Атаулы күндер

0
44
Дереккөз

Қасиетті Рамазан айының бірінші күні
Рамазан — мұсылман күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айда мұсылман қауымы ораза тұтады, оны парсы тілінде «Рузе», түрік тілінде — «ураза», ал қазақ тілінде «ораза» деп атайды. Ораза тұтуды 624 жылы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жеткізген. «Ораза» деген сөздің мағынасы «алыстау» деген ұғымды білдіреді. Шариғат бойынша ораза тұту дегеніміз — таң сәріден күн батқанға дейін тамақ пен судан, басқа да тән ләззатынан ерікті түрде бас тарту. Ораза — мұсылманға берілген бес парыздың үшіншісі. Ораза тұту Қасиетті Құран кәрімнің аяттарында жазылған. Рамазан айының бірінші күні Бахрейн мен Пәкістанда, сондай-ақ Малайзияның бірқатар аудандарында ресми демалыс күні болып жарияланған.

Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні
Бұл күн 1865 жылғы17 мамырда алғашқы Халықаралық телеграф келісіміне қол қою жөніндегі келіссөздердің сәтті аяқталуына, сондай-ақ 1932 жылдан кейін Халықаралық электр байланысы одағына айналған Халықаралық телеграф одағының құрылуына орай таңдалды.

Дүниежүзілік гипертонияға қарсы күрес күні
Жыл сайын Дүниежүзілік гипертонияға қарсы күрес лигасының бастамасымен аталып өтіледі. Оның басты міндеті -жүрек-қан тамырлары жүйесінің кең таралған ауруларының бірі туралы ақпарат таратуға ықпал ету. Ол алғаш рет 2005 жылдың 14 мамырында болған еді, ал 2006 жылдан бастап 17 мамырда аталып өтіледі.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1936 жылы Мәскеуде алғаш рет қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі өткізілді.

 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияда Қазақстанның елшілігін ашу туралы Жарлығы жарық көрді.

1992 жылы Президент Жарлығымен мүсінші Еркін Мергеновке «Қазақстанның Халық суретшісі» құрметті атағы берілді.

1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америкаға  алғаш рет ресми сапармен барып, соның барысында Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу міндеттемелеріне қол қойды. 1992 жылдың 19 мамырында АҚШ және Қазақстан президенттерінің алғашқы кездесуі өтті.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев екі елдің қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін Египет Араб Республикасының жоғарғы марапаты — «Ұлы Ніл» орденімен марапатталған еді.

2007 жылы Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының құрылғанына 60 жыл толуына орай шығарылған естелік пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. Қазақстан пошталық әкімшілігі шығарған көркем маркада ұлттық өрнектер мен ЭСКАТО-ның 60-жылдығын білдіретін арнайы белгі басылған. Бірлік номиналы 25 теңгені құрайтын бұл марканың жалпы таралымы 50 мың дана.

2010 жылы Шымкент қаласында Қазақстанда жекеменшік алғашқы көркем гимнастика мектебі ашылды. Оның негізін қалаушы, басшысы әрі бас бапкері — ҚР-ның еңбегі сіңген спорт шебері Әлия Жүсіпова.

2010 жылы Астанада балалар мен жастар үшін «150» нөміріндегі тәулік бойы жұмыс істейтін тегін ұлттық сенім телефон желісі жұмыс істей бастады.

2011 жылы Астанада Президенттік мәдениет орталығында «Сағаттар сыр шертеді» сағаттар коллекциясының көрмесі ашылды.

Көрмеге Швейцария, Австрия, Ресей елдерінен шыққан «Longines», «Omega», «Orient», «Слава», «Янтарь», «Павел Буре» сынды сан алуан белгілі сағат маркалары, сондай-ақ аты аңызға айналған тұлғалардың қол сағаттары және осы тақырыпқа сай 50-ден астам өзге де жәдігер қойылған. Тәуелсіз Қазақстан дәуіріне және ҰОС кезеңіне жататын сағаттар жәдігерлер арасынан айрықша орын алады. Атап айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрынғы Литва Президенті А.Бразаускас тарту еткен үстел сағаты, ақын Мағжан Жұмабаевтың, дарынды қазақ математигі Әлімхан Ермековтің сағаттары ерекше қызығушылық тудыруда.

2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы мұражай жаңа экспонатпен толықты. Халық композиторы Ақан серінің кесесі жұрт назарына ұсынылды. Ол сол кезге дейін дәрігер Абай Байгенжиннің жеке мұрағатында сақталған. ХХ ғасырдың басында шығарылған фарфор бұйымы осы күнге дейін жақсы сақталған.

2013 жылы Парижде Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы өтті.

2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы  Қазығұрт асуында 75 метр биіктікте EXPO-2017 логотипі орнатылды.  Әр қанаты 10 метрді құрайтын логотип ЭКСПО- 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау мақсатында қойылған.

Дереккөз kazinform Халықаралық ақпараттық агенттігі

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here