Cпорт – бейбітшілік елшісі, мемлекетіміздің мәртебесі

0
234
Дереккөз

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен республикалық «Сенің жаңа қырың» спорттық акциясы өтті. Еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатын көздеген шара Астана қаласынан бастау алды. Сондай-ақ, телекөпір арқылы Шымкент, Өскемен, Петропавл және Ақтау қалалары да онлайн трансляцияға шығып, ауқымды шараға қолдау көрсетті.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы барша қауымды Елбасының бастамасын қолдап, челленджге қатысуға шақырды. Астанадан берілген старттан соң, жоғарыда атап өткен қалалар арнайы музыканың сүйемелдеуімен кешенді жаттығулар жасап шықты. Акция аясында белгілі спорт, мәдениет, БАҚ өкілдері дене шынықтыру жаттығуларын жасап, қазақстандықтарды спортпен айналысуға шақырды. Олардың қатарында Серік  Сәпиев, Василий Левит, Ұлан Рысқұл және Гюзаль Манюрова сынды елімізге танымал тұлғалар бар.

Естеріңізге салайық, 22 мамырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев республикалық спорттық «Challenge Другой ты!» шарасына қолдау білдіріп, видеоүндеу арқылы қазақстандарды спортпен айналысуға шақырған болатын. Елбасы өзінің үндеуінде: «Спортпен шұғылдану, дене күші мен адам денсаулығын нығайтумен қатар, ерік, табандылық, табысқа ұмтылу сынды жоғары моральдық рухани қасиеттерді қалыптастырады. Осындай күшті меңгерген адам өмірдің барлық салаласында кез-келген проблемаға төтеп бере алады. Сол себепті біздің мемлекет спорт пен дене шынықтырудың дамуына үлкен мән береді», — деп атап өтті.

Сонымен қатар қазақтандықтардың спортпен айналысуына барлық жағдай қарастырылғандығын айтып, еліміздің әр өңірінде түрлі спорттық секциялар салынып жатқандығын тілге тиек еті. Мемлекет басшысы сөзінің соңында бүгінгі әлемді тез өсіп келе жатқан экономикаға теңеді. «Бизнесті, ғылымды, барлық жаңа технологияларды жасау үшін денсаулық керек және адамға осыны іске асыру үшін спортпен шұғылдануына тура келеді», — деді Н.Назарбаев.

Нұрбақыт Теңізбаев, грек-рим күресінен Бейжің-2008 Олимпиадасының күміс жүлдегері: — Тәуелсіздігімізді алғалы бері Елбасымыздың басшылығымен елімізде спортты дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылды, атқарылып келеді де. Ол кісінің спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосатындығы қуантады. Міне, соның нәтижесінде саңлақтарымыз үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды биіктен желбіретіп жүр. Мемлекет басшысы «Сенің жаңа қырың» спорттық акциясына қолдау білдіріп, қазақстандықтарға әрдайым спортпен шұғылданып жүрудің артықшылықтарын қарапайым тілмен айтып берді. Бұл өз кезегінде спортшыларға үлкен жігер бергендей.

Мерей Сүйінов, каратэдан Әлем және Азия чемпионы: — Қазір халықтың басым бөлігі спортпен шұғылдануға немқұрайды қарайтыны жасырын емес. Денсаулыққа зиян келтіретін шылым мен ішімдіктен құтыла алмай жүрген, арықтаймын деп әр түрлі дәрісымақты пайдаланатын адамдар баршылық. Бұл – бүгінгі күнде көлденең тартып отырған көкейкесті мәселе. Соның бәрінен арылу үшін адамға дене шынықтырумен айналысып спорт және туризм арқылы саламатты өмір салтын бекем ұстануы керек деп ойлаймын. Жақында Президент «Challenge Другой ты!» шарасына қолдау білдіріп, барша халықты спортпен шұғылдануға шақырды. Бұл ауқымды шараның маңызы зор. Елбасы видеоүндеуінде күні бүгінге дейін өзінің де спортпен шұғылданатынын айтып, жастарға үлкен үлгі көрсетті.

Ербол Қоңыратов, грек-рим күресінен ҚР-ның Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы: — Бізге бұқаралық спортты дамыту керек. Экономикасы дамыған елдер бұл көрсеткішті 30 және одан да көп пайызға жеткізуге тырысып бағуда. Саламатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту аса маңызды. Мұның адамның бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір амал екені даусыз. «Сенің жаңа қырың» спорттық акциясына қолдау білдіріп отырған Елбасымыз осыны меңзеп отыр. Халқымыз спортқа ерекше ден қойып, ұлттық болмысымызды сақтауға көбірек көңіл бөлсе жаман болмаймыз деп ойлаймын.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here