Мектеп футболшылары марапатталды

0
137

Бүгін «Мектеп лигасы» бағдарламасы аясында өткен футболдан қалалық Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Талдықорған Футбол Федерациясы және қалалық спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткен Чемпионатқа жалпы 96 команда, 1400-ден астам қала оқушылары қатысқан. Ойындар 3-4, 5-6, 7-8 және 9-11 сыныптар арасында өтіп отыр. Мұндағы мақсат – жастар арасында спортты және дене шынықтыруды насихаттай отырып, балалар футболын дамыту.

Марапаттау рәсіміне Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев, грек-рим күресінен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, шинкиокушинкай каратэдан Әлем және Азия чемпионы Мерей Сүйінов, «Жетісу» футбол клубының спорт шолушысы Геннадий Мищенко және Талдықорған футбол федерациясының вице-президенті Александр Никулин қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Мәрлен Қапашұлы оқушыларды жеңісімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, білімгерлерге үнемі салауатты өмір салтын бекем ұстанып жүрудің артықшылықтарын айтып берді. Артынша, (2017-2018) оқу жылында болған чемпионатта топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер Талдықорған қаласы әкімінің дипломдарымен, кубоктарымен, медальдарымен марапатталды. Одан бөлек, барлық мектеп оқушыларына тегін доп таратылды.

Жарыс қорытындысына тоқталар болсақ, 3-4 сыныптар арасында өткен сайыста 1-ші орын №15 орта мектепке бұйырса, №16 мектеп 2 орын алды. Үздік үштікті №19 мектептің оқушылары еншілеп отыр. Ал, 5-6 сынып оқушылары арасындағы тартыста бас жүлде №12 мектепке бұйырды. Екінші орын №14 мектептің қанжығасында кетсе, №5 мектептің білімгерлері үшінші тұғырдан қол бұлғады. Сонымен қатар 7-8 сынып оқушылары арасындағы бәсекеде №9 мектептің мерейі үстем болды. Ал, №8 орта мектептің оқушылары күмістен алқа тақса, №12 мектеп үшінші орынды қанағат тұтты. 9-11 сыныптар арасында бірінші орынды №12 мектеп алды. Екінші орын №10 мектепке бұйырса, №15 орта мектептің футболшылары үшінші орыннан көрінді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here