Істі болған азаматтарға жұмыс ұсынылды

0
71

Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында жұмыссыз азаматтарға, табысы аз отбасы мүшелеріне, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жас түлектерге және де  пробация қызметінде есепте тұрғандарға бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру мен халықтың толыққанды жұмыс жасауына  мүмкіндік туғызу мақсатында бұл шара өткізілді. Табысы аз азаматтар мен  мүмкіндігі шектеулі жандар, жастарға, пробация есебіндегі адамдарға  17 мекеме мен оқу орындарынан  165 бос жұмыс орны ұсынылды.

Талдықорған қаласы бойынша пробация қызметінің бөлім басшысы А. Айсеркеновтың  айтуынша, тіркеуде 382 адам тұрса, оның  бүгінде 40-ы жұмыссыз.  Өткен жылы тіркеуде 342 адам болса, оның 12-сі жұмыспен қамтылған. Бос орындар жәрмеңкесіне Талдықорғаннан өзге  Ескелді, Көксу, Текелі аудандарынан  жұмыс іздеп келгендер бар.

Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары айтуынша, істі болған азаматтарды   қайта даярлау бойынша 2017 жылы электрик, газбен дәнекерлеуші, бетоншы мамандықтарында 22  адам оқытылған. Оның ішінде 11-і жұмыссыз болған, олардың бәрі де оқыту курсынан соң  жұмыс тапқан.

Қаладағы «Көркем- Талдықорған», «Шымыр» ЖШС мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 20 адамға жолдама берілді. Жалпы жәрмеңке қорытындысында 239 адам кеңес алса, 31 адам тұрақты жұмысқа тұруға жолдамаға ие болды, оның 3-еуі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қайта даярлау курсына 32 жолдама берілді.

А. Айдосұлы:- Жұмыс іздеп жүргеніме көп болды. Бүгін «Көркем- Талдықорған» мекемесіне жолдама алдым. Қуанып тұрмын, екі қолға бір күрек табылды.

Динара:— Менің медициналық зертханашы деген мамандығым болған. Қазір оның жарамдылық мерзімі  өтіп кетті. Қайта оқыту курсына жазылып, оқығым келеді. Аспаз болсам деймін. Мамандардан кеңес алдым. Жұмыспен қамту орталығы мамандары қойылған сауалдарыма жауап берді.  Жұмысты қалай да табамын. Осындай мүмкіндік жасалып  жатқандығына ризамын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here