Автобустағы әңгіме

0
144
фото А.Қажеке

Қарымды қаламгер Мәди Әсетұлы Алжанбай 1976-шы жылы 6-шы наурызда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінен тележурналист мамандығы бойынша білім алған. Ақпарат саласында алғашқы еңбек жолын бастаған ол, «Үш Қиян» баспасында редактор, «Жас Алаш» газетінде тілші, Қазақ Радиосында аудармашы, «31 телеарна», «КТК» телеарналарында корреспондент, «Қазақ Газеттері» ЖШС «Үркер» журналында бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы, жауапты хатшы сынды қызметтерде болған. Қазір Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бөлім меңгерушісі. Бүгінде автордың шұрайлы тіл, салмақты оймен жазылған әр шығармасы оқырман қауымының жоғары бағасына ие.

дереккөз

Шілденің күн шықпаса да таң атып кететін мезгілі. Ауылдың орталық көшесіндегі бір жақ қабырғасы ойылып қалған аялдаманың алдында қызыл түсті «Икарус» тұр. Қалаға ерте жүретін жалғыз көлік болғандықтан жалғызілікті немесе екі-екіден келген жолаушылар табалдырығына асығыс аяқ артуда. Сағат алтыдан 10 минут өткенде соңғы жолаушысын кіргізген автобус орнынан қозғалды. Отыра салып темекі тұтатқан жүргізуші жанама айнаға бір қарап алды да жылдамдықты ұлғайтты. Бос орындарға орныққан жолаушылар ұйқыашар әңгімеге кіріскен.

– Ой, Әлеке, қайда шықтың?

– Тәшкенсазға, құдамыздың әйелі қайтыс болып, соған барып қайтайық деп… Өзің ше?

– Қалаға, кенже қызым оқуға тапсырып жатыр еді. Соның бір шаруаларымен, – деп күбірлескен дауыстарға арт жақтағы орындарға жайғасқан жастардың жарқын күлкісі араласып кетеді.

Сақал–мұртын жақсылап бастырған кеспелтек денелі адаммен қатар отырған тақиялы қара кісі:

– Өтеген аға, ана көршіңіз Нұрғали жүр ма? Ой, бір оңбаған бала екен, – деп төтесінен қайырды.

– Е, не боп қалды?…

  – Ана үйімде жүрген жетім баланы мотоциклмен қағып өтпек болып қорқытыпты да қолындағы бишік–қамшыны жұлып әкетіпті. Шәймерденге алты өрім қылып өргізіп едім. Сабы ұзын. Өткенде сізге барып амандасқанда үйіне іздеп барғанмын. Жоқ екен. Оның алдында «Әкеліп бер» деп адам сияқты айттым. «Тауда қалыпты, анда қалды, мында қалды» деп жынды қылды әкеңнің… Әкесі де оңып тұрған жоқ. Былтыр қасында Жұмабек бар, үйге келіп баланы шапалақпен бір тартыпты. Мен жоқ болғанмын. Әйтпесе аузын күншығыстан келтіріп жіберер едім.

– Неге ұрып жүр?

– Ой, бір тоқтысы жоғалса керек. Соны жаңағы балаға «сен жеп қойдың» дейтін көрінеді. Өзі аурушаң жетім бала біреудің тоқтысын қалай жеп қояды? Өзіңізші ойлаңызшы!.. Оған қарағанда әйелі құдайға қараған екен. Өткенде көшеде кездесіп «Ренжіме, айналайын, тоқтыны өздері біреуге берген. Соны ұмытып қалыпты. Ренжи көрме, көшенің екі басында тұрсақ та көршіміз ғой» деді. Риза болып қалдым. Баласының көптігіне мақтана ма, әйтеуір Әубәкірдің кеудесі зор.

– Е, балаларының ішінде Мұхамеджан мен Бекетай ғой адамы. Қалғаны алақұйын бірдеме… Сонда жаңағы бала аздап ауырады–ау, а? Сіздің үйдегі баланы айтамын.

– Иә! Жиен қарындасымның ұлы ғой. Алдында тұрған жерлерінде басынан суық өткен бе, әйтеуір, сондай бір бәлесі бар. Кейде төсегіне зәр сындырып қояды. Өзімен–өзі сөйлесіп жүреді. Сондай баланы басынғандай болғаны жынымды келтіреді. Әйтпесе, қамшыда тұрған ештеме жоқ қой. Бірақ бір сиырдың терісін Таңжарыққа әбден илетіп, Шәймерденге өргізген қамшым еді. Әсіресе, сиыр баққанға ыңғайлы болатын. Сабы да ұзын, өрімі де қысқа емес. Сіздің көршіңіз ғой, бір ауыз айтып қойыңызшы! Әкеліп тастасын! Өткенде есік алдында көргенде сізге ештеме айтпадым. Енді болмаса мілітсиаға берем. Көрсін әкең… тайраңдағанды. Әлгі оралманның баласын ұрғаны бар, тағы да бәлелері бар шығар, мілітсиаға да керегі осындайлар ғой. Ана аудандық РОВД–ның бастығының орынбасары құдамның баласы. Ақырын айтып қойсам, тауда жүре ме, ойда жүре ме қолын қайырып әкетеді. «Көрші ақысы, тәңір ақысы» дегенді өзіңіз жақсы білесіз. Сіздің құдай қосқан есіктес көршіңіз болған соң айтып отырмын. Жанжалдасқаннан сақтасын. Бір ауыз айтып қойыңыз.

– Жарайды, айтам оны. Әлгі балаң жел болған шығар, маған әкеліп көрсетсеңші. Жақсылап ұшықтап берейін. Сосын, Таңжарық терінің иін қандыра илейді дедің бе? Үйде екі жасар бұқаның терісі бар еді. Туысқаның ғой, айтып илетіп берсеңші. Жартысын алсын. Өзімнің айтуыма да болады. Дегенмен, өзі кісікиіктеу ме, қалай?

– Е, ондайы бар. Тұйық… Бірақ, ашылып сөйлеспегенімен жақсы жігіт. Қолы ұсынықты. Ұстаған нәрсесін жайнатып жібереді. Әсіресе, былғарыға шебер. Былтыр соның арқасында соғымға сойған өгізшемнің терісімен үйдегі ер–тұрманның бәрін жаңалатып алдым. Жарықтық былғары тозбайды екен ғой. Үйде әкемнің көзіндей болып, сүндет бәсіресіне жасатқан ағаш ері тұр. Соның жүген, өмілдірік, тартпа, таралғы, құйысқаны әлі сол күйінде ғой. Тек ауылдан көшіп келген соң алты айдай қараусыз қалған айыл тартпасын тышқан кеміріп кетіпті. Енді соны жаңалату керек.

– Рас айтасың, әбден иі қанған былғары тозбайды екен. Менің атамнан қалған қамшы бар. Аруақты дойыр. Міне жасалғанына сексен жылдан асып барады. Соның дәл екінші сыңарын жасатайын десем, «қырғыз өрімді» өре алатын адам жоқ. Кәдімгі өзегіне бұтін қайыс салып тарамыспен көркемдеген. Енді Ақшидегі Дәркембайға апарсам ба деп отырмын. Бір өрсе соның қолынан келетін шығар. Бұл, қырғыздарың да бәле көрінеді ғой. Тіптен болмаған соң өзім көрейінші деп түйінін тарқатып едім, қайтадан әрең жинадым. Сосын «артық қылам деп тыртық қылмайын» дедім де қойып қойдым.

– Ойпырым–ай, жарықтық!…

Осы кезде автобус бар дауысымен дабыл соқты. Қалғып отырғандар селт етіп терезеге қараған. Жолды біреу кесіп өтпек болыпты. «Көзіне қарамай ма!», «Сонша қайда асығады? Қағып кете жаздады…», «Өстіп жүріп өліп қалады ғой, байқұс» деген күбірлерді жолдан көз алмаған жүргізушінің дүңк еткізген боқтық сөзі тыйды.

– Адамның ажалы әртүрлі екен ғой. Былтыр ана суға кеткен қызды білесіз ғой. Сүйегін БАК–тан мүлде басқа жақтан тауыпты. Ісініп кеткен дейме–ау, құдай! – деп күрсінді тақиялы қара кісі.

– Иә. Баяғыда… баяғыда деймін, осы сен көшіп келмей тұрып, ана Алжанбайдың Ғалымжан деген баласы суға кетіп өлді. Соның сүйегін үш күн, әлде төрт күн іздеп әрең тапты. Онда да қаладан шақыртумен келген сүңгірушілер таба алмаған мәйітті, екінші баласы «менде өлем» деп арақ ішіп, інісі сүңгіген жерден бойлап барса, аяғы бірнәрсеге тиіп шошып кетеді. Сосын жағада жылап тұрған басқа бауырларын шақырып, інілерінің сүйегін қайраңға қадалып тұрған жерінен суырып алыпты. Сөйтсе марқұм шомылған жер бұрылмаға жақын болғандықтан ағыспен келген топырақ жиналып батпаққа айналған көрінеді.

– Ойпырым-ай-а?! Құданың құдіреті…

– Ана Үшқозыдағы құмалақшының «суға сүңгіген жерінен төмен қарай жүз метр жерден табасыңдар» дегені өтірік болып шықты ғой. Содан бері оған адам баласы сенбейтін болған. Ал, Алжекең қаладан сүңгуір шақыртып қанша шығынданды?! Бәрібір, ажал шіркін анау, мынауыңа қарамайды екен. Содан кейін ауылда, «сол бала өлерінің алдында үлкен ағасының әйелінен «суға кеткендер жұмаққа бара ма?» деп сұрапты» деген сөз шықты. Соның қаншалықты шындық екенін кім біледі, әйтеуір аузымен жүретін желауыздар көп қой?! Солардың шығарғаны болар деп қоя салдық…

– Ой, аға, «бір жоқты бір жоқ табады» дегендей мына әңгімеңіз бір оқиғаны еске түсірді. Былтыр, мен сөз қылған Нұрғали біздің үйдегі баланы БАК–тың суынан құтқарып алыпты.

– Е, қалай?

– Жаздың күні ауылдың бар баласы сонда ғой, білесіз. Киікбай жақта қой бағып жүрген біздің бала да соларға қызығып суға түседі. Онда да беліне байланған шылбырдың ұшын жағадағы бір темірге қазық бау шалып түйеді де, тереңге бойламай шалпылдатып жүреді. Ауылдың суда өскен балалары қойсын ба, ары жүзіп, бері өтіп қызықтырса керек, суда тұрып беліндегі байлауды шешіп жіберген көрінеді, ағыс алып кетіпті. Содан суға бір–екі батып шыққанын көпірде жатқан Нұрғали көріп қалып, шашынан суырып жағаға жеткізген. Оны кешкісін көршім Сүлейменнің кіші баласы айтып берді.

– Құдай қаққан екен…

– Содан не болды дейсіз ғой?

– Ыһы?!…

– Қойды айдап келген соң ана баланы оңдырмай сабадым. Содан бері суға жоламайтын болды.

– Неге ұрып жүрсің? Өзі қамкөңіл баланың жүрегіне қаяу түсіргенсің ғой.

– Ой, аға, суға кетіп өлсе ел–жұрттан ұят емес пе?! Одан да көз алдымда тірі жүргені жақсы. Қой кезекті бағысатын адам да керек. Оның үстіне өмірі су көрмеген бала ғой. «Су тілсіз жау» деген…

– Иә, оның рас! Дегенмен жөні жоқ ұра бермегенің де дұрыс. Қой, мен мына Новоалексеевкадан түсем… Жақсы.

– Жақсы, аға, мұнда жәй келдіңіз бе?

– Қайдан жәй болсын. Талғардың саяжайында менен ем алып жүрген кісі бар еді. Сол төсек тартып жатып қалыпты. Кеше телефонмен хабарлаған соң келе жатырмын. Ал, жақсы онда. Ей, шопыр, алдыңдағы бағдаршамға тоқтатшы, мен түсіп қалайын.

– Ана Таңжарыққа тері туралы айтайын ба?

– Е, ұмытып барады екем ғой. Айт, жартысын беремін!

Тақиялы қараның қолын алып, жармалы есіктен сылбыр түскен сақалды кеспелтек кісіні қалдырған қызыл түсті «Икарус» орнынан күжілдей қозғалды. Ал, арт жақтағы жастардың жарқын әңгімелері әлі таусылмаған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here