«Соқыр кеудеге сиқырлы сезім құятын, Өнердің қара шаңырағысың – Театр!»

0
287
Фото авторы Д. Ерофеев.

Театр – тәрбиенің бесігі. Театр – тектілікті сүйетін, «хас сұлудың көз жасындай мөлдіреген»  тылсым өнер. Театр — сахна шымылдығы ашылған сәттен бастап, тазалықтың тұңғиығына батыратын мәдени орын. Театр – саф өнердің қара шаңырағы. Театр – сіз бен біздің күнделікті өміріміздің айқын көрінісі.

Фото авторы Д.Ерофеев

Жыл сайын 27 наурызда барша сахнагерлер кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осы орайда өңіріміздегі Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры да төл мейрамдарын ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Өткен жылы облыс басшысы Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен «Көктем шуағы» деп аталатын мерекелік шара актерлар қауымының мерейін тасытқан болатын. Аталмыш үрдіс биылғы жылы да жалғасын тапты. «Көктем шуағы II» салтанатты  жиынына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық Мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов,  Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев арнайы келіп, сахна саңлақтарын құттықтады.  Бұл күні театрсүйер қауымды жаңа қойылымдармен қуантып, мәдениеттің  қазанында қайнаған өнер иелерінің ерен еңбектері елеусіз қалмады. Сахна майталмандарымен қатар өнер әлеміне жаңадан қадам басып, жауапкершілігі мол саланы таңдаған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жас түлек», «Айналайын» балалар үйінің жанынан құрылған «Пана», сонымен қатар Оқушылар сарайындағы «Жас актер» театр үйірмелері де марапатқа ие болды.

Фото авторы Д.Ерофеев

Сымбат Майкен, «Жас түлек» студенттер театрының актрисасы: Университетке ең алғаш келгенімде «Бұрымды қыз» байқауы өткен болатын. Сол байқауда «Еңлік-Кебек» қойылымында Еңліктің рөлін сомдап, бас жүлдеге ие болдым. Жетекшіміз Ғалия апай талантымды байқап, театрға шақырды. Осылайша  өнер әлемінде жүргеніме 4 жыл уақыт болыпты. Негізгі мамандығым – психолог. Оқуымды аяқтағаннан кейін осы сала бойынша білім алу жоспарымда бар.

Фото авторы Д.Ерофеев

 Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар: «Бүгінгі жаhандану заманында, кейбір ұлттық құндылықтар өзінің күшін жойып жатқан кезде, театр өнері әр адамның жүрегінде сақталып, кез келген мемлекетте мәдениеттің негізгі ошағы болып саналады. Бұның өзі театрдың қашанда өзектілігін аңғартады. Б.Римова атындағы драма театры облысымыздағы айрықша орны бар, өзіндік тарихы бар өнер ордасы. Сондықтан, бұл тек сіздердің  ғана емес, күллі  халықтың мерекесі деуге болады»-деп ізгі тілегін жеткізді.

Фото авторы Д.Ерофеев

Жиналған қауым назарына  ұжымның бір жылда қол жеткізген толағай табыстары  мен жаңалықтары,  жаңа қойылымдары туралы «Өнегелі өнер ордасы» атты деректі фильм ұсынылды. Жетісудың орталығында орналасқан қара шаңырақ түрлі фестивальдерге қатысып, халыққа рухани байлық сыйлау мақсатымен жыл сайын шалғай орналасқан ауыл-аймақты аралайды. Желтоқсан айында кіші гастрольдік сапармен  Алатау бөктеріне барып,  алматылықтарға арнап Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арнайы қойылған Е.Төлеубайдың «Алаштың Әлиханы» тарихи драмасын қойды.  Басты рөлді сомдаған  Кендебай Темірбайұлы жайында  «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдәқызы  «Әлихандай біртуар ұлы тұлғаның тура өзін көргендей болдық. Құдайдың құдіреті шығар, Әлихан бейнесін әртіс «ойнады» дегің келмейді. Керісінше, өзі тіріліп келіп, тірлігімізді көріп, есімізді бір жинатып кеткендей әсер қалдырды. Яғни, көрерменнің көзі ашылып, көкірегі көтеріліп қалды. Актер шеберлігі деп осыны айт! Қай көзбен қарасаң да, иненің жасуындай жасықтық таппайсың»,-деп лебізін білдірген еді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін, талғамы жоғары көрерменін жаңа туындылармен қуанта білетін театрдың жағымды жаңалықтары да жоқ емес. Атап айтар болсақ, мамыр айының 15-24 аралығында Татарстанның Буа қаласында өтетін «Буа: Диалог кеңістігі» атты II Халықаралық театр фестиваліне шақырту алды. Шығармашылық құрам  «Осынау оқиға біз  үшін жаңа шығармашылық шабыт тудырған,  қуанышты жаңалық болып отыр»-дейді.

Фото авторы Д.Ерофеев

Жалпы, мерекелік шараның театрландырылған бөлімі екі кезеңді қамтыды. Бірі «Космос құтқарушылары» ертегісімен байланысты болса,  екіншісі қазақи нақышта. Әртістер бірқатар ұлттық әндерімізді шырқап, «Қара жорға» биін биледі. Ал, «Ғарыш өкілдері» «Өнердің шамшырағын» алып келіп, актерлар қауымына «Өнердің шырағы әрқашан лаулап, жана берсін»- деп сыйға тартты.

Біржан Шошабаев, Алматы облысы әкімінің Алғыс хат иегері: Жылына бір келетін аталмыш күнді  асыға күтеміз және қызу дайындаламыз. Барша әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын. Кәсіби мейрам аясында марапатқа ие болдым. Мұндай марапаттар өнер иелеріне күш-жігер береді деп ойлаймын. Өте қуаныштымын!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here