Александр Касачаев «Талдықорған бөрісі» атанды

0
174
Сухраб Якубовтың фотосы

Қала әкімінің жүлдесіне арналған «Талдықорған бөрісі-2018» турнирінде қазақ күресінен ҚР спорт шебері Александр Касачаев бас жүлдені ұтып алды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Спортшылар үшін бұл жарыстың маңызы өте зор болды. Сондықтан да балуандар сайыста барын салып, үздік нәтиже көрсетуге тырысып бақты. Мақсат – облыс көлемінде өтетін «Жетісу бөрісіне» жолдама алу. Алайда, бұл мүмкіндік атағынан ат үркетін облыс түгілі, республиканы мойындатқан А.Касачаевқа бұйырды. Ол жарыс алаңына шыққан барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, финалда Әлішер Әділбаймен кездесті. Күрестегі мол тәжірибесін еркін қолданған Александар бұл сында да жеңісті жұлып алды. Осылайша сары балуан «Талдықорған бөрісінің» жеңімпазы атанып отыр.

Ал, турнирдің үшінші орнын Шыңғыс Сайлаубай иеленді. Талдықорған Политехникалық колледжінің намысын қорғап келген балуан ақтық сында Ернар Абдрахманов пен шықты. Қарсыласынан айласын асыра білген Шыңғыс нәтижесінде үздік үштіктен көрінді.

Жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайтын биылғы турнирге 20 балуан қатысты. Бас жүлде 300 мың, екінші орын 200 мың және үздік үштіктен көрінген балуандар 100 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» Ерлан Тойбаев пен «Үздік әдіс көрсеткені үшін» Ернар Абдрахманов та ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Айдын Нұршановтың фотосы

Александр Касачаев «Талдықорған бөрісі» турнирінің жеңімпазы:

— Ұйымдастырушыларға және қала әкіміне көп рахмет, жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым да лайықты балуандар. Алайда, өзімнің көп жылдық тәжірбиемнің арқасында жеңіске жетіп отырмын деп ойлаймын. Енді алдағы уақытта болатын облыстық, республикалық сайыстарда бағымды сынап көргім келеді.

Айта кетейік, осы турнирде 1 орынға ие болған Александр Касачев және 2017 жылғы республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері Ұлан Рысқұл облыстық «Жетісу бөрісі» турнирінде Талдықорған қаласының намысын қорғайтын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here