Беймарал (новелла)

0
210

Қарымды қаламгер Асхат Бақытұлы Өмірбаев 1982 жылы 16 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылында дүниеге келген. Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін және Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің магистратурасын тәмәмдаған. Қазіргі уақытта Алматы облысы, Қаратал аудандық «Қаратал» газетінде директор-бас редактор болып қызмет етеді.  ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Журналистика магистрі. «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен марапатталған. Республикалық «Үркер — Үміт» бәйгесінің, халықаралық «Дарабоз» байқауының жүлдегері.  Сондай-ақ,  «Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесінің «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша, «Балаларға арналған үздік ертегілер» номинациясы бойынша республикалық байқаудың жеңімпазы. «Мен сізге ғашықпын», «Туған жер», «Кім ақылды?»  сынды прозалық кітаптары жарық көрген.

фото дереккөз

Айдаһардай ысқырып, табан астындағы қара жерді тітіркенте теңселтіп, қозыкөш жерден түтіні будақтаған пойыз көрінді. Ақ көде баяу желмен тербелген, бұталардағы бозторғайлар әнін бұзған ащы айғай сайын даланы дірдек қақтырды. Шырт ұйқыда жатқан самофорлар көзін жыпылықтатып, теміржол вокзалы маңындағы міз бақпас рельстер дірілдеп кетті.

«Құрметті жолаушылар! Бірінші жолға Астана-Алматы жүрдек пойызы келе жатыр. Сақ болыңыздар!» деген коммутатордың дауысы перронды түгел шарлап кетті. Әні-міне дегенше жолаушылар вокзалдан сөмкелерін сүйрете шығып, бой көрсете бастады. Сәлден соң жауынқұрттай шұбатылған пойыз мен келе жатырмын дегендей ащы дауыспен айғай салды.

Бұл кезде құлаққап киіп, жүрегінің қағысынан дүрсілі көп музыкаға еліткен Балпаң рельстерге жақындап қалғанын аңғарған жоқ. Пойыз вокзалдың етегіне келіп жеткенде әлгі сабаз қаперсіз теріс қарап, ән тыңдап тұрды. Кенет біреу ту сыртынан асқан жылдамдықпен өзіне тартып қалды. Анау болса шапшыған; құлақ қабын шешіп, алға ұмтыла бергенде денесін жанай өткен пойыздың құлақ тұндырар дауысын естіп, шошып кетті.

— Саған не керек? – деп алға өршелене түсті. Мұртты жігіт сасқан жоқ:

— Көзіңе қарасаңшы, пойыздың астына түсіп кете жаздадың ғой, — деді. Балпаң мойнын бұрып, тым жақын өтіп бара жатқан пойызды көз шалғанда шошып кетті. Жүрегі атқақтай соғып, сергек сезімталдықпен алға қарай бернеше қадам жасап үлгерді.

— Ох, әкең!… – деді сосын, маңдайынан бұрқ етіп шыққан терді сүртіп. Қараса, қарсы алдында тұрған мұртты жігіт сөмкесін иығына асып, сапырылысқан адамдардың арасына сіңіп үлгеріпті. Жұрттың бәрі өз вагондарын іздеп сабылып кеткенде, Балпаң әлі есеңгіреп, бір орнында тапжылмай, мүсіндей қалшиып қалып еді. Жолаушылардың бәрі вагондарға кіріп, сыртта тек жолсеріктер қалғанда ғана есін жиды. Жақын маңда тұрған жолсеріктің бірі:

— Сіздікі нешінші вагон еді?  — деп сұрағанша міз бақпастан тұра берер ме еді?

-А-а, қазір қарайын, — деп қалтасын түгел адалап шықты. Билет жоқ. «Жоғалтып алмасам жарар еді» деп портмонесін, сөмкесінің қалтасын қарап шықты.

— Қазір пойыз жүреді, тездетіңіз. Есікті жабамыз, — деді вагон тұтқасынан ұстап, басқыштың үстіне шыққан жолсерік. Балпаң қипақтап қалды.

— А, міне, мында екен… Так… менікі бесінші вагон.

— Бесінші вагон пойыздың ана басында, — деп жолсерік айтып үлгергенше, пойыз қозғалып кетті. — Тездетіп, вагонға секіріп мініңіз, әйтпесе қалып қоясыз, — деп дауыстады. Балпаң ауыр сөмкесін қолына ұстап жүріп кеткен пойыздың соңынан жүгіре жөнелді. Қолы тұтқаны ұстап, аяғы басқышқа ілінгенде пойыз зымырай жөнелді.

— Пойыздың басына дейін жүре беріңіз, — деді жолсерік. – Тамбурға жетіп, вагондар қосылған жерден өткенде байқаңыз.

Балпаң бірнеше вагонның ішімен жүріп келе жатты. Теңселіп келе жатқан пойызда тепе-теңдік сақтап, қарсы алдынан ыстық шәй құйылған күрешке ұстаған бір әйел көрінді. Пойыз жүрісін үдеткен сайын дүдік-дүдік, дүдік-дүдік деп тактілі тарсылдауы жиілеп, рельстер қосылған тұсқа жеткенде екілене дірілдеп кетеді. Балпаң шайқатылып кеткен вагонмен бірге ырғалып, әйелмен жанаса өте бергенде стақанды шынтағымен қағып жіберді.

— Үйбай, көзіңе қарамайсың ба? Күйдік қой, — деген әйел қызыл шоқ ұстап алғандай баж ете қалды. Бірі сөзжұмбақ шешіп, бірі шемішке шағып отырған жұрттың бәрі жалт қарады. Стақан ұстаған оң қолына тиген ыстық тамшылар күйдіріп барады. Қабақ шытқан әйел күрешкесін екінші қолына алмастырып,  күйген қолын үфілеп салқын демін үрлей бастады.

Түн ортасы ауған. Вагонның төбесіндегі көмескі жарық болмашы сәуле шашып тұр. Жұрттың көбі шырт ұйқыда. Балпаң ауыр сөмсесін мықшыңдай көтеріп, билетіне қарады. Алтыншы орын екен. Қараса, мұның орнында біреу қорылдап ұйықтап жатыр.

— Тұрыңыз, бұл менің орным, — деп жұлқылап оята бастады.  Ұйықтап жатқан еңгезердей адам шошып оянып:

— Не, Алматыға келіп қалдық па? – деді ұйқылы-ояу күйі.

— Жоқ, бұл менің орным, орнымнан тұрыңыз, — деді Балпаң.

— Мен Астанадан бері келе жатырмын, — деген ол қабырғада ілініп тұрған кәстүмінің төс қалтасынан билетін ашып шықты. – Міне, билетім Алматыға дейін. Төртінші вагон,  алтыншы орын.

— А, бұл төртінші вагон ба? – деп Балпаң сасқалақтап қалды. – Кеш… ірің… із.

— Өй, сенде! – еңгезердей адам қолын бір сілтеп,  ұзақ есінеп, теріс бұрылып, жатып қалды.

Балпаң бесінші вагонға келіп, орнына жайғасты. Ауыр сөмкесін үшінші қабатқа қоймақ болған. Мықшыңдап жоғары көтере алмай, біраз әбігерге түсті.

— Балам, сен осында жата бер, — деді майор Меңтай. Сосын Балпаңға қарап: — Сіз сөмкеңізді төсегіңіздің астындағы жүк салатын орынға қойсаңыз. Түнде төбемізге құлап кетер.

— Құламайды, пойызбен талай жүріп жүрміз ғой, – деді сөмкесін жоғары қабатқа қойып,   ырсылдай дем алған Балпаң. Әлі ентігі басыла қоймаған.

  Майор келе сала жайбарақат кейіп танытқан бейтаныс жолаушының жауабын ұнатпаса да, үндемеді. Төрт жасқа келіп қалған баласын төменгі қабатқа орналастырып, өзі екінші қабатқа жайғасты. Жолсерік «Қазақстан темір жолы» деген жолақ жазуы бар, целлофанға оралып, крахмалданған жайманы, жастықтың қабын әкеп берді. Балпаң әрі-бері жүріп, сүт пісірім уақыт өткенде ғана төсегін салып, орнына жантайды.

Меңтай көпке дейін ұйықтап кете алмады. Тозығы жеткен пойыз дүрсілдеген сайын құлағы шуылдан тұнып қалады. Екі көзі үшінші қабатқа қойылған бейтаныс жолаушының жүк сөмкесінде. Сөмкенің сырты қатты, дөңгелегі бар, сүйретпелі. Салмағы отыз келіден кем тартпайды. Балпаң оны әупірімдеп төбеге шығарғанша қара терге түскен.

— Сөмкеңізді жерге қоясыз ба? Сырғып бара жатыр, — деді майор.

— Түк те етпейді, өзін зорға шығардым. Құламайды, — деп Балпаң қаперсіз қайта жастыққа бас қойды. Есінеп, ауызын арандай ашқан күйі қорылға басты.

— Майор мойның бұрып, баласына мейірлене қарады. Әйелі екеуі шаңырақ көтергелі жиырма жылға жуықтаса да, бір перзент сүймей, қапаланып жүр еді. Жары қаралмаған дәрігер, тәуіп біран-саран шығар-ау! Ақыры жұбайы қырықтан асқанда торсықтай ұл сүйгізген. Меңтай ағайын-туысқа үш күн дүркіретіп той жасады. Әріптестері алдында еңсесі биіктей түсті. «Міне, менің әулетімді жалғастырар бір ұл бар» деп мақтанышпен жар салған.

Өткен аптада әйелі қатты науқастанып, Алматыдағы ақылы емханалардың біріне түскен. Баласы «Әке, мамамды қатты сағындым» деп қыңқылдап қоймаған соң жолға өзімен бірге ерте шыққан. Соңғы кезде құқық қорғау органдарына шабуыл жасау оқиғасы жиіліп кеткен соң қорғаныш үшін заңдастырылған тапаншасын беліне байлап шықты. «Қазіргі заманда ешқандай тәртіп жоқ. Ешкімге сенуге болмайды. Әрқашан қауіпсіздікті ұмытпау керек» — деді майор өзіне өзі күбірлей. Меңтай ертең әйелімен кездесетінін, баласы анасын көріп, қуанатынын ойлап, тәтті қиялға беріліп, ұйықтап кетті.

    Кенет түн ортасы ауғанда гүрс еткен дауыс естілді де, бала баж етіп бақырып жіберді. Іле сілтідей тынған. Майор төсегінен басын жұлып алғанда маңдайын төбеге соқты. Жама-жан төменге қарады.

— Балам! — Майор бар дауысымен ақырып жіберіп, екінші қабаттан мысықша секіріп түсті. Баласының үстіне құлаған ауыр жүр сөмкені бар күшімен жұлқи тартып, еденге лақтырып жіберді. Жан баласын жұлқылап оята бастады.

— Балам, балам! Саған не болды?  — деп мойнын бұрды да, айғай салды: — Проводник, жарықты жақ!

 Бұл жаншошырлық айғайдан жұрттың бәрі ұйқысынан оянып кетті. Өз бөлмесінде қалғып-мүлгіп отырған жолсерік оқыс дауыстан есін тез жинап, жарық тетігін басып кеп жіберді.  Төбедегі шам жарқ етіп, вагон ішіне нұр құйылды. Майор баласының еш қимылсыз, сүлесоқ жатқанын көріп, қол-аяғы дірілдеп кетті.  Қаны басына шауып, есеңгіреп қалған.

— Балам, балам, тұра ғой! – Бірақ баласы қозғалмақ түгіл, кірпігін қимылдатқан жоқ. Тыныс алуы да сезілмеді. Әкесі баласының кеудесіне құлағын тосып, бір үміт күтті. Сағатша сырт-сырт соғатын жас жүрек үнсіз қалған еді. Әке не істерін білмей, құдайдан тілеп алған жалғыз ұлының жантәсілім еткеніне сене алмай мәңгіріп, меңіреу күйде мелшиіп тұрып қалды. Ұлының аузына айна тақап еді, жылтырдың бетін бу бүркемеді. Денесі суып үлгерген екен.

— Балам! Мұрагерім! — әке баласын көтеріп, жылап жіберді. Көзінен бұршақ-бұршақ жас ытқыды. Тамағын ащы өксік қарып өтті. Енді өмірінің еш мәні қалмағандай сүлесоқ күйде сілейіп отыра кетті. Баласын жайма үстіне қайта жатқызып, дірдек қаққан саусақтарымен маңдайынан сипап, көздерін жұмды.

Сол сәтте майордың бойын ашу кернеп, не болғанын түсінбей ұйқылы-ояу күйі отырған Балпаңға оқ жанарын қадады.

— Сұмырай! Баламды сен өлтірдің?! – деді Майор тістене. Жемтігін шеңгеліне алған бүркіттей қос қолымен күнәһардың тамағынан қыса түсті. Тұншығып бала жатқан Балпаңның көзі шарасынан шыға жаздады. Қырылдап әрең тілге келген.

— Ммм… мен?  Мен өлтірді дейсің бе? Жоқ, мен оған қолымның ұшын да тигізгем жоқ.

— Мен саған сөмкеңді жоғары қойма дегенім қайда?! Сен мені тыңдамадың?! Сөмкең жоғарыдан құлап, баламды басып өлтірді! Баламның өліміне сен кінәлісін, білдің бе?!

— Жоқ, жоқ, мен емес. Кездейсоқ жағдай. Менің бұған түк қатысым жоқ, — деп Балпаң орнынан атып тұрып еді, майор оны құлақ-шекеден салып кеп жіберді. Балпаң ауыр соққыдан есеңгіреп, қабырғаға басын соқты.

 Ызаға булығып, жарылардай болған әкенің санасын кек тұмшалап алды. Жалғыз ұлынан айырылып, өмірден түңілген майор беліндегі пистолетін алып, Балпаңның жүрек тұсын көздеп атып жіберді. Тарс еткен дыбыс вагон ішін шарлап кетті. Оқ қаперсіз адамның қабырғасын қақырата, жұқалтаң қабырғаны тесіп өтіп, жолсеріктің айнасын қиратып кетті. Іле салдыр-гүлдір етіп қираған әйнек жерге гүрс етіп, шаңқ еткен дауыс естілді. Оқыс дауыстан шошып кеткен жұрт үрпейісіп, жүректері атқақтай жөнелді. Бұл кезде майор пистолетін басына тақап, шүріппені басып кеп жіберді. Қансыраған әке баласының үстіне құлай кетті. Лезде шашыраған ыстық қан қабырғадан сырғанай жөнеліп, үш адамның рухы көкке қарай ұшып бара жатты…

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here