Егістік жерлер электрондық картаға көшіріле бастады

0
106
фото А.КӘЛІМХАН

Соңғы жылдары Жетісу диқандары қант қызылшасы мен жүгері өсіруге ден қойған. Осыған байланысты жыл санап аймақтағы егістік жер көлемі ұлғайтылып, өнім көрсеткіші де еселеп артқан. Мәселен, өткен жылдары талдықорғандық шаруаларға тиесілі егістік жер көлемі 5 мың гектардардан астам болса, қазір 6600 гектарға жуықтаған. Бұған үкіметтен бөлінетін қаржылай қолдау мен аймақтағы екі бірдей қант зауытының іске қосылуы тың серпін берді дейді мамандар.

фото А.КӘЛІМХАН

Біз өңірдегі көктемгі жер жыртып, тұқым сіңіруден басталып, күзгі жиын-терінмен аяқталатын шаруалар жұмысының қазіргі тыныс-тіршілігімен арнайы танысып қайтқан едік. Егіс алқабында сөз алған Талдықорған қаласына қарасты «Мақан Алмас» шаруа қожалығының жетекшісі Шамбұлай Өскенбаев: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөз бар ғой. Бүгінде ерінбей еңбек еткен  жанға бәрі де табылады. Өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыз жалқау. Жанын қинағысы келмейді. Олардың қолынан басқа ештеңе келмесе де көп оқу-тоқуды қажет етпейтін мал бағу мен егін салу келетін шығар. Мысалға, менде 92 гектарға жуық жер бар. Оған мал да  бағамыз егін де саламыз. Шаруа қожалығымызда 5 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасымен «Талдықорған Агро» корпорациясы арқылы 19 млн теңге несие алып, 90 бас сиыр, 5 бұқа сатып алдық. Сол бұқалардың әр біріне үкіметтен 150 мың теңгеден субсидия алдық. Қазір сиырлар бұзаулауда. Малдың барлығы  бұзаулап болған соң оның төліне де  қосымша субсидия берілмек. Бұл шаруалар үшін үлкен көмек қой.  Енді алдағы уақытта сол сиырларды сауып, сүт өнімдерін өзіміз өндіруді жоспарлап отырмыз. Кәсіпдеген міне сол. Сонымен бірге биыл біз  біраз жерге май бұршақ, 27 гектар аумаққа қант қызылшасын ектік. Шығымы жаман емес. Өздеріңіз  көріп тұрғандай, егістіктерді арам шөп пен зиянкестерден сақтау үшін тегіс дәрі шашу жұмыстары жүгізіліп жатыр.  Дегенмен, мұндағы егістік алқабына су жеткізетін арық жүйесі дұрыс салынбаған. Бұл туралы облыс басшысына өтініш берілген. Әкім облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына тиісті тапсырма берген болатын. Алайда, әлі күнге шешімін таппай келеді. Жоғарыдағылар осыған бір қол үшін берсе деген тілегіміз бар» -дейді кәсіпкер.

фото А.КӘЛІМХАН

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, жалпы қазір Талдықорған қаласына қарасты ірілі-ұсақты 356 шаруа құрылымы бар. Олардың дені мал және егін шаруашылығымен айналысады.  Мал басы да өскен. Ал, егістік алқаптарына  арпа, бидай, жеміс-жидек, жүгері  басқа да  майлы дақылдар мен бақша өнімдері және өңірдің төл өнімі қант қызылшасы себілген. Өткен жылғы тәтті түбір егілген жер көлемі 92 гектарды  құрап, 3240 тонна өнім жиналып, әр гектардан орташа есеппен 350 центнерден айналған. Енді биыл қызылша себілген алқап 130 гектарға жеткен. «Жалпы қызылша өсіру диқандар үшін өте қолайлы. Бірақ, басты бір қиыншылық қалада шыққан өнімді жинайтын арнайы техника тапшы. Басқа үкіметтен бөлінетін арзандатылған жанар-жағар май, қаржылай қолдау сынды көмектер дер кезінде көрсетіліп келеді» дейді шаруашылық бөлім басшысы. Сонымен бірге қазіргі кезде аймақтағы шаруалардың егістік және басқа да  жерлері «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электронды картаға көшіріле бастаған. Бұл бастама жер шекарасын ажыратып, оның көлемін анық есеппен көрсетуге ыңғайлы екенін айтады шаруалар. Қорытып айтқанда, қазіргі топырақтың ылғалдылығы мен жауын-шашынды ауа райының сақталунан бой ала бастаған дақыл түрлерінен  биыл талдықорғандықтар мол өнім аламыз деген сенімде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here