Гүлзар бақта құстың жыры, құс әні

0
230
дереккөз

Ақын Гүлбақыт Қасен 1975 жылдың 18 тамызында Алматы облысы Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультетін, Ө.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясынан заң мамандығы   бойынша білім алған. Нәзік те сырлы өлеңдері қалың жыр сүйер қауымға кеңінен таныс. «Алуа», «Бақыт гүлі», «Құсқанаты» сынды жыр жинақтарының авторы. Бұл жолы ақының «Гүлзар бақта құстың жыры, құс әні» деген тақырыппен бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

ҚЫЗҒАЛДАҚ ҒҰМЫР

Жүректерді жаулаған
Ару ма екен, гүл ме екен?
Жұмақ жерден аумаған –
Қызғалдақты бұл мекен.

Лағыл тұмар тағынған
Періштесі даланың.
Сағынғанды сағынған,
Нұрға малып жамалын.

Қан сәскеде құлпырған,
Ақшамда – ұяң бойжеткен.
Қарашыққа жыр тұнған,
Қияндарға ой кеткен…

Шұғыласын төккенде,
Күнді сүйген Көктем қыз.
Қызғалдақты көк белде –
Гүлге айналып кеткен қыз.

Құпиясы кімге аян?..
Мамыр соңы.
Сый қандай?
Тағдыр жолы – мың баян
Аз ғұмырға сыйғандай…

фото дереккөз

*************

Құштар емес биіктік аласаға,
Мың бір бояу қарамен жанаса ма?
Табиғаты жаралған нәзіктіктен,
Жасандылық…
Гүлдерге жараса ма?

Бойын кернеп тектілік,
Тамырын нәр,
Тазалыққа кіршіксіз жаны құмар:
Гүл – шынайы.
Көргенде таңқаласың –
Адамдарға жасанды жарығы бар…

Жапырағына жанымның жазып бүгін,
Жанып кеттім.
Жарық па?
Жазықты кім?..
Жас тамса да мөлдіреп,
Өзгермейтін –
Азаматтан мың артық
Нәзік гүлім…

фото дереккөз

Табиғаттың тамсандырар құшағы,
Гүлзар бақта құстың жыры, құс әні.
Тастүнекті жарып шығар нәзіктік –
Әппақ арман қанат байлап ұшады…

Ақ арманым, ақ тілегім – бақ гүлім,
Қуанышым еселенер, шат күнім.
Құстың әні жүрек шерін қозғайды,
Көмекейге құйылады тәтті мұң.

Мамыр түні…
Самал сүйіп өпкендей,
Көктем маған сәл кешігіп жеткендей.
Ең аяулы арман-гүлім кеудемнен
Баяу ұшып…
Құсқа айналып кеткендей.

 

**************

Күн деп ойлар…
Ажарлы Ай, аңғал Ай,
Бақ та қонар қызыл гүлге таңдамай.
Мен бір бейбақ өзі дертті жүрекке
Шоқ түсірген абайсызда аңдамай…

Қып-қызыл шоқ,
Қып-қызыл от —
Күн емес,
Ғұмырыма серік болған бір елес…
Гүл ашқаным — нұр шашқаным мамырда,
Өмірімді өртесең де түк емес!

Көктем сайын
Гүлдегенім не керек?
Сенсіз өмір өтіп жатыр дөңгелеп.
Таусыларда соңғы демім, тілегім —
Саусағымды қыссаң болды «өлме» деп…

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here