Қуғын-сүргін қасіреті

0
61
фото Ж.Төлегенова

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылық пен қабаттаса келген саяси қуғын-сүргін  қасіреті  әлі де жұрт жанында. Нақты дерек көздеріне жүгінсек, сол кездері ұлан-ғайыр қазақ даласынан 103 мыңнан астам адам жер аударылса, оның 25 мыңы өлім жазасына үкім етілген. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Мағазы Масаншы, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, сынды Алаш арыстары мен белгілі қоғам қайраткерлері бар.  

Осыған байланысты, Елбасы жарлығымен 31 мамыр  «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітілсе, 1993 жылы 14 сәуірдегі қабылданған алғашқы заң сол жылдары жазықсыз  жәбір көрген жандарды жаппай ақтап алуға зор мүмкіндік берді. Міне, содан бері барын бағамдап, жоғын түгендеген халқымыз жыл сайын мамыр айының соңғы күнінде қапыда кеткен ел боздақтарын еске алумен келеді. Алайда, қазірге дейін еш дерексіз кеткендер қаншама?

фото Ж.Төлегенова

Биыл құрылғанына 100 жыл толып отырған Алматы облыстық ІІД-нің ақпарттық-талдау орталығы дәл осындай жалған жаланың құрбандығына айналған жандардан дерек іздегендерге үнемі қол ұшын беріп келген бірден-бір мекеме. Аталған орталық басшысының орынбасары Жанар Тұрғанбекованың айтуынша, 2014 жылы ІІМ ҰҚК-інен қуғын-сүргінмен сотталып, одан «жазықсыз» деп ақталғандардың қылмыстық істері жөнінде мұрағат құжаттарын қабылдап алған. Оның  ішінде қуғын-сүргінге ұшырағандар, Кеңес одағы кезіндегі сарбаздар, Ұлы Отан соғысында қолға түскен тұтқындар, соғыс кезінде еш дерексіз кеткендердің іс материялдары бар. Осы барыста Алматы облысы ІІД-нің ақпараттық-талдау орталығына қуғын-сүргін зардабын шеккен 8 мың адамның мұрағат материалы берілген. Оны орталық қызметкерлері арнайы балансқа қойып,  дұрыс сақталуын қамтамасыз еткен. Құжаттағы әрбір адамның өмір дерегінен аштық, жоқшылық азабымен қатар қуғындалып жер аударылғанын анық аңғаруға болады, – дейді Жанар Әлкенқызы.

Ет жақындарын зарыға күтіп дерек іздегендер әрдайым осы орталық қызметіне жүгінеді екен. Бүгінгі күнге дейін  ақпаттық-талдау орталығындағы қызметкерлердің көмегімен  он неше адам өз жақындары жайлы деректер тауып, фото суреттерін алған.  Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Соның бірі Розагүл Сайтова деген азаматшаның өтініші бойынша  табылған Айса Баратов есімді адам.  1906 жылы туған бұл адам 1938 жылы  3-ші наурызда Жаркент ауданында тыңшылық ұйымына қатысқан деген айыппен тұтқындалған. Сол жылдың 5-ші қыркүйегінде КСРО ішкі істер халық комиссариатының шешімімен өлімге үкім етілген. Бұйрық 17 қыркүйекте орындалған.  Алайда, 1963 жылы Түркістан әскери округінің анықтамасымен құрамында ешқандай қылмыс белгісі болмағандықтан,  алдыңғы шешімнің күші жойылып,  іс тоқтатылған. Ол адам туралы құжаттар арасынан оның атылғаны және соңынан ақталғаны  туралы нақты мәліметтер жазылып, төлқұжатымен бірге түптелген. Бұл деректер әкесі қайтыс болғанда небәрі 7 жасында қалып, қазір 90 жасқа жуықтаған қызы Айымханға табысталған. Мұндай адамдардың тағдыры кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Қазір ҚР ІІМ-нің ведомстволық  WEB-порталында арнайы ақпарат іздеуге арналған «Мемориал» сервисі құрылған. Осы арқылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы және олардың ақталғаны ақталмағаны жөнінде нақты деректер алуға болады. Сонымен бірге өткен жылы Алаш арыстарының бірі әйгілі ақын Ілияс Жансүгіровтың  іс құжаты табылып  мұражайға табыс етілген. Алматы қаласындағы ІІД-де сақталған құжатта 1937 жылы І. Жансүгіровке қатысты қылмысты іс қозғалып, 1938 жылдың 26-шы ақпанында 44 жасында атылғаны анық көрсетілген. Хаттама арасында ақынның жеке паспортымен атар алдында түсірілген ақтық суреті болған. Қорытып айтқанда, кезінде ел үшін, жер үшін шейіт болған боздақтар есімін ардақтап, кейінгі ұрпақты ұлтжанды, отансүйкіштікке баулу бүгінгі Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының басты парызы екені ақиқат.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here