Безгек — масаның шағуы арқылы таралатын инфекциялық ауру

0
154
Дереккөз

25-ші сәуір – бүкіл әлемдік безгекпен күресу күні. Атаулы дата 2007 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 60-шы сессиясында қабылданған. Мұндағы мақсат –  безгекке қарсы тиімді күресу шараларын әлем бойынша насихаттап, аурудың алдын алу. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында инфекциялық аурумен күресу жөнінде баспасөз-мәслихаты өтіп, маман кеңесі тыңдалды.

Жиында алғашқы сөз Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановқа берілді. Ол әлем бойынша жылына 500 миллионға жуық адам безгек ауруын жұқтыратынын тілге тиек етті. Айтуынша, соның ішінен 1 миллионнан 3 миллионға дейінгісі дерттен көз жұмады екен. Әсіресе, сырқаттанудың 90 пайызға жуығы Африка елдерінде кездеседі. Мұнымен бірге, Азия, Латын Америка, Таяу Шығыс және Европаның кейбір аймақтарының тұрғындары инфекцияны көбірек жұқтыратындардың қатарына жатқызылған. Бұл дертпен көбіне 5 жасқа дейінгі балалар ауратынын айтқан Ерғали Жақсыбекұлы толық мәлімет беру үшін сөз кезегін инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гаухар Нүкеноваға берді.

Брифинг қонағы аурудың жұғу жолдарына тоқталып, артынша оның алдын алуға қатысты атқарылатын шараларды айтып берді. Маман сөзіне сүйенсек, безгек – масаның шағуы арқылы науқас адамнан сау адамға берілетін инфекциялық ауру. Сырқат, әдетте, қызбамен, тоңазумен, бауыр және көк бауырдың ұлғайуымен сипатталады. Гаухар Тәңірбергенқызы безгек ауруының пайда болуы елімізде кездеспейтінін айтып отыр. Алайда, аталмыш дерт өзге елден келген азаматтар арқылы жұғу қаупі жоғары. «Сондықтан тұрғындар аурудың салдарынан хабардар болып, қандайда бір белгілерін байқаған жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінуі керек», — дейді Г. Нүкенова.

Өткен және үстіміздегі жылы облысымызда безгек ауруымен сырқаттанған адам жоқ. Алайда, республика бойынша 2017 жылы дерттің үш жағдайы тіркелген. Оның екеуі Африка елінен берілсе, кейінгісі Үндістаннан келген. «Безгек ауруын жұқтырған бұл азаматтардың барлығы туристер арасында тіркеліп отыр», — дейді спикер.

Аталмыш дерттің адамға маса арқылы жұғуына байланысты облысымызда бірқатар шаралар атқарылуда. Жылдың маусым, шілде, тамыз айларында Қапшағай мен Талдықорған қаласы және Қаратал, Панфилов, Алакөл аудандарының сулы аймақтарындағы масаларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, мамандар аурудың алдын алу мақсатында балаларға вакцина егілетінін айтып өтті. Бірақ діни сенімді ұстанатын ата-аналар арасында бұған қарсылық таныту көптеп кездесетін көрінеді. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов осы орайда вакцинаның маңыздылығын түсіндіру мақсатында мешіт және шіркеу қызметкерлерімен тығыз қарым қатынас жұмыс жүргізіп отырғандықтарын да атап өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here