Баспана алудың оңай жолы

0
55

Еліміз бойынша Елбасы тапсырмасымен тұрғындар үшін баспаналы болудың қолжетімділігі, әлжуаз топтарға көмек қолын созатын бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл тұста «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ  Алматы облысы бойынша филиалы  көмектесуге әзір.  Алматы облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен  Тұрғын үй жинақ банкі мамандары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз- конференциясын өткізді.

Басқосуда  Тұрғын үй жинақ банкінің Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев баспаналы болудың шарттарымен таныстырды.Қатысушылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

-Жалпы азаматтардың баспаналы болуының тиімді жолы қандай?

-Әрине, өз үйің — баспананың болуы  адамға  үлкен сенім сыйлайды. Жайлы, жылы, ең бастысы өз үйіңнің болуы – көп адамның арманы. Пәтерді бірден сатып алуға немесе қымбат ипотека ресімдеуге барлығымыздың бірдей мүмкіндігіміз бола бермейтіндіктен, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы жолда бірігуге шақырады: жарты соманы салымшы жинайды, қалған жартысын банк жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы жеңілдетілген несие түрінде береді.

-Қазіргі  таңда   тұрғын алуға деген азаматтар  қатары көбейді ме?

-Иә,  бүгінде облыс  бойынша 45  мыңнан астам  салымшымыз  бар. Өткен жылы  672 пәтерден тұратын  6 үй пайдалануға берілді. Оның  төртеуі  облыс орталығы-Талдықорғанда,  қалғаны-Іле мен Қаскелеңде.

-Үстіміздегі  жылы да  бұл жұмыс жалғасатын болар?

 —Әрине, «Нұрлы жер»  бағдарламасымен  коттеджді үйлер- таунхаус салудың пилоттық  жобасы қолға алынып, 48 үй салынуда. Сондай-ақ, жер теліміне  кезекке тұрған азаматтардың  тұрғын үймен қамтылуға  мүмкіндіктері  бар.  Ал  жалпы  пәтер құнының шаршы метрі   140  мыңды құрайды.  Тұрғын үй  құрылыс жинақ  банкі клиенті атанған соң сіз жаңа пәтер де, ескі пәтер де, жер үй немесе жер телімін де сатып ала аласыз.  Сондай-ақ , несие ресімдеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге де болады.

-Баспаналы болу үшін  қаржы жинақтау не үшін қажет?

-Бірінші кезекте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атану қажет. Сіз ақшаны 15 мың теңгеден бастап жинай аласыз. Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі келісімшартын күшіне енгізу үшін қажет сома. Ал депозит ашу үшін алынатын комиссия 2017 жылдың сәуір айынан бастап 0 теңгеге тең.  Сізден керегі тек біздің бөлімшеге келу немесе  банк кеңесшісін үйге не жұмыс орнына шақыру. Мұндай кеңесшілер кешкі сағат 9-ға  дейін, сондай-ақ демалыс күндері де шот ашып бере алады.

Баспана туралы арманға жақындата түсетін ең басты екі қасиет – шыдам мен тәртіп. Банк жүзеге асырып отырған Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің басты ережесі – ақша жинау. Салымшының міндеті – қажет соманың 50%-на тең қаражаттың басын құрауы керек. Мысалы, алатын  үйдің  құны  10 млн. теңге тұрса, сізге кем дегенде 3 жылдың ішінде 5 миллионнан аз емес сома жинау керек, сондай-ақ ең төменгі бағалау көрсеткішіне қол жеткізуге тиіссіз. Бұл көрсеткіш- салымшының қаржылық тәртібін білдіретін коэффициент. Оған жету үшін ай сайын тұрақты түрде ақша салып отыру жеткілікті болмақ.

-Депозиттік сыйақыға тоқталсаңыз?

-Әрине,  депозиттер бойынша банк 13,3%-ға дейінгі  ең жоғары тиімді мөлшерлеме ұсынады. Бұл жиналып жатқан ақшаға қосылатын 2% банк сыйақысы мен  20%-дық мемлекеттік сыйлықақының арқасында мүмкін болып отыр. Мемлекеттік сыйлықақы 200 айлық  есептік көрсеткіштен (481 000 теңге) аспайтын сома бойынша есептеледі. Осы жылғы ең жоғарғы  мемлекеттік  сыйлықақы  көлемі – 96 200 теңге (481 000 теңгенің  20%-ы). Шоттағы қаражаттың көлемі  200 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, мемлекеттік сыйлықақы берілмеген сома келесі жылы ескерілетін болады.

— Тұрғын үйді алу үшін бір жанұялы адамдардың  бірігіп қаржы жинау жағы қарастырылған ба?

— Депозитте ақша жинаудың тиімді тәсілі – «Отбасылық пакет».  Бұл жағдайда  екі, үш немесе одан көп отбасы мүшелері әр адамның атына шот ашып, оған қаражат салып отырады. Жыл соңында мемлекеттік сыйлықақы әр депозитке  бөлек- бөлек беріледі. Ал несие алар алдында сіз туыс адамдар арасындағы депозиттерді біріктіріп жіберіп, тиімді шарттармен заем ала аласыз.  Мәселен, отбасындағы 3 адамның ашылған шоты бар делік. Олардың бәрі үш жыл бойына депозитке  50 мың теңгеден салып тұрды. Сонда  осы жылдар аралығында ,  5400 000 мың қаржы жинақталды. Сыйлықақы да, мемлекеттік  сыйақы  бар. Сонда сіз алатын  үйдің  заемы 6 жылға  5 пайызға  берілсе, 50 мыңнан асатын  қаржы төлеп отырасыз.

 -Салымшыны несиелендіру жайында не айтар едіңіз?

-Банк салымшысы  барлық  талаптарды орындап,  үй бағасының  50%-на тең соманы (мысалы  5 млн. теңгені)  жинаған кезде, жетпейтін қаражатты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық мөлшерлемесі 3,5% — 5% аралығындағы несие түрінде береді.

Ақшаны кемі үш жыл жинау – 5 пайыздық несие алуға қажет басты талап.  Мүмкіндігі болып жатса, банк салымшысы  бұдан да ұзақ уақыт жинай  алады. Мысалы, 4 жыл салып отырса, кейін заем бойынша пайыздық мөлшерлеме  4,8%-ға  дейін төмендейді. Жинақ мерзімі өскен сайын,  бағалау көрсеткіші де арта береді, сәйкесінше несие пайызы да азаяды. Заем бойынша ең төменгі жылдық мөлшерлеме  3,5%-ға тең.

Ал жинақ мерзімі үш жылдан аз болса немесе банк салымшысы өз бетінше жинап, үй бағасының жартысына тең ақшаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозитіне бірден салып тастаса, сыйақы мөлшерлемесі жоғарырақ,  7,5- 8,5% аралығында болады. Мұндай мөлшерлеме шоттың ашылғанына  3 жыл толғанша қолданылады. Бұл – «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы туралы»  Заңның талабы.  Дәл осы себепті банк клиентіне шыдамдылық танытып, қаржылық тәртіпке жүгіну керек, сонда ол елдегі ең төмен пайызбен несие ала алады.

Қаржы бақылауын қолға алған салымшыларға  берілетін тағы бір артықшылық бар. Мұндай клиентке заем беру барысында банк оның табыс көлеміне баса мән бермейтін болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here