әкелерді дәріптеуіміз керек. Мәселен, сіздердің жерлестеріңіз Мәрлен Көлбаевты алайық. Жан-жақты, дәстүрлі қазақ отбасында өскен қарапайым жігіт. Өзінің балаларын да сол қазақи тәрбиемен өсіріп отыр. Өнер мен білімге, спортқа ерте бастан баулыған. Егер әр азамат өз бала-шағасын осылай тәрбиелесе, әкелердің адресіне сын тағылмас еді. Балаларымыз беті басы мен шашын түрлі-түсті бояп алған жұлдыздарға қызықпас еді деп ойлаймын. Сондықтан, бір-бірімізден үйренейік, жаманнан жиренейік дегім келеді» дейді Қуаныш Жұматаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here