Талдықорған қаласына жаңа әкім тағайындалды

0
623
Фото авторы А.Нұршанов

Бүгін Талдықорған қаласының әкімі болып Шалтабаев Дастан Тұрарбекұлы тағайындалды. Жаңа басшыны қала активіне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов таныстырды.

«Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен, жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауымен алдарыңызға жаңа әкімді әкеліп отырмын. Дастан Тұрарбекұлы талдықорғандықтарға бұрыннан таныс. Ол облыстың құрылыс, сәулет саласында біраз жыл еңбек еткен. Соңғы кездері Жамбыл ауданында әлеуметтік салада жұмыс істеді. Құрылысшы, елмен тіл табыса білетін азамат, тәжірибесі мол» деп атап өткен облыс әкімі қаланың бұрынғы басшысы Бағдат Қарасаевқа алғысын білдіріп, Құрмет Грамотасын табыстады.

«Бағдат Әбілмәжінұлын қызметке өзім шақырғанмын. Өзінің өтінішімен босатып отырмын. Ол 3 жылға таяу облыс орталығын басқарды. Оған дейін Алакөл ауданының әкімі, облыс әкімі аппаратының жетекшісі, Президент аппаратының инспекторы қызметтерін абыроймен атқарған. Өте іскер маман. Жұмыстан денсаулығына байланысты босап отыр. Әзірге менің кеңесшім болады. Кейінірек тағы бір ауданға басшылық ететін болады. Әкімдер тағайындау мәселесінен көпшілік өсек-аяң іздейді. Сондай сөз болмасын деп жоспарымды әдейі айтып отырмын» деп түйді Амандық Баталов.

Өз кезегінде Бағдат Қарасаев қала активіне, облыс басшылығына алғысын білдірді. «Мен сіздермен 2,5 жылдай қоян-қолтық жұмыс істедім. Талдықорған үшін тарихи сәт – қалаға газ тарту жұмыстарының басында жүрдім. Облыс орталығында сәулеті келіскен ғимараттардың салынып, қолданысқа берілуін өздеріңізбен бірге қадағалап, қуандым. Осындай мүмкіндік берген Амандық Ғаббасұлы, өзіңізге үлкен алғысымды айтамын. Әрине, жұмыс болған соң кемшіліксіз болмайды. Сондай сәттерде Сізден көп нәрсе үйрендім. Атқарылған жұмыстың барлығы қала әкімдігі ұжымының ауызбірлігінің арқасы деп білемін» деген Бағдат Қарасаев жаңа әкімге сәттілік тіледі.

Ал, жаңадан тағайындалған Дастан Шалтабаев жиналғандарды рамазан айымен құттықтап, болашақта бірлесе жұмыс атқарып, облыс әкімінің сенім үдесінен шығамын деп уәде берді.

«Сен жассың. Сондықтан, саған қойылатын талап та күшті болады» деді облыс басшысы әзіл-шыны аралас. «Барлық әкімдер халыққа қызмет етуіміз тиіс. Елбасының сенімін ақтауымыз керек. Президент қойған тапсырмаларды орындауымыз шарт. Өткенде облысқа келген сапарында Елбасы өңірдің, Талдықорғанның дамуына оң бағасын берді. Біздің міндет халықтың жағдайын бұдан да жақсартып, қаламызды көркейте беру» деген өңір әкімі облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Дастан Шалтабаев 1973 жылы туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы – инженер-құрылысшы, құқық бакалавры.

Еңбек жолын Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы Жетісу аудандық бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

Әр жылдарда Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы Жетісу аудандық бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, Алматы облыстық білім басқармасының бастауыш және орта кәсіптік білім, құрылыс және жөндеу бөлімінің бас маманы, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Алматы облыстық департаментінің бас маманы, Жамбыл және Қарасай аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімдерінің бастығы, Алматы облыстық құрылыс басқармасының бастығы, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды. 2017 жылдың қаңтар айынан бүгінге дейін Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here