«Айналайынның» өз шаттығы бар

0
116

Бұл өмірде ананың  ақ  сүті  мен мейіріміне жетер не бар? Оның мейірлене айтқан «Айналайын, құлыным, ботам, балапаным» деген жылы сөзіне зәру балалар бар арамызда. Алайда, сол ананың ыстық алақанын алмастырып, бар ыстық ықыласын арнап жүргендерді  қаламыздағы  «Айналайын» балалар үйінен табасыз.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Бала – жүректің жемісі, жаннаттың райхан гүлі» деп айтқандай, мұндағы ақ жүректі тәрбиешілер 124 баланы қанатының астына алған. Мектепке  дейінгі тәрбиеленуші-9,  мектеп жасындағысы-115.

— Балалар үйінің  басқа  білім мекемелерінен – балабақша мен мектептен айырмашылығы көп.  Мұндағы жұмыс  — өмірімнің белгілі бір стилі іспеттес, тіпті күнделікті өмірге деген өзіндік көзқарасты, басқаша ойлауды қалыптастырады.  Тағы бір ерекшелік — үлкен жүктеме мен ауқымды жауапкершілік. Әр баланың қабағына қарап, мектептен қалай келеді- деп көңіл-күйлерін бағамыз. Осындағы 52 қыз бен 72 ер балаға барлық жағдай қарастырылған. 8 жатын, демалатын бөлме, 72 орындық асхана, кір жуатын орын, 25 орындық моншамыз бар. Ал,  жазғы уақытта 120 балаға арналған Ескелді ауданында  демалыс-сауықтыру лагері жұмыс жасайды.

Өткен жылы 11-сыныпты Сабина Нұрсиланова деген қызымыз бітіріп, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ спорт және дене шынықтыру мамандығына түсті. Өзі спортқа жақын еді. Ал 9 –сыныпты аяқтаған  25 бала колледждерге орналастырылды. Мамандық алып шығып, өмірден өз  орындарын тапса дейміз.  Біздің балалар үнемі  келіп, хабарласып тұрады. Өздерінің жетістіктерін айтып, кішкентайларға ақыл айтады.  2017-2018 оқу жылында да 26 түлек бітіреді,-дейді «Айналайын» балалар үйі» КММ директоры Жадыра Сейсембаева.

 Бұл шаңырақ ашылғаннан бергі 21 жылдың аралығында  342 тәрбиеленуші  түлеп ұшты. Оның 35-і жоғары оқу орындарына, 299-ы колледжде, 8-і кадет корпусында білім алды. Ал 2006 жылдан бері 51 тәрбиеленуші мемлекет тарапынан баспанамен қамтамасыз етіліпті.

Қашанда олардың көңілі – өз шаңырағы болғандығын аңсайды. 2014 жылы 2 баланы асырап алушылар табылса, тағы екеуі қамқоршылыққа, 6 –уы өз отбасына оралған. Өткен 2017 жылы да біреуі асырауға,  жетеуі қамқоршылыққа, 3-патронатқа,  5-еуі отбасы үлгісіндегі балалар үйіне, тағы бесеуі асырап алушыға берілсе,  туған шаңырағына 14 бала қайтыпты. Үстіміздегі жылы да бір баланы  патронаттық тәрбиемен асырап алған. «Жетісу» жетімдер үйінсіз» жобасы бойынша 2016 жылдың қарашасынан-2018 жылға дейін 40 бала отбасына орналастырылды. Олардың  ішінде 17 бала өз отбасына қайтса, 5-еуі патронаттық тәрбиеге, 8-і қамқоршылыққа, бесеуі отбасы үлгісіндегі балалар үйіне, 5 бала қабылдаушы отбасында тәрбиеленуде.

Балалар үйіндегі   әрқилы тағдырмен түскен  жеткіншектерге жағдай жасау арқылы жанұялық жылу беру және оларды қоғамда өз ісіне жауап бере алатын жеке тұлға ретінде қалыптастыру- біздің міндетіміз дейді жомарт жүректі тәрбиешілер.  Әрине, мұндағы 8 топтың  балаларының әрқайсысы өзінше тұлға. «Бөбек» мектепалды даярлық тобы саналса, «Жігер», «Жетісу», «Ұлан», «Мерей»-ер балалар тобы болса, «Арай», «Үміт», «Жазира» бойжеткендердің  орналасқан тобы.

Еліміздің ертеңі жеткіншектердің  болашағына зор үмітпен қарап, тәрбиелеп отырған «Айналайын»  балалар үйінде  өнерге, биге, қолөнерге  баулитын үйірмелер жұмыс жасайды. Алматы облыстық білім басқармасының дәстүрлі өткізетін «Ең үздік интернаттық мекеме» байқауының 2006, 2008, 2009,  2010, 2012, 2013, 2014 жылдары бірінші орынды иеленді. Ал, республикалық «Білім ұясы» байқауында –екінші орынды жеңіп алды. Мекеме тәрбиеленушілері өнер мен спортта, қолөнерімен көзге түсіп келеді. Мәселен, халықаралық «Кинотаврик»  балалардың өнер  фестивалінде  тамаша өнерлерімен танылған  «Пана» драматеатры бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Облыстық «Таңшолпан» байқауында 2012-2014 жылдары бас жүлде, республикалық «Мен көрген әлем, менің шабытты өмірім» атты көркемөнер байқауында Мария Федорович –екінші орынды иеленіпті.

Сабина Нұрсиланова мен Зарина Илясова индорхоккейден спорт шеберлері. Ал, Қымбат Сейітқазы «Бесарыс» командасының ойыншысы болса, Станислав Чернов каратэден жеңімпаз. Зілтемірші Елена Нетребенко, Альфия Гарифуллина, Любовь Новомлинова, Мария Надежкина  ауыр атлетикадан бірнеше дүркін жеңімпаз атанды. Олар республикалық  турнирде топ жарып жүр.

Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін өтетін «Жетісу өрнегі» би байқауында «Айналайын» халықтық ән-би ансамблі қазіргі заман биін орындап, жүлделі болды. Назарбаев зияткерлік мектебінде  ұйымдастырылған «Жамбыл оқулары»  байқауында Дарья Степанова 3-орын алса, тілдік олимпиадада «Сөз шебері»  бағытында А. Беланосова 2-орынға лайық деп табылды.

Ұстаздар арасында өткен сайыста Бағлан Рамазанов  облыстың үздік тәрбиешісі атанды. «Балалар әлемді бейнелейді» атты халықаралық жарыста Ангелина Витионова дипломмен марапатталды.

 Ән айтып, би билейтін, сурет салатын балалардың жаны сұлулыққа құштар. Сондықтан да болар, олардың өнер байқауында топ жаруы  заңды тәрізді.   Кішкентай жүректерге үміт отын сыйлап жүрген  тәрбиешілер қауымы әр баланың өмірден өз орнын тауып, жақсы азамат болып қалыптасуын ғана тілейді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here