РАМАЗАННЫҢ АЛҒАШҚЫ 10 КҮНІ – МЕЙІРІМ ЛЕГІ

0
136
Дереккөз

Баршаға белгілі болғандай, Рамазан айы үш бөлікке бөлінеді. Қасиетті айдың алғашқы он күні «мейірім күні» деп танылған. Кез келген мұсылман баласы айлардың сұлтаны болған Рамазанды рухани азық жинауға берілген мүмкіндік екенін жақсы біледі, дей тұрғанмен, «мейірім күндерінің» мәнін толық түсіне алдық па?

Жаратушының көркем есімінің бірі – Рахман, яғни, ерекше мейірімді. Раббымыздың осы есімімен әрбір ісімізді бастаймыз. Олай болса, құлдары толық бір айды Өзіне арнауы үшін жаратқан дәл осы айда Раббымыздың мейірімін танытуы таңқаларлық жайт емес.

Алла Тағала:

«Әй, Адам баласы, расында, сен Менен кешірім сұрап, Менен үмітіңді тоқтатпайынша Мен сенің жасаған күнәларыңа қарамастан, кешіріп отырамын! Әй, Адам баласы, егер сен аспандағы бұлттарға дейін жететін күнәлар жасап, кейін Менен кешірім сұрасаң, Мен сені кешіремін! Әй, Адам баласы, егер сен Маған көлемі бүкіл жерді жауып тұратын күнә жасап, бірақ Менен басқа ешкімге құлшылық етпейтін болсаң, онда Мен саған міндетті түрде, сол күнәләріңнің бәрін жабатын кешірім сыйлаймын!»,- деген.

Рамазан айына пайдасыз әрі жаңсақ әдеттермен аяқ басқан қалай болатынын тіпті көзімізге елестету ауыр. Көпшілігіміз біліп-білмей істеген күнә-қателіктерімізді ойлағанда бір орында байыз таба алмай кететініміз жасырын емес. Алайда, егер сенімімізді серік қосудан тазалар болсақ, Алла Тағала кез келген күнәні кешіруге уәде береді.

Жоғарыдағы келтірілген хадис Раббымыздың Рахман, аса қамқор, ерекше мейірімді екенінін есімізге салуда. Кез келген мұсылманның арман-тілегі – Раббымыздың рақым нұры мен жәннаты.

Хақ Тағала Құранда:

«Оларға Менің мына сөзімді жеткіз: «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур, Рахим»,- дейді.

 

Мейірім есігінің кілті – дұға мен зікір  

Ардақты айдың алғашқы он күніндегі ең тиімді әрі пайдалы құлшылық – дұға мен Алла Тағаланың көркем есімдерін еске алу болып табылады. Бұл уақытта жәннат қақпалары ашылып, тозақ есіктері жабылады. Сондықтан да, Рамазан айының алғашқы он күнінде Жаратушыдан кешірім тілеп, пенделікпен жасаған қателіктер мен күнәларымыздың кешірілуін сұарған жөн.

Осы ретте, Құрандағы келген дұғаларды келтіре кетейік:

«Уа, Раббым! Бір Өзің жарылқап, кешіре көр! Мейіріміңе бөлей көр! Сен мейірім етушілердің ең қайырлысы әрі ең мейірімдісісің! («Муминун» сүресі, 188-аят)

Құдай Тағала Құранда:

«Мені әрдайым еске алыңдар, сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпірлік қылмаңдар»,- дегенінің өзі иман еткен жандардың Алла Тағаланы еске алуға дем беретін ұраны істпетті.

Өмірдегі кезіккен қиыншылықтар мен шаршағанына қарамастан адам баласы Алланы еске алады. Себебі иман еткен жан Алланың рақымы мен мейірімінен бас тартпауы тиіс.

Қазіргі таңда жағымсыз көріністермен қатар, мейірімге толы сәттер өте көп. Отбасыдан бастау алған мейірімділіктің ізін жан-жануарлардың ботасына деген махаббатынан көреміз. Әлемді мейірімділік қоршап тұр, дегенмен, Хақ Тағала Өзінің рақымын жүз бөлікке бөліп, соның біреуін ғана осы дүниеге паш еткен. Қалған мейірім-рақымшылықтың бөлігі Өзінің құзырында. Рамазан айының алғашқы он күніндегі Раббымыздың рақымы мен мейірімі жайында ой жүгіртер болсақ, алғашқы он күндіктің мүмкіншілігін барынша пайдаланған адамға берілер сауап пен кешірімнің қаншалықты екенін сөзбен айтып жеткізе алмасымыз анық.

Оразаның өзі – мейірім

Исламның бес парызының бірі болған ораза – тұрған бойы  тұнып тұрған мейірім десек, қате айтпаған боламыз. Оразаның себебімен кез келген адам ағзасындағы тазалық пен жеңілдікті сезінеді. Рухани байлыққа қол жеткізгенін аңғарады. Қолындағы барына қанағат етуді үйренеді. Таңғы сәресінің өзі сәресі ішпей ораза тұтып жүрген жандардың бар екендігін естеріне салады.

Жаратушының мейірімі әртүрлі көріністермен орын алып жатады. Кей кездері құлшылықтағы тұрақтылық, кей кездері сауапты амал жасап үлгеріп қалу секілді көріністермен орын алып жатады. Ол көріністердің барлығы біздерге Жаратушымызды есімізге салады, нәпсімізді тізгіндеп, түнгі құлшылықта табандылық танытуға тырысамыз.

Хақ Тағала Құранда:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер»,- дейді.

Мейірім легі толассыз төгілген айда ораза тұтып, кешірім сұрайық.

Рамазан айының алғашқы он күнінің кереметтігі сол, бұл кезде барлық адам жақсылыққа кенеледі. Сонымен қатар, барша мұсылмандар Раббысының разылығы алу үшін белсенділік танытады. Раббымыздың рақымы ізгі амал жасауда жарысқандарға еселеніп жазылса, шалыс басқан жандардың тәубесі шынай болса, міндетті түрде қабыл болмақ. Осы уақытта Хақ Тағала пендесінің жүрегін рухани ластықтан арылтып, Өзіне бір табан жақын болуға жәрдем береді.

Рамазан айының алғышқы он күнінде Раббымыздың рақымына лайық болуға тырысуды мұсылман бауырымыздың есіне сала жүрген жөн. Таң сәріден күн батқанша Жаббар Иеміздің разылығы үшін нәпсіні тізгіндеп, нәр татпаған жанға Рахман Раббымыздың рақымы толассыз төгіліп тұруының өзі Оның мейірімділігінің бір көрінісі.

Оразаның артықшылығы  көп. Соның бірі – ораза ұстаушының қарымын Алла Тағаланың Өзі беруі. Ардақты пайғамбарымыз ﷺ:

«Ұлылығы шексіз Алла Тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін – деген»,-дейді.

Ендеше, шынай тәубе етіп, ізгі амал жасаудан талмаған жандарға Рамазан айы бойы мейірім мен кешірім легі толассыз құйылып тұрады деген сөз.

Алла Тағала баршамызды өзінің мейірімінен мақұрым қалдырмасын!

Дереккөз Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here