Жас әдебиетшілер жүздесті

0
103
Фото Айгүл Смағұлова

Талдықорғанда «Жетісу көктемі» атты тұңғыш жас әдебиетшілер форумы өтті. Шараға еліміздің әр аймағынан 40-қа жуық қаламгер қатысып, олар жер жаннаты Жетісудың нағыз ән мен жырдың мекені екеніне көз жеткізіп қайтты. Екі күнге жалғасқан тың бастама Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған. Форумды Алматы облысы әкімдігінің жан-жақты қолдауында облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағының өңірлік филиалы ұйымдастырған.

Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қоғамдық сананы орнықтыру. Жетісу жеріндегі жас ақын-жазушыларды бір арнаға тоғыстырып, кемелді әдеби орта қалыптастыру. Сондай-ақ, жастардың азаматтық және патриоттық әлеуетін дамыту.

Алғашқы қадамын қасиетті Қарасай ауданынан бастаған жас қалам иелері ондағы киелі орындар мен мұражайларды аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Сол күннің екінші жартысында олар Кербұлақ ауданындағы әйгілі Ш.Уәлихановтың зиратына барып ғалым рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Осыдан соң облыс орталығы Талдықорғанға табан тіреген шайырлар Қаратал жағалауында жыр толғап, шаһар жұртына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Фото Айдар Карбозұлы

Форумның екінші күн тәртібіндегі бағдарлама бойынша қаладағы жыр абызы Сүйінбай мен ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған әдеби шара «Салтанат» сарайында қорытындыланды. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен жүздесуде Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов: «Ел ертеңі жастар. Біз жастарға үлкен сенім артамыз. Себебі, олардың қай жанрда болсын айтары да, жазары да көп. Осы арқылы қазақ әдебиеті көптеген жас дарын иелерімен толығары һақ. Сондықтан бұрынды соңды болмаған бұл шараның мәні де маңызы да зор» -деді.  Сөз соңында Ұлықбек Оразбайұлы  қарымды қаламгерлігімен таныла бастаған 8 жасқа Жазушылар Одағының мүшелік билетін табыс етті. Шара барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасы жариялаған Алматы облысы әкімінің проза және поэзия жанры бойынша «Ақ қауырсын» әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталып, «Рух» байқауы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, байқаудың проза жанры бойынша бас жүлдесін Қанат Әбілқайыр еншілесе, поэзия саласында Сағыныш Намазшамова  топ  жарып 300 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Сағыныштың жүлделі жырымен сіздер де таныса отырыңыздар құрметті оқырман қауым.

Атамыз — Алтай, Анамыз — Дала,
Қол тимеген-ді жағамызға да,
Темірді түйіп, Тәңірді сүйіп
өткерген күннің бәрі «аңыз» ғана.

Сүйсініп сипап жылқының жалын,
Жауынгер қылған жұртының бәрін,
Жорытқан кеше Күннің түбіне
Ұмытпа, дүние, түркінің барын.

Тәңірі көкте алқалап тұрып,
Айдай жүзінен Ар тарап тұрып,
Жарты ғаламды жаулаған бабам,
Шартараптарда салтанат құрып.

Асқақтық руxын уыстап туған
Тауларды көрдім Ту ұстап тұрған,
Жауларды көрдім жер құшып жатқан,
Балбалды көрдім тыныстап тұрған.

Тербеткен талай Тұран даланы
Құлағыма кеп қырандар әні —
Алтынемелден асып жатқанда
Алты жүз ұлдың* ұрандағаны.

Білегі мығым, жүрегі бекем,
Қанша ұлың сенде түледі екен,
Қанменен бірге қасиет сіңген,
Қайран да біздің киелі мекен!

Бәрін де көрдің, бәрін де кештің,
Дәуірі жүрмей ақыл-кеңестің,
Адам-Құдайлар арқырап шығып,
Тілдесе де алмай Тәңірмен ешкім,
Тынышын түздің ала қашқанда,
Күллі әлем мидай араласқанда,
Қара түс шығады екен ғой, дүние-ай,
Ақ пенен қызыл жағаласқанда.

Аласапыранда, арпалыстарда
жас жолбарыс пен қарт арыстанға
кезенген мылтық көміліп жатыр
көлеңкелер мен қалтарыстарда.

Жеті қабат жерге, жеті қат көкке
жасырсақ руxын таба алмас деп пе?!
Жеті қат көктен қона алмас деп пе?!
Жеті қабат жерден оралмас деп пе?!

Руxым — қалың қорымым ба екен?!
Қобызым тартқан қоңыр үн бе екен?!
Жоқ іздейтұғын жорығым ба екен?!
Өзегін тапқан өмірім бе екен?!

 

Оралып руxым, жаңғырып келем,
Дақ қылып емес, таң қылып келем.
Жаңғыру деген — мың мезеттердің
түйіскен тұсы мәңгілікпенен.

Уақыт енді бағалатады,
Бақ болып қонып Далаға тағы,
Күн басты адам сәулесін шашып
күлімдеп сонда бара жатады.

Күн басты адам — тәңірқұтымды
түгендей білсем жаным бүтін-ді.
Дүрліккен дүние дүрмегіндегі
жаңғыру — менің жарығым сынды.

Қақым жоқ менің тұйықталуға,
Қақым жоқ менің сұйықталуға
Руx дейтұғын періштелерім
отырған кезде иықтарымда.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here