Есімі ел жүрегінде сақталған ер

0
143

Қаламыздағы №17 орта мектепте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына  арналған  ерлік сағаты өтті. Өрендерге  Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының рухани кеңесінің мүшесі, қонаевтанушы  Хания Есдәулетқызы  аталар ерлігі  жайында баяндады. Хания  Есдәулетқызы халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлымен  жолығып, көзін көрген.

«-Батырдың батылдығы мен  турашылдық, адалдық, достыққа беріктік қасиетті  күні  бүгінге дейін ел ауызында. Қазақ азаматына сай тік мінезі, өмірінің соңына дейін адам атына кір келтірмегені, артына қалдырған қымбат қазына – кітаптары мен қанатты сөздері бүгінгі ұрпаққа өнеге болмақ. Осындай біртуар батыры  жайлы  жас ұрпаққа айту парызымыз. Бауыржан  Момышұлы  22 жасында әскери қызметті қатардағы жауынгерліктен  бастап, 5 мың адамды бастаған -дивизия командирі дәрежесіне дейін жеткен.

 Ұлы Отан соғысы басталысымен, даңқты генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен Алматы  маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады.  Батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.

1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды.

Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Кеңес Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді.  Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, әскери академияда сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол кітабын қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін , өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналды. Бірнеше орден, медальдармен наградталып, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ  Отан соғысы біткеннен соң жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын.  Ел тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің  тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы»  атағы  берілді»-дейді Хания апа.

 Балаларға слайд арқылы жер бетінде бұрын-соңды болмаған жойқын шайқаста жаумен арпалысып, ерлік пен батылдық танытқан асыл ерлеріміз  жайында да сыр ақтарды.

Ұрпағына өнегелі өміршең із қалдырған халқымыздың ардақ тұтар асыл азаматтарының бірі – Нұрмолда Алдабергенов. Тірлігінде  Н.Алдабергенов ауыл шаруашылығының академигі атанды, елінің абырой атағын аспанға көтерді, омырауына қос Алтын жұлдыз тақты. Оның бар ғұмыры ел-жұртына тек адал қызмет істеумен өтті.
Елі үшін  аянбай тер төккен,   екі мәрте Еңбек ері  атанған Нұрмолда  Алдабергеновты көппен бірге қоймай, ұрпағы басына  келіп жүретіндей  күрежолдың  бойына жерлеуді  Бауыржан Момышұлы   ұсынады. Ұсынысқа  қарсы шыққандар да  болған.   Еңбек ерінің зираты көпшілік өтетін жолдың бойында. Бауыржан Момышұлы өзі айтқандай «Есімі ел жүрегінде сақталған  ер ғана бақытты» дегендей, батырлардың есімі біздің жүрегімізде мәңгі  сақталады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here