Бірлігі бардың тірлігі бар

0
167

1-ші мамыр Қазақстан үшін жай ғана мейрам емес. Бұл — біздің бірлігіміздің айнасы. Дініне, нәсіліне, ұлтына қарамастан бір шаңырақ астына жиналған ұлт өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Шығу тегі, сенімі, көзқарастары әртүрлі болса да жұдырықтай жұмылған жұрттың бүгінгі таңда бағындырған белестері жетерлік. Ал, қоғамның ең үлкен жетістігі — тыныштық пен тұрарақтылық.

Сонау небір алмағайып замандарда Кеңестік жүйенің ықпалымен ұлан-ғайыр даламыздан пана іздеп келгендерді жер иелері аш қалдырмай барын бөліп, жоғын жонып берген. Тұрмысы төмен тартса да жайсаң халқымыз жомартттықтан тарылмаған. Содан бері талай тауқыметті қазақ елімен қатар басынан өткерген ұлт өкілдері қазіргі қуаныштың таңы атқан уақытта да қасымыздан табылып, елімізді көркейтуге өз үлестерін қосуда.  Солардың бірі Жетісу Мемлекеттік Университетінде білімгерлерге ұстаздық етіп жүрген журналистика және филалогия кафедрасының профессоры Ли Эмма Викторовна.

«Қазақстандағы әр ұлттың өкілі өзін үлкен мемлекеттің бір бөлшегі екенін сезеді. Өйткені, репрессияға ұшырап, туған өлкесінен жырақтаған ұлттар осы бір дархан далаға келгенде көмекке зәру болды. Сондай  сәтте қазақ халқы қонақжайлылық танытып, ыстық ықыласпен қарсы алды. Жаңа өмірді жақсы бастауымыз үшін көмектерін аямады. Содан бері қазақ жері кәрістермен қатар шешен, неміс,  күрд сынды көптеген ұлттардың туған жеріне, Отанына айналды. Бір-біріміздің мәдениетімізді тереңірек ұғыну арқылы достығымыз нығайып, ынтымағымыз бекіді. Осындай бейбітішілікте бақытты өмір сүріп жатқан біздер ертеңіміз жайлы алаңдамаймыз. Себебі біздің күшіміз бірлікте» дейді  кәріс халқының өкілі.

Көп ұлттылық барлығымызға қолайлы. Бұлай деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, Алматы облысының өзінде ынтымағы жарасып, тату-тәтті күн кешіп жатқан қауымның ауыз біршілігіне қарап сүйсінесің. Әр өңірдің халқының алуандылығына байланысты сол жақтағы жұрттың жан-жақтылығы байқалады. Жетісу өңіріндегі жер тырмалаған қазақтар көкөніс пен майлы дақылдарды өсіруді кәрістерден үйреніп, ортақ кәсіп етіп алған. Ал, Жаркент өңірінде  ұйғырлардың көп болу себебінен қазақтардың да күн көрінісіндегі ерекшелік жетерлік. Саудагер халықтың еңбекқорлығы біздерге де сеп болғаны білінеді. Сондай-ақ, дәмі тіл үйіретін түрлі тағамдары да сұранысқа ие. Осылайша қағілездігіміздің арқасында айналамызға қарап тұрмысымызды одан әрі жақсартып келеміз. «Бұлақты болса көл семіреді, ынтымақты болса ел семіреді» — деген даналық сөздің тегін айтылмағаны осы болар. Ойлап қарасақ, Қазақстанда тұрған халықтың шет мемлекеттерге барып, солардың  мәдениетін біліп жатудың керегі жоқ. Себебі, Отанымыздан  орасан зор ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Және де олардың тыныштықта шад-шадыман өмір сүруінің өзі бір үлкен жетістік. Кейбір шет мемлекттерде шығып жатқан ұлт араздық қақтығыстың салдарынан құлдырап жатқандарына қарап, қыл өтпес достықты бір ашуға сатпау керектігін жадымызда жаңғырғаны абзал.

130 дан астам мемлекеттің ұлтын бауырына басқан Қазақстан  татулығымен әлемге үлгі көрсетіп, кемеңгерлігімен, дархандығымен, тұрақтылығымен танылуда. Осының арқасында еліміздің абыройы асқақтап, дүниежүзілік мәселерде өзіндік шешімі, өзіндік орны бар беделді мемлекет болды. Сан түрлі ұлт пен ұлыс қазанында біте қайнасқан қазақ елінде ынтымақ, ырыс салтанат құрған уақытта қаймағы бұзылмасы анық.

Тоқан Мадияр, ЖМУ білімгері.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here