Паровозшы апа

0
116
дереккөз

Міне, ағынды судай жөңкілген тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Өткенді өнеге етіп,  кемел келешекке бағыт алған қазақ халқы небір нәубетті бастан өткергені анық. Атап айтсақ, 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама, өткен ғасырдың басындағы  Ұлт азаттық қозғалысы, ашаршылықпен қабаттаса келген екінші дүниежүзілік соғыс, кешегі елге тәуелсіздік сыйлаған Желтоқсан оқиғасы. Соның бәріне халқымыздың қайсар ұл-қыздары өздерінің ерен ерлігімен жауап бере білді.

дереккөз

 Ал, жер бетінен 50 миллионнан астам адамның жанын жалмаған Ұлы Отан соғысына  кезінде 1 жарым миллионға жуық  қазақстандық аттанса, оның  120 мыңдайы  Алматы облысынан. Олардың тек 50 мыңдайы ғана аман оралған. Жылдар жылжып, айлар аунап, арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де қан  майданда болған  қайталанбас  тұлғалар  әлі  де арамызда. Солардың бірі шайқас шебінде 4 жылдан астам  уақытын өткерген Жетісудың төл тумасы Алтынай Есболатова.  Бүгінде «Паровоз апа» есімімен елге танымал әже: «Менің бірнеше төс белгімде паравоздың суреті бейнеленген. Олар менің соғыста көрген тарихи оқиғаларымның куәсі тәрізді » -деп еске алады.  1923 жылы Матай ауылында дүниеге келген  Алтынай апаның жасы дәл қазір бір ғасырға жуықтаған. Оның  әр  басқан қадамы  ақиқат пен аңызға толы. Жастайынан жетімдік шекпенін киіп, мезгілсіз марқайған  қам көңіл қыз 18 жасында туған ауылындағы темір жолда паровозға от жағушы болып жұмысқа тұрған. Аз уақыт ішінде қосымша паровоз жүргізудің қыры мен сырын жан-жақты меңгерген ол, іскерлігімен елді сүйіндіреді.  Кейін оның Алматыдағы темір жол училищесін енді тауысқан сәтінде сұрапыл соғыс оты тұтанады. Елде  кәрі-жас, ер-әйел демей майданға аттанып жатқан тұста ол өздігінен сұранып, алдыңғы шепке баруға бел буады. Сонымен 1942 жылы қаңтар айында орталық соғыс кеңесінің №34 бұйрығымен алдыңғы шепке баратын паровозшылар құрамына барып қосылады. Ізінше Сталинград бағытындағы ұрысқа  бет алған 30 отарбаның бірі  ЭМ 722-03 паровозын тізгіндеп кете барады. Майдангерлер тәуліктеп жүріп, арада біраз уақыт өткенде қарша бораған оқ пен қызыл жалынды отқа оранған бір қалаға  жетеді. Онда барғандарға екі адамнан бірге жұмыс бөлісі жасалады. Паровозшыларға негізі алдыңғы шепке оқ-дәрі, қару-жарақ жеткізіп,  жарақат алып, қаза тапқандарды жинау міндеті жүктеледі. Соның ішінде қаршадай қызға ең ауыр тигені құрбан болғандарды жинап, жерлеу еді. Бір әңгімесінде соғыс ардагері: «Онда әр күні бізге жаңа тапсырмалар берілетін. Үнемі өз міндетімізді екі етпей орындап жұрдік. Бірде мен жанымда бір орыс қыз бар майданға қару-жарақ жеткізіп, қайтарда жаралылар мен құрбан болғандары алып қайтатын болдық. Алайда, ол менің өлген адамдарды тұңғыш көруім еді. Ондағы қызыл қанға малынып, сұлап жатқан өліктерді көргенде тұла бойым түршігіп кетті. Алғашында өне бойын оқ түтіп, парша-парша болып жатқан  мәйтке қарай алмай қамығатынмын. Тіпті, түсімізде де сол бейне қайталанып, кейде жынданып кете жаздаған кездерім болды.  Алайда, «Үш күнде көрге де үйренесің» деген. Біраз уақытта оған да етіміз үйреніп, орыс қыз екеуміз  өліктерді паровозға өзіміз тиеп, өзіміз жерлейтін болдық. 1943 жылы ақпан айының басы болатын.  Жауынгерлер жаудың аса ірі бір әскери базасын талқандап, 1200-ден астам сарбазын қолға түсірді. Тұтқындарды қорғап орталыққа жеткізу бізге міндеттелді. Бұл бір қауіпті де қатерлі тапсырма еді. Дегенмен, бұйрық берілді ме? Оны орындау парыз. Кешікпей жолға шықтық. Сәл босаңдық танытсаң соншама көп тұтқын қарсылық көрсетіп, қашып кетуі де мүмкін ғой. Бірақ, біз оған жол бермедік. Бірнеше тәулік қас қақпай күзетіп тұтқындарды Балашов қаласына аман-сау жеткіздік. Сол жылы Украина жеріндегі әйгілі Днепр өзенінің сол жағалауына өту үшін Корейка аралығына тез арада көпір салуға тура келді. Оған да жарғақ құлағымыз жастыққа тимей атсалысып, көпір құрылысын межелі мезгілде сәтті аяқтадық. Бұл біздің жауынгерлер көздеген Қырым бағытындағы шабуылға жол ашып, ондағы  Смоленск, Гомель, Кременчук, Борисовка, Ровно және Хмельницкий қалаларын азат етуге сеп болды.    Қанша айтқанмен соғыстың аты соғыс. Бейбітшілік шіркінге не жетсін? Ондай қасіретті оқиға енді еш қайталанбасын. Тәуелсіз елімізде мәңгі тыныштық орнап, көк туымыз көкте желбірей берсін» -дейді батыр ана.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here