Қазақтың үш батырымен бірге болған майдангер

0
99
фото Ж. Мұсабеков

Жер бетінен 27 миллион адамның жанын жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс кім-кімге де оңайға соқпағаны белгілі.  Осы бір қанды майдан қарулы қақтығысқа кезінде ұлан-ғайыр қазақ жерінен 1 жарым миллионға жуық жауынгер  аттанса, олардың  90 мыңнан астамы Жетісу өңірінен. Өкініштісі, олардың тең жарымынан астамы ұрыс даласында  көз жұмған. Қара басын өлімге байлап, сол сұрапыл шайқасты көзбен көріп аман оралғандардың бірі талдықорғандық Сәрсенбай Қаңтарбаев қария.

дереккөз

Алғы шепте қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдиновтермен бірге болған қарт майдангер енді Алла жазса  Жеңістің 73 жылдығын қарсы алу шарасына қатысуға қам жасауда. Бүгінде жалпы Алматы облысында 140 – қа жуық Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың  26-сы облыс орталығы Талдықорғанда тұрады. Баспана және үкіметтен берілетін басқа да әлеуметтік көмектермен толық қамтамасыз етілген. Ардагер Сәрсенбай Қаңтарбаев 1924 жылдың 10 мамырында Көксу ауданының Балпық би ауылында дүниеге келген. 18 жасында әскер қатарына шақырылған жалынды жас, алдымен  Аягөз қаласындағы қысқа уақыттық әскери дайындықтан өтеді. Кейін Мәскеу маңында болып жатқан қиян-кескі ұрыстарға  қатысады. Сан мәрте жараланып, небір салмақты жарақаттан сауығып шыққан ол көп өтпей қаруын қайта қолға алады. Қираған қала, өртенген дала, айқасып жатқан адам өліктерінен аяқ алып жүргісіз күйге түскенде де жаратқанның жәрдемімен аман қалады. Осыдан кейін оны Түркіменстанның Мары қаласына мергендер дайындау орталығына жіберіп, тағы бірнеше ай дайындап, ізінше алдыңғы шепке аттандырады. Бұл жолы Мәскеу қаласының шетіндегі батыр Бауыржан Момышұлы  басқаратын №19-гвардия полкіне пулеметші болып қосылады. Сонымен ол, кейін Литва, Латвия, Эстония   елдерін азат етуге атсалысады. Майдан шебінде күндіз-түні көз ілмей шайқасқан жас жауынгер бірде Россиядан Германия бағытындағы атыста  Берлинге 120 шақырым қалғанда денесіне оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Сол жолы аты аңызға айналған, қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының қайталанбас ерліктерін өз көзімен көрген. Тіпті,  1945 жылдың 21 қаңтарында өткен бір шабуылда Бауыржанмен бірге бір мезгілде жараланып, көшпелі дала емханаларының бірінен емделіп шығады. Келесі кезекте шығыс Украин жерін жаудан тазартуға бел шеше кірісіп, қызыл жалынды от пен қарша бораған оқтың ортасындағы орманды алқапта қазақтың тағы бір батыры Қасым Қайсеновты жолықтырады. Осыдан соң Қасыммен екінші мәрте кездесудің сәті түсіп ұзақ әңгімелеседі. Кейін  Талғат Бигелдиновпен жолықанын жеткізген ардагер өзінің қазақтың қайталанбас үш арысымен бірге болғанын мақтан етеді. Осылайша, небір қиын-қыстау жылдарды бастан өткеріп Жеңіс туын желбіретіп қайтқан айтулы тұлға «Ұлы Отан» соғысының І дәрежелі басқа да ерен ерліктері үшін 20-дан астам  медальды еншілеген.  Туған  жеріне орала салысымен, көп уақыт әскери сабақ мұғалімі және 40 жылға жуық пошта байланыс саласын басқарған. Қазір Сәрсенбай ақсақал «Көксу ауданының Құрметті азаматы, 9 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қормал ата.  Олардан  25 немере, 29 шөбересі бар. Екінші дүниежүзілік соғыстың «Танымал батыры» атанған қарттың жасы биыл 94-те. Жұбайы Бәтиха Нүсіпқызымен отау құрып,  шаңырақ көтергеніне де 73 жыл толып отыр. Ұрпақ – елдің ертеңі. Олар ата-бабалардан жалғасқан салт-дәстүрімізді, дімізді, тілімізді, сақтап береке-бірлікте болуы тиіс. Бастысы еліміз аман, жеріміз тыныш болса, ұлан-ғайыр қазақ даласының басты байлығы сол» — дейді, қазыналы қария.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here