Қос келіншек (поэма)

0
172

Ақын, жазушы, журналист, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Айдын КӘЛІМХАН қарымды қаламгерлігімен көпке таныс. Оның түрлі жанрда жазылған шығармалары үзбей жарық көріп, қалың  қауымның жоғары бағасына ие болып келеді. Бұл жолы автордың әлі де сиясы кебе қоймаған тың туындыларының бірі, Алакөл ауданының 90 жылдығына орай жазылған «Қос келіншек» атты поэмасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

 

Жер-жаһан жаралғалы күн көктегі,

Фәниге кімдер келіп, кім кетпеді?

Сан батып жарқыраған аспандағы ай,

Сан жұлдыз жымыңдаған сөнбеп пе еді?

 

Құйғытып, небір дүлдүл қара көкпен,

Балдәурен өтер бастан бала көктем.

Бұлқынған бұлаң дүние бұл тірліктен,

Хан да өткен, қараша да, дана да өткен.

 

Арманға алғы күнгі асық еткен,

Бақыты бірде алмасып қасіретпен.

Қазақтың  ұлан-ғайыр даласында,

Дариға-ай, талай-талай ғашық өткен.

Дереккөз

Ұлы жер оған куә, ұлы абыздар,

Өмір ғой, бірде шуақ, тұрады ызғар.

Көктұма маңындағы  «Қоскеліншек»

Моласы жайлы елде бір аңыз бар.

 

Алакөл маңы таудың сағасында,

Бұлқынып бұлақ аққан саласында.

Қонысбай, Шакаман деп аталатын,

Мола тұр екі сайдың арасында.

 

Шебердің қолы менен асқан ерек,

Күмбезі қаланыпты  тастан бөлек.

Кешегі тарихтан сыр шертеді,

Табиғат қойнауында жатқан дерек.

 

Мекендеп қызай елі заманында,

Жасапты Жетісудың алабында.

Бір байдың ауылында қос бойжеткен,

Тел өскен екен, сұлу, саналы да.

 

Өнерге жастайынан жаны жақын,

Бірі – әнші күміс көмей, бірі – ақын.

Шақырып күндік жолдан келеді екен,

Естіген қос арудың атақ-даңқын.

 

Арулар айдай толған шақтарында,

Құлпырып бой түзепті бақтарында.

«Бір жерге ұзатылсақ, өлсек бірге,

Болсақ» деп тілейді екен ақтарыла.

 

Бұл тілек қабыл болып Тәңірімнен,

Өтіпті жылдар жылжып сабырымен.

Ақыры сол екі қыз бір ауылға,

Келін боп түсіпті Алла әмірімен.

 

Қос құрбы жұптары бір жазылмапты,

Сайрандап өмір деген жасыл бақты.

Қыздарсыз өтпейді екен елдегі той,

Бір сәтке сауық сайран басылмапты.

 

Даланы көктемгі күн нұр етіпті,

Жаз шуақ жер әлемді түлетіпті.

Гүл тере шыққан бірде сол екі қыз,

Жаманты өзенінен ары өтіпті.

 

Бөктерде балаусалы ескен жұпар,

Жүріпті көп қызықтап кеткен жұпттар.

Бір сәтте нөсерлете жөнеліпті,

Булығып Алатаудан көшкен бұлттар.

 

Көрсетіп ашуын да, айбарын да,

Су жүріп ағыл-тегіл сайларында.

Екі қыз тағат таппай келе жатса,

Жатыпты өзен тасып қайтарында.

 

Мінгені сұлулардың күрең бесті,

Шапса жел, тұяқ іліп сүрінбесті.

Тебініп қос дүлдүлді салды суға,

Көрдік деп ажал келсе күлімдесті.

 

Долданып асау тасқын жатқаны анық,

Арнаға сыймай тасып қаһарланып.

Өзенге атпен қыздар түскен сәтте,

Сел жұлып әкетіпті қатар қағып.

 

Әп-сәтте  тұман торлап көңіл көгін,

Қара сел жаба берді өңір-өңін.

Атты да, аруды да бұрылтпастан,

Көкжалдай арпалысты өмір-өлім.

 

Қайран ел қапы қалып парасатты,

Шарқ ұрып жаға бойлап аласатты.

Үкілі бөрікпенен су бетінде,

Қос етек қөйлек қалқып бара жатты.

 

Осылай ақырғы дем үзіліпті,

Арулар мәңгілікке көз іліпті.

Зираты «Қоскеліншек» әлі күнге,

Дәріптеп тұрғандайын ізгілікті.

 

Бұл өмір солардан да қалған екен,

Қыздардың тірліктегі арманы екен.

Қаланған сол молаға қара шақпақ,

Селтінің қырлы-қырлы мәрмәрі екен.

 

Алқабын Алакөлдің араласаң,

Бай мұра кездеседі далада сан.

Дұға оқы, сол мазарға ат басын бұр,

Жол түсіп Көктұмаға бара қалсаң.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here