Қоғам өзінің даму жолымен жүргені абзал — М.Жолдасбеков

0
210

Ол – баланың конституциясы

…Сосын мектептерде әркім оқулық жаз­ғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол – баланың конституциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оның іші бірыңғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.

Шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын

Меніңше, Астана қаласында барлық жағ­дайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соң даналыққа үйрететін Абайдың дана­лық мектебі керек. Бұл біздің балалары­мыздың болашағы үшін қажет.

Біздің айызымызды қандырған, көкейі­мізден шыққан, іздегенімізді тауып берген Елбасымыздың «Бола­шаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселе бір күнде туған жоқ. Бұл көп уақыттан бері елдің көкейінде жүрген, жұрт­тың көкейін тескен, күндіз өңінен, түнде түсінен кетпеген сондай тағдырлы қазақ халқының тағдырына қатысты терең ойлар еді. Бұл мақаланы жазу­ға Елбасы­ның өзі бірден келе қойған жоқ. Керек бола­тын болса, біздің ұлт рухани жаңғы­руды тәуел­сіздік алған кезден бастады. Мен мұны сол кезден басталған тәжіри­бенің қорытындысы деп есептеймін. Біз мұны бұған дейін айтып та, жазып та жүр­дік. Біз мұны кез-келген қазақ интелли­генция­сының арманы десек болады.

Анау бір жылы Елбасы қасиетті Ұлытаудың етегінде, Әулие бұлақтың басында отырып терең тебіреніп, халықпен сырласты. Сол сұхбатында көптеген ойлар айтты. Сонда қазақ­тың қасиетті жерлері туралы, қазақ­тың ешкімнен ұялмайтын тамыры терең тарихы бар екені жайында, ол тарих үнемі тұтастану, бірігу тарихы екені жайында керемет айтты. Сол тұста  көрші елдің бір басшысы қазақ­тың тарихы жоқ деген әңгіме айтқан еді. Соған бұл қарсы айтыл­ған керемет пікір есебінде болды. Қазақтың өз тарихы бар, Қазақ хандығына 550 жыл болды деп, жұрт күтпеген жерден жарқ еткізіп батылдық танытты. Бұл қасиетті Әулие бұлақтың басында айтылып еді. Содан бері Елбасы үнемі тебіренумен келеді. Менің жадымда,  тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Ұлы дала ұлағаттары» дейтін керемет бір кітап жазды. Онда қазақ тарихы, қазақтың тағдыры, өткені, бүгіні жайлы айтып, ертеңі жайлы керемет толғанады, ғажап тебіренеді. Мен ол туралы «Егемен Қазақ­стан» газетіне үлкен мақала бергенмін. «Ол еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында, биік кеңселерде жатпай тұрмай кітап оқитын. Мұнда қазақтың тарихы бар, Елбасының тебіреністері бар» деп жазып едім. Мен кейде інілерімнен сұрастырам «Сендер осы кітапты білесіңдер ме?» деп. Бірақ бір өкініші, билікте жүрген азаматтардың көбісі мұны әлі оқыған жоқ.

Одан кейін Елбасы тәуелсіздігі­міздің шежіресі сияқты, тәуелсіздігі­міздің энциклопедиясы іспетті «Тәуелсіздік дәуірі» дейтін ғажап кітапты жазды. Бәріміз бұрын тарих туралы жазылған кітаптарды оқыдық қой. Ол кітаптарда бір алыс тарих көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына «Тәуелсіздік дәуірінің» ішінде біздің өзіміз жүрміз. Оқиғалардың ішінде де өзіміз жүрміз. Өйткені, бұл тәуелсіздіктің алды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туралы болды. Ондағы басымыздан кешкен қиын­дық­тар, кешегі қаңырап қалған аты бар, заты жоқ Қазақ КСР дейтін, Қа­зақ­стан кеңестік социалистік респуб­ликасы дейтін республиканың басы­нан кешкен ахуалдары туралы айтыл­ды. Зауыттар қирады, совхоздар, колхоздар тарады, елдің бала тәрбие­лейтін аналары ала қапшық арқалап базарға кетті, мектептерде жақсы сабақ беріп жүрген мұғалімдердің бәрі қап арқалап базарға кетті. Мұндай сұмдық­тарды басымыздан кештік, соның бел ортасында жүрдік. Соның бәрі аталған кітапта жазылған. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласы сол кітаптардан, Әулие ата басында берілген сұхбаттан шыққан үлкен қорытынды.

Бұл мақалада айтылған мәселе­лерді жүзеге асыруға мемлекетіміз құлшына кірісті. Оны атқару, орын­дату мақсатында Елбасы Ұлттық комиссия құрды. Оның төрағасы — қазіргі Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков. Мен сол Ұлттық комиссияның мүше­­сімін. Қазір көптеген облыс­тарда, орталықтарда, кейбір оқу орындарында Рухани жаңғыру орта­лықтары құрыла бастады. Оны біз естіп, біліп отырмыз. Осы «Рухани жаңғырудың» мақсаты неде? Елбасы нені мақсат етіп отыр? Бұл жерде жаһандану заманында тілімізді, ұлтымызды, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды сақтап, өркениетті елдердің көшіне ілесіп, солармен бірге болуды мақсат етіп отыр ғой. Біз қайтсек Қазақ елі болып сақта­лып қаламыз, қайтсек көштен қал­май­мыз? «Қазақстан-2050» Стра­тегия­­лық бағдарламасында да Елбасы көптеген мәселелерді анық етіп қойған болатын. Сондағы стратегия­ның мақсаты — озық 30 елдің қатарына қосылу. Оның ішінде, 2025 жылға қарай Қазақстан мемлекеті үлкен, кішісі бар түгел мемлекеттік тілде сөйлейді деді. Бұл — бір. Екінші – латын әліпбиіне көшеміз, ал үшінші — Қазақстан Қазақ елі деп аталады деп жазды. Міне, осының бәрі түптеп келгенде, Қазақстанды табан астынан болып жатқан өзге­рістер заманында көштен қалдыр­маудың амалы деп есептеймін.

«Рухани жаңғыру» мақаласында көпте­ген мәселелерге мән берілген. Бұл мәселенің негізгі бірі сол – латын әліпбиіне көшу. Алдымен бұл Парламентте бекітілді. Меніңше, шамалы асығыстау болды. Жұрт жаппай талқылады. Сөйтіп, өткен жылы 29 қазанда Елбасы жұрттың пікірін ескеріп, оның жаңа нұсқасын бекітті. Ол да аз болды. Оған елдің бәрі араласып, неше түрлі пікір айтты, кеңінен талқыланды. Содан Елбасы өзгерістер енгізілген нұсқасын қайта жариялады. Сөйтіп, осы қазіргі нұсқаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Үкіметіне тапсырды. Бұған орай Ұлттық комиссия құрылды. Оны Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарды. Латын әліпбиіне көшіруді жүзеге асыратын топтар  құрылды. Ол топта қазірде руханият саласында қызмет етіп жүрген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлы, Ақпарат және коммуни­кация министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев бар. Бүгінде осы үш министр 4 топқа бөлініп, соған басшылық жасайды. Менің ойым, бұл өте жақсы нәрсе. Біздің көкейімізде жүрді. Бірақ ол кез-келгеннің қол жаулығына айналмаса екен.

Латын әліпбиіне көшу бір көшеден екінші көшеге көше салу емес. Ол үлкен тағдырлы мәселе, тағдырлы көшу. Біз бұрын латын әліппесінде болғанбыз. Бір қинал­майтын жеріміз де сол, біз — қазақ мұны бастан кешіргенбіз, біз мұны бұрын пайдаланғанбыз. Бір жағынан, біздің балалардың барлығы дерлік бүгінде шет тілін біледі. Сондықтан оларға қиындық тудырмайды. Тек әркім жұлмалап, көкпар қылмаса екен деп ойлаймын. Біз қазақ ақкө­ңілміз. Кейде ақкөңілділік ақымақ­тыққа бастайды. Әркім орнында отырып алып, аузына келгенді айтып жатады.  Мен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универси­тетінің Қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген адаммын. Мен сол кездің өзінде айттым, бұл латын әліппе­сімен мамандар айналысу керек, жан-жақтан тартқыламауы­мыз қажет. Өйткені, тілдің өзінің заңдылықтары бар. Оған сол заңды­лықтарды білетін адамдар араласқа­ны жөн. Бірақ соңғы нұсқа сабасына түскен, десе де әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар нұсқа болды. Мен сол латын әліпбиіне көшетін көшіміз көрікті болсын деп тілеймін. Дейтұрғанмен, бәрібір осы бір тұстарда Ахмет Байтұрсынов сияқты халық­тың рухани көсемі болған ағалары­мыздың  жоқ екенін біз сезіп қалдық. Десе де, «Ел іші – кен іші» дейді ғой, абзал азаматтардың арқасында әліпби дұрыс жобаға түсті.

Одан кейінгі үлкен мәселе — мектеп, білім, ғылым саласы ақылға сыймайтын сұмдық, шексіз рефор­малардың ішіне кіріп кетті. Сол менің ойымнан кетпейді.  Бұл былықтан ел қашан шығады? Бұл ретте балалар былай тұрсын, үлкен­дердің өзіне обал болып жатыр. Жоғары мектептің саласындағы реформалардың өзі де адамның қия­лына сәйкес келе бермейді. Сосын мектептерде әркім оқулық жазғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол – баланың консти­туциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оның іші бірыңғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.

Осы кемшіліктің орнын толтыру мақса­тында Елбасы жаңа гуманитар­лық білім туралы ерекше айтады. Соның нәтижесінде әлемдегі озық елдердің, әбден сыннан өткен, сын­ған, балаға мүлтіксіз білім беретін 100 оқулықты аудару мәселесін қойды. Бүгінде арнайы топ құрылып, гуманитарлық салада, шүкір, 17 оқулық аударылып бітті. Осы мәселе қозғалғанда, аударма бюросы құрылады дегенде, алға­шында қалай болады екен, әркімнің қолында кетіп, сапасыз болып қала ма деп те ойлап едім. Жоқ, бұл мәселе байыпты қолға алынып, байсалды істер атқарылуда.

Бүгіннің өзінде 17 оқулық бітті. Мен осы «Жаңа таңдаулы 100 оқулық» деп аталатын үлкен жобаның редакциялық коллегиясының мүшесімін. Бұл оқулықтарды біз қолымыздан өткізіп, көзімізбен көріп отырмыз. Осы 100 оқулық­тың арқасында біздің балалар гуманитарлық сала бойынша жақсы білім алады деп ойлаймын.  

Сондай-ақ, Елбасы жастардың рухын, беделін көтеру үшін «Жүз жаңа есім» деген жобаны енгізді. Бұл ел ішінде үлкен қозға­лыс болды, тебіреніс болды. Елбасы жұрт таңда­ған сол «100 есімді» жиып алып, солардың  әрқайсысын тыңдаған кезде талантты балаларды көріп, «қазақ тегінен шешен, көсем халық еді, тектіден тексіз тумайды екен ғой, біздің асылдарымыз бар екен ғой» деп, көзімнен жас шықты, шынында да. Бұл жоба кейін де қайтала­нып тұрады деп ойлаймын. Қазір газеттерде, телеарналарда сол 100 есімге кірген жастарымыз туралы жақсы хабарлар беріліп жатыр. Бұл — үлкен қуаныш. Өйткені, олар біздің келешегіміз.

Елбасы мақаласында туған жер жайлы ойды ортаға салады. Ол жерде қасиетті, киелі жерлер туралы айтады. Әулие бұлақ­тың басындағы сұхбатында «Ұлытаудың етегінде отырмын, Әулие бұлақтың басында отырмын. Бұл — қасиетті жер. Ал қазақта осындай қасиетті жерлер өте көп», —  деп бірқатарын санап айтып еді. Қазір арнайы қор құрылып, Мәдениет министрлігінің тарапынан біршама істер атқарылып, шүкір, ретке келіп қалды.  Біздің қазақ жерінде қасиетті мекендер өте көп. Оларды бір кездері басқа діни ағым деп, адам аяғын бастырмай, қаңыра­тып қойды. Біле білсек, ондай қасиет­ті жерлерге барып жұрт бұрыс ойдан, басқа пиғылдан арылып отырған.

Біз мектепте жүрген кезде Бангладештің географиясын оқыдық, өзіміздің кіндік қанымыз тамған, туған жеріміздің геогра­фиясын оқытпады. Ол сол кезде жұрттың санасымен тең нәрсе еді. Қазақ бекер айтпаған, «Туған жерге туыңды тік» деп. Байыған жігіттер, қалталы азаматтардың өзі бәрін басқа жақтан дорбалап әкелген жоқ. Сондықтан бәріміз бірігіп ауылға, туған өлкеге көңіл бөлуіміз керек. Мемлекетпен тізе қоса отырып, туған жерді түлетуіміз қажет.

Елбасы мақаласында айтылған тағы бір үлкен дүние – Қазақ мәдениеті және оның әлемдегі орны, қазақ мәдениетін әлемге таныту мәселесі.  Бұл да бір көпке ой сала­тын, көкейімізге қонатын мәселе еді. Бұл мәселені көтермес бұрын Елбасы көп шаруа тындырды. Мәселен, бәрімізге белгілі Астана Опера, Астана балет театры, Астана ұлттық балет академиясы құрыл­ды. Бұл ұлттық өнерді әлемге насихат­таудың әдемі бір жолдары деп есептеймін. Соның бір дәлелі – біздің Астана балет театры АҚШ сахнасында өнер көрсетіп, әлемді таңқалдырып келді.

Елбасы қазақ мәдениетін күн тәртібіне қоюда қазақтың дәстүрлі өнерін ескеріп отыр. Дәстүрлі өнерді дәріптеп, оны асқақтатып келе жатқан – халық.

Қазақ өнерінің екі қос қанаты бар. Оның бірі – қобыз, бірі – домбыра. Бұл екеуі біздің өнеріміздің қос қарлығашы. Екеуі де қазақ жерінен шыққан. Бір өкініштісі, кейбір ұлттық өнерге мән бермейтін, өнердің бағасын білмейтін, қасиетін түсінбейтін адамдардың арқасында біздің осы қос құндылығымыз жер бауырлап кетті. Бұл өте өкінішті.

Өткенде жазған бір мақаламда қазағымызбен бірге жасап келе жатқан осы қос киелі аспаптың киесіне ұшырап қалып жүрмейік дедім. Менің ұсынысым бойын­ша, «Қазақстан» телеарнасы «Мен қазақ­пын» деген жобаны жүзеге асыра бастады. Сол жобаға мен қазақ өнері үшін, дәстүрлі өнер үшін уақытымды қиып, шаршасам да бастан-аяқ қатыстым. Жаман болған жоқ. Бұйыртса, бұл жоба дәстүрге айналғалы тұр.

Елбасымыз да дәстүрлі өнер жайлы үнемі айтып жүр. Қыздардың шашын жалбыратып жайып жүргені дұрыс емес. Телеарналарда не сөзінде, не әнінде мән-мағына жоқ әндер, орындаушылар шұбы­рып жүр. Жұлдыздар қаптап кетті. Бүгінде аспанда жұлдыз қалмады. Бәрі біздің Қазақстанның телеарналарына түсіп кетті. Қайдан шығып жатқан жұлдыздар екеніне қайран қаласың. Кейде біз — аға буын уайымға салынамыз, біздің өнер өз ырғағы­нан айырыла бастады ма деп. Оған жол бермеуіміз керек деп есептеймін. Сосын байқап отырсыздар, біздің сахнамызды, телеэкрандарымызды арзан күлкі жаулап бара жатыр. Оған да тосқауыл қоюымыз қажет.

Елбасы көтерген мәселенің тағы бірі – ұлттық код. Ұлттық код деге­німіз не? Ол біздің ұлттық болмы­сымыз, ұлттық жараты­лысымыз, ұлттық табиғатымыз, ұлттық сана­мыз, ұлттық мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық тарихымыз. Елба­сы­мыз алда келе жатқан ғарыш­тағы заманға біз осы қасиеттерімізді сақтап, көштен қалмай, жаңалық­тарды бойымызға сіңіріп барып жетуіміз керек деп отыр.

Мен жаңалыққа қарсы емеспін. Деген­мен, ғаламтор, коммуникация адамның   өмір сүру ортасы ғана емес, оның дағды­ларын да, мәде­ниетін де, таным-түйсігін де өзгертіп бара жатқандай. Оның саясатқа да, күнкөріске де, санаға да ықпалы күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Байқап отырсақ, бүкіл әлемде ешқандай партияға қосылмайтын, ешбір идеологияны қолда­май­тын, ұлт алдындағы міндетін де мойын­дамайтын, тек дүниені ғана көздейтін осындай ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз, өзінің тарихын білме­ген, ата-тегін білмеген, әдет-ғұрпын білмейтін ұрпақ қалыптастып келе жатыр деген сөз. Ал билік сондай ұрпаққа берілсе, келешегіміз не болады? Бұл мәселеге үлкен мән беру керек.

Балалар бүгінде компьютерден көз алмайды. Көзден айырылып қала ма деп қорқам. Бір-бірімен сөйле­суден қалды. Шешен тілінен айыры­лып қала ма деп қорқам. Қазақ халқы дүние жүзіндегі ең көсем, ең шешен халық. Бұл туралы мен үнемі айтып жүремін. Ұлттық құндылық­тарды барынша сақтап қалуымыз қажет. Меніңше, Астана қаласында барлық жағдайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соң даналыққа үйрететін Абайдың дана­лық мектебі керек. Бұл біздің балалары­мыздың болашағы үшін қажет.

Тағы қайталап айтайын, мен жаңалық­қа қарсы емеспін, бірақ ол қоғамды жолынан тайдырып жібер­меуі керек. Адам адами қасиетін, болмысын сақтап, қоғамның қалып­тасқан эволюциялық даму жолымен жүріп отырғаны абзал.

Материал almaty-akshamy.kz сайтынан алынды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here