Ай – ару мен Күн – ару Айтақын Бұлғақов

0
73
дереккөз

Күн де бөлек, тылсым дүние түн бөлек,
Жырлау үшін оған да сай үн керек.
Әлімсақта Ай – ару мен Күн – ару,
Күндестікпен жүрген екен дөңгелеп.

Өмір деген өлмегенге мың арман,
Арудайын тал шыбықтай бұралған.
Бұл фәнидің тағылымы, тәлімі,
Аңыз бенен ақиқаттан құралған.

Бұлақтайын шымырлаған қайнарлап,
Қарекетсіз қонсын басқа қайдан бақ?
Алты қабат аспандағы саны жоқ,
Жұлдыздарға ат қоямыз айдарлап.

Қарыса да ғазиз жанын сан ызғар,
Ақиқатын айтып кеткен абыздар.
Ғаламшардың ішіндегі ғаламат,
Ай мен Күнде мынадай бір аңыз бар.

Дастандарда батыр бастап жорықты,
Ғашықтар да құсалықтан торықты.
Аспандағы Ай – ару мен Күн – ару,
Жаралғанда асқан сұлу болыпты.

дереккөз

Күллі дүние күңірентіп күй-әнін,
Қиырларға ұшырыпты қиялын.
Қызғаныштың қызыл иті абалап,
Сұлулықтың сезбепті олар зиянын.

Пенделер-ай бойға шапан шақтамас,
Ала ауызды Алла-дағы жақтамас.
Екі арудың арасында бәсеке,
Арпалыспен жүріп жатты бақталас.

Қызғаншақтық кім тоқтатқан індетті,
Сабырлыққа жүгінуді білмепті.
Сенен асқан: «Мен сұлу» – деп Күн – ару,
Ай – аруды ауыр сөзбен тілдепті.

Бірін-бірі мысқылдапты, жүндепті,
Татулықтың қадірін еш білмепті.
Сенен асқан: «Мен сұлу» – деп Ай – ару,
Күн – арудан қалыспастан күндепті.

Екі сұлу егеске көп барыпты,
Бастарынан сөз асырмай налыпты.
Сөз көтермей, қолы жылдам Күн – ару,
Ай – арудың бетін тырнап алыпты.

Қанжар үшін қажет етер шарықты,
Кім құдайдан сұрап алсын ғаріпті.
Айдай сұлу Ай – арудың бетінде,
Жазылмайтын тыртық содан қалыпты.

Салмақ салар бұл аңыз да санға,
Қандай сайтан кіргенін көр араға.
Содан бері Күн – аруға көрінбей,
Ай – ару қыз түнде шығад далаға.

Ертегіге ел сенбейтін күл мейлі,
Иманы әлсіз жүректерде кірлейді.
Ай – аруды жарақаттап Күн – ару,
Әлі күнге жасырынып жүр дейді.

Алынбаған әлі де бар есебі,
Күншілдіктің жазылмаған кеселі.
Ымырт түссе Күн – арудың соңынан,
Ай – ару қыз қуалап жүр деседі.

Бөрі тектес ит те білер ұлуды,
Сайтан ырза араздатқан сұлуды.
Екі ағайын екі жаққа айырылса,
Жүректерге қайдан алсын жылуды.

Бұл пікірге нанба мейлі, наныңдар,
Аңыз бенен әпсанада тәлім бар.
Татулыққа ұялайды бақыт құс,
Араздықты қоздатады залымдар.

Ай да бөлек аспандағы күн бөлек,
Толғау үшін бар ғаламды үн керек.
Күндестіктен күлге айналса ғаламшар,
Айсыз, күнсіз адам қалай күн көред.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here