фото А. Нуршанов

Елбасының  Жолдауы негізінде  «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересектер қамтылатындығы атап көрсетілді. Бағдарлама  талаптарына сәйкес аталған жүйе бойынша білім алғандардың барлығы жұмыспен қамтылады.
Ел экономикасының негізгі тірегі болып саналатын өндіріс саласының  өркендеуі жыл өткен сайын жұмысшы мамандықтарына зәрулікті айқын сездіруде. Нәтижесінде, кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс артып отыр. Осыған байланысты қолға алынған бағдарлама аясында жұмысшы мамандықтарын меңгеруге ден қойған жастарды Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар коллелджінен табасыз.

Мемлекеттік білім беру тапсырысымен  дәнекерлеу ісі, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу мен пайдалану бойынша автокөлік жөндеу слесаы мен электр механик және де газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану мамандықтары бойынша  2017-2018 оқу жылында 100 адам қабылданып, оқытылуда. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында дәнекерлеу ісі, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, орыс тобы бойынша ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану мамандықтары бойынша кең бейінді құрылыс шеберіне 75 адам қамтылып отыр.

Ал, жалпы алғанда бұл бағдарламамен бүгінге дейін 193 білімгер қабылданған. Осы кәсіптік білім алушыларға 45 жоғары білімді білікті ұстаздар мен  оқу-өндірістік 23 шебер сапалы білім беріп келеді.

Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру-бұл азаматтардың қайта білім алуы мен оқу курстарынан өтіп, өз кәсібін бастауға жол бастайтын  үлкен мүмкіндік. Сондықтан да газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру, ғимараттар мен құрылымдарды салу, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мен жөндеу бойынша техник-механик, құрылысшы мамандықтарына 1 жыл 10 айлық мерзімде  сырттай білім алушыларға да жағдай жасалып отыр. Студенттердің сапалы білім алып, мәдени іс-шараларға қатысып, спортпен айналысуына толық жағдай туғызылған. 24 оқу кабинеті, 1 зертхана, 1 шеберхана, оның ішінде 7 оқу цехы, 2 компьютерлік сынып, акт залы мен спорт залы бар. 420 орынды жатақхана,  14 мыңнан аса кітап қоры бар кітапхана, 180 орынды асхана жұмыс жасайды.

80 жылдық тарихы бар Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжі  кәсіптік білім берудің моделін қалай қалыптастыруда және  оқуды өндірістік тәжірибемен ұштастырудың тиімді жағы қандай? Міне, осындай  сауалдарымызға  колледж басшысы мен орынбасарлары, білікті шеберлер мен білімгерлердің  қайтарған жауабынан білетін боласыз.

Еркінбек Қоянов, Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжінің директоры:

-Өндірістік сұранысқа ие мамандықтарға оқытып жатырмыз. Жастардың заман ағымына ілесіп, кәсіпкерлікпен айналысуына да мүмкіндіктері бар. Мысалы, 2016-2017 жылдары колледж қабырғасынан мамандық алып шыққан 115 түлектің 104-і жұмыспен қамтылды.  Кәсіптік білім жүйесі-уақыт талабы болғандықтан  бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеуді Елбасымыз міндеттеп алға қойды. Ең алдымен жас буын кәсіпті меңгеруі керек. Төрт жыл бойына бір мамандық алу үшін оқыту  ұзақ мерзім. Сондықтан мамандық алудың жаңа модулын іске асыру тиімді. Мысалы, осы жылдар ішінде білімгерді екі жұмысшы мамандығын алуына, ал 1,5 оқу жылынан соң алған мамандығы бойынша өндіріске барып жұмыс жасауға жағдай туғызу қажет. Әрине, өндіріс орындарының  азайып кетуіне байланысты квалификациясы әлі жетілмеген жас маманды жұмысқа қабылдауы да неғайбыл. Сондықтан да кәсіптік білім алған өркен ертеңгі күні өз күнін көретіндей кәсіпкерлік бағытқа да бейімделуі керек.

Иә, колледж дайындап жатқан мамандар бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие болу үшін сапасына мән берілуі тиіс. Осыны жете түсінген колледж ұжымы кәсіби маман даярлаудың жаңа модулін құрастыру бағытында жұмыс жасауда. 2016-2017  жылдары коммерциялық емес холдинг «Кәсіпқор» акционерлік қоғамымен келісіп, мазмұны  жаңартылған бағдарлама бойынша 17 оқытушы мен өндірістік шеберлері қайта  дайындықтан өткен. Бұл жоба осы  оқу жылында да жүзеге асырылуда.

  Дуалдық  оқыту-сапалы маман даярлау

Қазіргі таңда мамандарды даярлау­да дуалды оқыту жүйесі маңызды орын алады. Бұл – әлем бойынша кәсіптік-техникалық кадрларды даяр­лаудың тиімді үлгісі. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық мамандықтар бойынша дуалды оқытуды енгізетін колледждердің көрсеткішін 2019 жылы 80 пайызға дейін көтеру қарастырылып отыр. Елбасы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Дуалды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор. Бұқаралық маман кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін заманауи қолданбалы біліктілік орталықтары қажет» — деп, бұл оқыту жүйесінің техникалық салада алар орнын айқындап берген болатын.
Бұл жөнінде  аталмыш колледж директорының орынбасары Талғат Долаев былай деді:

— Дуалды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярланады және дуальды оқыту әдісінің тағы бір ерекшелігі — еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің  де жауапкершілігін арттырады. 2015-2016 оқу жылында Алматы облысының білім басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп «Дуалды оқытудың жол картасы» бекітілді. Сол негізде колледжде «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану» мамандығында «Газ объектілерінің құрал-жабдығын пайдалану технигі» біліктілігі бойынша мамандар дайындау дуальды оқыту жүйесінде іске асырылуда. Нарық талабы ескеріліп, бұл  аталған  мамандықты 2013-2014 оқу жылында даярлау қолға алынғандықтан және «Жетісу Газ» корпорациясымен өндірістік-тәжірибелік келісімшарттың болуы жаңа оқу жүйесіне көшу мәселесін жеңілдетті. Бұл жерде колледж басшысы мен арнайы пән оқытушылары 2014 жылы Германияның Трир қаласындағы кәсіпкерлер палатасының Кәсіптік-техникалық академиясында дуальды оқыту жүйесі бойынша машықтанудан өткен болатын.

Ал  оқу жоспарына сәйкес білімгердің оқуының  40 пайызы теориялық білімге, ал қалған 60 пайызы өндірістік оқыту мен тәжірибеге бөлінеді.  «Жетісу Газ» корпорациясының  басшысы жаңа бастаманы құптап, білім алушыға тәжірибелі тәлімгер тағайындады. Үстіміздегі оқу жылында Жетісу өңіріндегі ең ірі табиғи газбен қамтамасыз етуші кәсіпорындардың бірі- «Тавиди» ЖШС үшжақты келісімшарт жасалды. Білімгердің сапалы түрде өндірістік тәжірибеден өтуіне, болашақта жұмыспен қамтылуына сенім мол.

Бұл оқу орнында білімгердің теориялық білім алуына да тиісті көңіл бөлініп келеді. Арнайы пән кабинетіне Ресейде шыққан соңғы үлгідегі оқу құрал- жабдықтары алыныпты. Өндірістік оқыту шеберлері Амангелді Байтұманов, Валентина Спичакова газ саласында ұзақ жыл қызмет атқарған жоғары білімді, білікті мамандар.

Мұндағы басты мақсат- өндірістік тәжірибені жоғары деңгейде ұйымдастыру. Себебі, өндіріс дуальды  оқыту негізі. Ал бұл жүйе- индустрияландыру бағдарламасының орындау кепілі. Оқу мен өндірісті ұштастырған 4 студент бүгінде Қытай халық республикасында техникалық білім алуда.

Нүсіп Ахатұлы, аға шебер:Ынтасы бар балалар кәсіптік мамандықтарды игеруде. Базамыз өте мықты. Өз ісінің шебері болатын балалар баршылық. Автослесарлық, көлік жөндеуші, газ құралдарын пайдалану бойынша қазіргі қажетті мамандықтарға оқытып-үйретеміз.  Диплом қорғаған білімгерлер топтарымен ақылдаса отырып, жол талғамайтын машина құрастырып шығуға ниетті. Шеберханамыз 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен. Балалар  облысымыздың аудандарынан келіп оқып жатыр. Жатақханамен, бір уақыт тамақпен қамтылған. Шәкіртақы бар.

Жалын Құсайын, білімгер:- Мен 9-сыныптан соң келіп, автокөлік жөндеуші мамандығында білім алып жүрмін. Осы 2 жыл 10 айда көлік  жөндеудің қыр-сырын меңгеріп шығамын деген ойдамын. «Сайман» тәрізді кәсіпорындардан іс-тәжірибеден өтеміз. Тәжірибелі тәлімгер ағайлардан  үйренеріміз көп. Техниканың сырын білсек, ертеңгі табысымыз екенін түсінеміз. Қазір кез келген үйдің ауласында жеңіл көлікті көресіз. Техника болған соң  бұзылған жерін  жөндеуге сұраныс арта түсері сөзсіз. Біздің мамандығымыз сұранысқа ие деп айта аламын.

Қыран Иса, білімгер:- Әке жолын қуып осы оқу орнына келдім. Мамандықты меңгеріп, жеке ісімді ашып, елге пайдамды тигізсем бе деген ойдамын. «Армансыз адам- қанатсыз құспен тең» деген емес пе? Менің арманым асқақ. Әкемнің жеке көлік жөндейтін шеберханасы бар. Жоғары білім алып, біліктілігімді жетілдіргім келеді.

 Заман талабына сай білікті маман даярлау ісіне өзіндік үлес қосып жатқан Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжінің жарқын істері мұнан да көп. Біз тек оның біразына тоқталдық.  Олардың түлектері  «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы мен білім алып, жұмысқа  орналасып өмірден өз орындарын табуда. Қазір әлемде 4 мыңға жуық мамандық бар болса, біз соның 1000-ға жуығын ғана біледі екенбіз. Заман ағымына қарай мамандықтар да жаңарып отыр.  Ал, техниканың тілін білген қор болмайды. 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here